Тіл үйренгісі келетіндердің қатары көбейіп келеді

Таяуда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Ақмола облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен тіл тақырыбына арналған облыстық семинар болып өтті.

Аталмыш іс-шараға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ, білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті мен Ақмола облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен үздік оқыту әдістемелері жинақталған көрме де көпшілік назарына ұсынылды.

Рас, жасырары жоқ, елімізде қазақ тіліне арналған қаншама жиын өткізсеңіз де артықтық епейді. Әсіресе, мұндай тағылымы мол жиынға алдымен тіл мамандары қатысса, тіптен құба-құп. Бәрімізге белгілі білім кені – мектепте. Бұл семинарға облысымыздағы білім мекемелерінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің 150-ге жуық мұғалімдері мен университет оқытушылары қатысып, жасөркен балалардың қазақ тіліне деген қызығушылықтарын қайтсек арттырсақ деген сұраққа жауап іздеп, оқытудың оңтайлы әдіс-тәсілдерімен бөліскендігі қуантты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жиынның басты міндеті де осы. Яки, қазақ тілі бағыты бойынша ғылыми және әдістемелік мәселелерді талқылау, практикалық құралдарды қолдану, қазақ тіліндегі оқушылардың оқу сауаттылығы мен академиялық жазу мәдениетін дамыту, олардың кәсіби дағдыларын жетілдіре отырып, шығармашыл, үздік мұғалімдерді анықтап, оларға қолдау көрсету болып табылады.

Облыстық семинар жиынды Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Қасиет Кәкенұлы сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Алдымен, ордалы оқу орнының әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ардақ Қапышев сөз сөйлеп, Ш.Уәлиханов университетінің ректоры Марат Сырлыбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Бұдан кейін мінбеге облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Кәрімова көтеріліп, жиналған қауымға жылы лебізін білдіре келіп, облысымызда тіл саясатын жүргізу мәселесіне тоқталып өтті.

– Тіл – ұлтымыздың ұлы қазынасы, халқымыздың рухани қуатының негізі. Биыл Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады, – деп атап өтті. Шын мәнінде мемлекеттік тілдің қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы Қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілгені бәріңізге мәлім.Бүгінгі шара аталған Тұжырымдама іс-қимыл жоспарының «Тіл үйрету әдістемесін жетілдіруге» арналған үшінші бағытын жүзеге асыру мақсатында өткізіліп отыр, – деп атап өтті Гүлмира Тоқтарқызы.

Ол өз баяндамасында Ақмола облысында қазақ тілін дамытуға бағытталған көптеген ауқымды шаралар ұйымдастырылып жатқанын баса айтты.

Атап айтсақ,мамыр айындаАқмола облысы қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімдерінің Тіл форумы өткізілсе, маусым айында «Тілдік ортаға негізделген тіл саясатын жүргізу мәселелері» тақырыбында республикалық семинар болып өтті. Биылғы тіл мерекесі онкүндігі аясында облыс бойынша 2000-нан астам шара өткізілген екен. Сонымен қатар, біздің өңірдегі тілдерді оқыту орталығының оқытушылары соңғы үш жылда Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық байқаудан жеңімпаз атанып жүргендігін де мақтанышпен атап өткендігіміз дұрыс. – Тіл негізі – білім саласында екені даусыз. Осы бағытта биылғы жылы мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде тәрбиеленетін бүлдіршіндердің саны 70 пайызғаартқаны көңіл қуантады. Ақмола облысы бойынша 146 мектеп қазақ тілінде оқытады. Онда 33 330 оқушы мемлекеттік тілде білім алуда. Сондай-ақ, биыл бірінші сыныпқа қабылданған балалардың 52 пайызы қазақ тілінде білім алып жатыр. Ал, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі қазақ тілді 280 балабақшада15 869 бүлдіршін тәрбиеленуде. Бұл қазақ тілінің қолданыс қызметін арттыру жолындағы кешенді шаралардың нәтижесі деуімізге болады, – деді басқарма басшысының орынбасары. Семинарда «Қазақ тілін оқытудың қатысымдық әдістемесі» тақырыбында  Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің лекторы, педагогика ғылымдарының магистрі Айнаш Құрманқызы баяндама жасады.  Ғалым өз баяндамасында қазақ тілін үйретудің әдіс-тәсілдеріне тоқталып өтіп, олардың тиімді әрі тиімсіз тұстарын жіктеп берді. Қазірдің өзінде қазақ тілін оқытудың 325 әдіс-тәсілі қолданып келе жатқандығын баса айтып, оларды іріктеу қажет екендігіне де тоқталды. Осы орайда жиын модераторы Қасиет Кәкенұлы ұлағатты ұстаз Таңсық Жұрынқызының әдістемесін еске алып, жүрегі шәкірт деп соққан ұлағатты ұстаздың тәлімін ортаға салып, өзі өмірден өтсе де, айтқан нақылы мен ақылы күні бүгінге дейін өзінен тәлім алған шәкірттерінің көңіл төрінде екендігіне тоқталып өтті. Қасиет Кәкенұлы Таңсық Жұрынқызы өз сөзінде әр мұғалімнің сабақ беру әдісі аудиторияға негізделуі керек деген ұстанымда болғандығын жиналған қауымға жеткізе отырып, осы тәсілдің де оңтайлы екендігін тағы бір еске салды. Семинар барысында қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімдері кезек-кезек сөз алып, өз тәжірибелерін ортаға салды. Солардың арасында «Өзге тілді аудиторияда қазақ тілін оқытудағы кейбір мәселелер» тақырыбында баяндама жасаған Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің лекторы, филология ғылымдарының магистрі Аягөз Оразбекқызы, «Қазақ тілі сабақтарында цифрлық технологияларды қолданудың тиімділігі туралы» баяндаған Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі филология бөлімінің меңгерушісі, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, филология магистрі Арайлым Қайыргелдіқызы, «Оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын қолдана отырып, жеке тұлғаның дамуына жағдай туғызу» тақырыбында сөз қозғаған Целиноград ауданы Софиевка ауылы жалпы орта білім беретін мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Төнкер Айгүл бар. Семинар соңында тіл саясатын дамытуда айтулы үлес қосып жүрген әртүрлі сала қызметкерлері марапатталды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар