Қазіргі таңда адамдар әсіресе, жастар газет-журнал мен теледидардан гөрі әлеуметтік сайттарға жүгінеді. Әрине, сайттар арқылы сіз ақпаратты тез оқып, біле аласыз. Бірақ, мұның кері жағы да барын ұмытпағайсыз. 8 миллиард адам бар ғаламда сайттардың санында шек жоқ екені даусыз. Соның ішінде сапасы нашар әрі халықты бұрыс жолға бастап, дүрбелең тудыратын сайттар да жоқ емес. Бұндай сайттар адамның санасын улап, өскелең ұрпақты адастыратыны анық. Қазіргі жас ұрпақ телефоннан бас алмайтын уақытта бұл өте қауіпті. Балаларды телефон тәрбиелеп жатқаны да өтірік емес. Бұл жайт үшін оларды кінәлай алмаймыз. Бірақ, әр баланың телефоннан алатын бағыты басқа. Біреуі жақсы дүние көріп, санасына тоқыса, біреуі мүлдем жат бағыттың оқырманы. Бұндай адасушылықтың түбіұлттың тоқырауына әкеліп соғуы мүмкін. Ұрпақтың адасқаны – тұтастай ұлттың адасқаны.
Қазіргі таңда сайттарда сарасөздің қадірін білер біліктілерден гөрі аузына келген сөзді айта салатындар көбейді. Өкінішті-ақ. Бұндай сайттар тек Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде таралуда. Сол себепті, ақпараттың анық-қанығын біліп, көз жеткізу үшін мерзімдік басылымдар мен теледидар алдына жүгіну дұрысырақ. Нақты әрі дұрыс ақпаратты жеткізетін газеттер мен телеарналар қоғамға ауадай қажет. Олардың тек қажетті, шынайы ақпаратпен ғана бөлісетінікөпке мәлім.
Дәл осы бағытта журналистика мамандарының еңбегі орасан зор. Халық алдында ақпарат тарату, оның ауырлығы мен жауапкершілігін тек осы саланың адамдары ғана түсінеді. Журналист мамандарсыз халық жаңалықтан ғана емес, дамудан да кенже қалады. Тек олар ғана емес, күллі бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлері, бәрі-бәрі қоғамға қажет. Өйткені бұлар өз ісінің шеберлері, ақпаратты сараптай да, сұрыптай алатын кәсіби мамандар. Ал, мұндай мамандарсыз мемлекеттің өркендеуі мүмкін емес. Себебі, адамзат жаңалықсыз, елдегі, аймақтағы болып жатқан жайттардан хабарсыз күйде өмір сүре алмайды.
Сондықтан, сарапталған, шынайы ақпаратты оқып, білу және естіп, көру кез-келген мемлекет халқының ауызбірлігі мен татулығын сақтауға да септігі мол. Сондықтан, жас болсам да, өз басым мұндайда көбіне газеттерді жаздырып алып, оқып, теледидардың жаңалықтарына ден қойған дұрыс қой деп ойлаймын!
Ербол ЖҰЛДЫЗ,
Жалғызқұдық ауылының жалпы орта білім беретін
мектебінің 9 сынып оқушысы.
Целиноград ауданы.