Тәуелсіздік күні қарсаңында «Достық» үйінде «Менің Қазақстаным!» мерекелік концерті ұйымдастырылып, оның аясында Қазақстан халқы ассамблеясының «Елтану» жобасын іске асыру шеңберіндегі «Еңбек пен бірлік жарасқан өңір» кіші жобасы гала-фестивалінің және Ақмола облысының этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» облыстық шығармашылық байқауының қорытындысы шығарылды.
Тәуелсіздік күніне арналған «Менің Қазақстаным!» мерекелік концертіне «Қоғамдық келісім» мекемесінің және аудандардың этномәдени бірлестіктері мен орталықтарының төрағалары, өнер ұжымдары, өңір журналистері қатысты. Мерекелік шарада Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Нұрмағанова сөз сөйлеп, жоғарыда аталған байқау-фестивальдердің қатысушыларына алғысын білдірді және жиналған қауымды еліміздің ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, игі тілектерін жеткізді.
–Тәуелсіздік күні қарсаңында біз Қазақстан халқы ассамблеясымен бірлесе атқарып жатқан жобалардың нәтижесін шығарып отырмыз. Ағымдағы жылдың мамыр айында «Қоғамдық келісім» мекемесі этностардың мәдени алуан түрлілігін көрсету арқылы, еңбек өкілдері арасында қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының байлығын, қазақтың ұлттық ойындары мен әндерін, қазақ ұлттық аспаптарында ойнауды, ұлттық тағамдарын дайындауды, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтауды насихаттау бойынша «Елтану» ҚХА жобаларын іске асыру шеңберіндегі «Еңбек пен бірлік жарасқан өңір» кіші жобасын іске қосқан болатын. Бүгін оны қорытындылап, жеңімпаздарын анықтаймыз. Сонымен бірге, қоғамдағы ұлтаралық қарым-қатынас пен татулықты, этномәдени ұйымдардың жұмысын, ассамблея қызметін жан-жақты жазып, баспасөз беттерінде насихаттап жүрген өңір журналистерінің еңбегіне зор ризашылығымызды білдіреміз, – деді аталмыш мекеме басшысының міндетін атқарушы.
Сонымен, гала-фестивальдің қорытындысы бойынша «Еңбек пен бірлік жарасқан өңір» кіші жобасының жеңімпазы болып Бурабай ауданының «Веста» тігін салоны марапатталды. Ал, «Степногорск подшипник зауыты» акционерлік қоғамы екінші орынды, Жарқайың ауданының «Костычев» атындағы серктестігі үшінші орынды иеленді. Бұл жобаға белсене қатысқан Шортанды, Бұланды, Целиноград, Зеренді аудандарының кәсіпорындары мен ұйымдары ұйымдастыру алқасының Алғыс хаттарымен марапатталды. Барлық марапатталушылар ақшалай сертификаттарға ие болды.
Этножурналистика саласындағы «Шаңырақ» облыстық байқауының қорытындысы бойынша «Ақмола-«Тіршілік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің екі журналисі жүлделі болды. «Акмолинская правда» газетінің тілшісі Вероника Бурда бірінші орынды, «Арқа ажары» газетінің тілшісі Ырысалды Ахметқалиева екінші орыннан көрінді.
–Жыл сайын ұйымдастырылатын «Шаңырақ» байқауына қатысатын әріптестерім өңірдегі ұлтаралық келісім мен тұтастықты, достық пен татулықты, ынтымақ пен бірлікті, өзге ұлттардың қазақ халқының мәдениеті мен тілін құрметтеуін насихаттап жүреді. Бүгін осы бағытта жасаған жұмысымыз қорытындыланып, өз мәресіне жетті. Көпұлтты Қазақстанда тұратындықтан, этножурналистика бағытында осындай байқаулар жиі ұйымдастырылып тұрса, –дейді «Ақмола ньюс» ақпараттық агенттігінің тілшісі Алма Байғожина.
Салтанатты шара соңында «Қоғамдық келісім» мекемесінің өнер ұжымдарының концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Қ.САТКЕН.