Келіп түскен өтініштерді талдау, жүйелі проблемаларды анықтау және оларды шешу бойынша ұсынымдар әзірлеу Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жұмысының негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
Кезекті талдау барысында департаментке көбінесе шағымдар жеке қосалқы шаруашылық, тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскелеріне құқықтар беруге байланысты мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша келіп түсетіні анықталды.
–Жер заңнамасы ауылдық елді мекендердің бас жоспарларының бір тұрғын үй аймағында жеке қосалқы шаруашылық жүргізу және үй салу үшін жер бөлуге мүмкіндік береді. Бұл ретте, барлық дерлік ауылдарда тұрғын үй құрылысы үшін жер алу кезегі қалыптасқан, – деп атап өтті департамент басшысы Думан Әбілев.
Сондай-ақ, «Жеке тұрғын үй құрылысы туралы» Заңға сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына арналған жерлер елді мекеннің қала құрылысы құжаттамасында резервке алынуы тиіс.
Осыған байланысты, көрсетілетін қызметті берушілер ұзақ уақыт бойы ауылдарда жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін учаскелер беруден бас тартып, кезектің болуына сілтеме жасаған. Бұл ретте, жеке тұрғын үй құрылысын игеру үшін жер саны жекелеген елді мекендердің бас жоспарларында резервке қойылмағандықтан, кезекте тұрғандардың мәселелері шешілмей келген.
Осыған байланысты департамент орталық уәкілетті органдардан осы мәселе бойынша ресми түсіндірмелік мәліметтер сұратып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерінің аймақтарын бөлу бойынша бірыңғай ұстаным әзірледі. Департаменттің бастамасы бойынша бұл мәселе облыс әкімдігінің отырысында да қаралды.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ауданы 100 гектардан асатын 1211 жер учаскесі инженерлік инфрақұрылымды жүргізу мүмкіндігін ескере отырып, кезекте тұрғандар үшін резервке қойылды. 200-ден астам учаске үй салу үшін беріліп, 600 учаске бойынша азаматтардың құқықтарын іске асыру және ауылдарды дамыту үшін жер комиссиясының оң шешімдері берілді.
Жалпы, департамент қабылдаған шаралардың қорытындысы бойынша ағымдағы жылы мемлекеттік қызметтер көрсету шеңберінде 850 көрсетілетін қызметті алушыға облыс ауылдарында жер учаскелері берілді.
Департамент материалдары бойынша дайындалды.