Облыс прокуратурасы өңіріміздегі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) саласындағы заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді.
Оның барысында азаматтардың жекелеген санаттарының жоғары технологиялы медициналық қызметтерді алу үшін ел ішінде жол жүру ақысын төлеу құқығы бұзылғаны анықталды. Мысалы, Көкшетау қаласының тұрғынына емделу орнына бару үшін 40 мың теңге көлемінде қосымша ақша төленбеген. Осылайша барлығы 73 азаматтың 1 миллион теңгеден астам сомаға құқықтарының бұзылғандығы анықталды.
Қадағалау актісі бойынша кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі уақытта төленбеген қаражатты төлеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ауыр қылмыс жасырылып келген
Ерейментау ауданының прокуратурасы тіркеуден жасырылған қылмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау бойынша жұмыс жүргізуде. Соның нәтижесінде ағымдағы жылы тіркеуден жасырылған ауыр қылмыс анықталды.
Жеке кәсіпкер М. дүкенінен тауарлы-материалдық құндылықтардың ұрлану фактісі бойынша полицияға хабарлаған, алайда, полиция қызметкерлері бұл қылмысты ұзақ уақыт бойы тіркеуден жасырған және оны ашуға ешқандай шара қолданбаған.
Аудан прокуратурасы осыны анықтап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу жөнінде полицияға тапсырма берді. Нәтижесінде күдіктілер ұсталып, іс сотқа жолданды. Ал, полиция бөлімінің кінәлі қызметкерлері тәртіптік жауапкершілік қарастырылды.
Алимент төлемегені үшін сотқа тартылды
Ерейментау ауданының прокуратурасы кәмелетке толмаған балалардың пайдасына алимент өндіру бойынша борышкерге әкеге қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалын жүргізді.
Бұған негіз – борышкер бір жылдан астам уақыт бойы кәмелетке толмаған үш баласының пайдасына 1,7 миллион теңгеден астам алиментін төлеуден жалтарып келген. Сотта мемлекеттік айыптаушы борышкердің кінәсін толық дәлелдеді.
Сот қаскөй борышкерге пробациялық бақылау белгілей отырып, бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындау туралы үкім шығарды. Кәмелетке толмаған балалардың пайдасына тиісті алимент те өндірілетін болды. Сондай-ақ, прокуратураның бастамасымен 4,2 миллион теңге қарызы бар басқа борышкерге де қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Қазіргі уақытта прокуратурада кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған шараларды қабылдау жалғастырылуда.
Ақмола облыстық прокуратурасының
материалдары бойынша дайындалды.