Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында атом электр станциясының құрылысын қолдау жөніндегі облыстық халықтық штаб мүшелерінің бизнес субъектілері, ӨКП ұжымымен кездесуі өтті. Кездесу барысында Қазақстанда атом электр станциясының құрылысы бойынша референдум өткізуге қатысты мәселелер талқыланды. «Аманат» партиясы облыстық филиалының басшысы Берген Беспалинов атап өткеніндей, еліміздің энергетика саласында электр энергиясының тапшылығына байланысты елеулі проблемалар бар.
Соның салдары тариф белгілеуге әсер етеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда электр энергиясын өндіру шамамен 112,8 миллиард кВт сағатты құрайды, бұл ретте, оны тұтыну деңгейі тұрақты өсуде. Қазір электр қуатының тапшылығы тәулігіне 1 ГВт-дан асады, болжам бойынша 2035 жылға қарай энергия тұтыну 25-30 пайызға өседі. Спикердің пікірінше, атом станциясының құрылысы энергия теңгерімін қамтамасыз етеді, көптеген мәселені, соның ішінде экологиялық проблемаларды шешуге мүмкіндік береді.
Облыстың бас экологы, «ЭКО-DUMP» ЖШС директоры Мариям Әбішева қазіргі жағдайда атом станцияларын салудың артықшылықтары, олардың қауіпсіздігі туралы айтып берді.
–Ұлттық ядролық орталық», «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Энергетика министрлігінің деректерін зерделей отырып, атом электр станцияларын салу пайдасына бірнеше айрықша дәлелдерді атап өтуге болады. Бірінші кезекте 2035 жылға қарай электр энергиясының тапшылығын жабу, көмірді пайдаланудан атмосфераға қауіпті заттар шығарындыларының азаюы, сондай-ақ, энергия ағындарының тұрақтылығы мүмкін болады. Мемлекеттің экологиялық тұрақтылығы мен энергетикалық тұрақтылығы бұл ретте, негізгі аргументтер, – деп атап өтті Мариям Әбішева.
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың (WNA) мәліметтері бойынша әлемде 31 елде орналасқан 439 белсенді атом реакторы бар. Олардың көпшілігі АҚШ, Қытай, Францияда. Қазір 64 ядролық реактор салынуда, бір Қытайдың өзінде 30 энергоблок бар. Үндістан атом электр станциясының құрылысы бойынша екінші орында тұр, онда 7 блок жұмыс істейді. Ресей, Түркия және Мысырда төрт атом электр станциясы салынуда. Атом электр станциясын салу туралы шешімді Өзбекстан да қабылдады.
Атом электр станциясын салу мәселесі еліміз өз тәуелсіздігін алғалы талқыланып келе жатқан дүние. Қазақстанның оңтүстігіндегі кәсіпорындар Кеңес Одағынан бері қарай энергия тапшылығына ұшырап келе жатыр. Референдум жақындаған сайын АЭС салуға қатысты пікірталас қыза түскендей. Көпшілікті толғандыратыны кадр мәселесі. Мамандар бұған алаңдауға негіз жоқ дейді. Өйткені, Қазақстан бұл саланы бұрыннан меңгерген.
–Әрине, атом электр станциясының құрылысы біздің еліміз үшін үлкен стратегиялық маңызға ие болып отыр. Энергия тапшылығын төмендету, экологиялық мәселелерді шешуден басқа, бұл тұтастай алғанда, экономикаға мультипликативті әсер етеді, оның драйвері болады. Тариф белгілеу мәселелері де шешіледі деп күтілуде, бұл бизнес субъектілері үшін маңызды, – деп атап өтті өз сөзінде Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.