Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының алаңында өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің мүшелері кеңестің жаңа құрамы бойынша алдағы сайлауға дайындық барысын талқылады.
Екі аптадан кейін Ақмола облысында Өңірлік кәсіпкерлер кеңесіне сайлау басталады. Бұл жауапты іс-шара болғандықтан, сайлауды өткізу ережелеріне өзгерістер енгізілді. Кеңеске үміткерлер салалық және аудандық кеңестердің мүшелері мен бірінші басшылары немесе өңірлік кәсіпкерлер палатасында аккредиттелген қауымдастық өкілдері арасынан сайланады. Сайлау тікелей өткізіліп, сайлау пулы дауыс береді.
–Біз бұл шараны асыға күтудеміз. Сайлау барысының өзі қызықты. «Атамекеннің» өңірдің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатыса отырып, бизнес қоғамдастықтың жұмысын одан да тиімді ұйымдастыра алатынын байқауға болады. Сайлаудың мұндай моделі жалпы, кәсіпкерлікті дамыту әлеуетін едәуір арттыра алады. Бұл жағдайда сайлау адал бәсекелестікке жол ашады. Алдағы уақытта кеңеске жаңа мүшелердің келуі бизнес үшін жаңа идеялар мен бастамалар, өзара тәжірибе алмасу, бір-бірімізден үйреніп, жұмыс аясын кеңейту деген сөз, – деп санайды «Эко-DUMP» басшысы Мариям Әбішева.
Осы ретте, Ақмола облысының Өңірлік кәсіпкерлер кеңесі мүшелерін сайлау 23-25 желтоқсан аралығында өтетінін еске саламыз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.