«Ақмола» индустриалық аймағының мәселелері талқыланды

Жуырда ауданда аудан әкімінің міндетін атқарушы Ержан Жолымбетовтың жетекшілігімен индустриалық аймақ құрылысы бойынша кеңес өткізілді. Онда осы бағыттағы жобаларды әзірлеуді аяқтау, конкурстық рәсімдерді өткізу және басқа да мәселелер талқыланды.

Ақмола облысы әкімінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы өкімімен республикалық маңызы бар «Ақмола» индустриалық аймағы құрылған болатын. Бұл индустриалық аймақтың аумағы 490 гектарды құрайды. Болашақта оны 1000 гектарға дейін кеңейтіп, қажетті инфрақұрылым нысандарын салу мәселелері пысықталуда. Орналасу жоспарын әзірлеу үшін жобалау ұйымы болып «Қолдау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі анықталған. Барлық органдардың мақұлдауымен жоспарды тиянақтауды осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Өз кезегінде аудан әкімдігі келісім алу үшін салалық ведомстволарға тиісті хаттар жолдаған. Мысалға, республикалық бюджеттен мұндағы нысандарды қаржыландыру үшін 2026-2028 жылдарға 25 миллиард теңге бөлу жоспарлануда. Оның ішінде 2026 жылға 10 миллиард, 2027 жылға тағы сонша, ал, 2028 жылға 5 миллиард теңге қарастырылған. Айта кетейік, бұл жобалар Астана аумағын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді агломерациялар жоспарында да қамтылған.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар