Тәуелсіздік күні қарсаңында Көкшетау қаласының балалар кітапханасының қызметкерлері «КиндерОК» балаларды дамыту орталығының екі тілде оқытылатын тәрбиеленушілер топтарымен «Тәуелсіз елдің ұланымыз» атты іс-шара өткізді.
Бұл іс-шараның мақсаты жас ұрпаққа елінің тарихы мен мәдениетін және тәуелсіздіктің мән-маңызын түсіндіру, отансүйгіштікке, патриоттық сезімге тәрбиелеу, балаларға еліміздің рәміздерін, мемлекеттік мерекелерін таныстыру арқылы туған елге, Отанға деген құрметін арттыру болып табылады. «КиндерОК» балаларды дамыту орталығы білім беру мекемесінің жетекшісі Әсем Саркина кітапхана қызметкерлерін жылы шыраймен қарсы алып, атаулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Дамыту орталығының ұстаздары Жанат Башарова, Елена Вентлянд, Алтыншаш Кенжебаева іс-шараға қолдау танытып қана қоймай, балалардың шығармашылық қызығушылықтарын арттырып, өздерінің білім беретін орталығының беделін көтеруге септігін тигізді.
Мектеп алды даярлық тобының тәрбиеленушілері ұлттық киім киіп, мерекелік көңіл-күйде іс-шараға белсене араласты. Алдымен, Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалып, жас ұрпақтың бойында патриоттық, мақтаныш сезімін оята түсті. Кітапханашылар Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тарихи кезеңдеріне шолу жасап, ел рәміздерінің маңыздылығын түсіндіріп өтті. Әр бала өз пікірін білдіріп, рәміздерге байланысты сұрақтарға жауап берді.
Балаларды дамыту орталығының жас бүлдіршіндері «Менің Қазақстаным», «Тәуелсіздік – тұғырым» атты тақырыптарда өлеңдер оқып, патриоттық әндер орындады. Сондай-ақ, балаларға Қазақстанның туын, еліміздің картасын бейнелейтін пазлдарды құрастыру сияқты шығармашылық тапсырмалар берілді. Олар өздерінің жұмыстарын көрсетіп, әрқайсысы өз туындыларымен мақтаныш сезіміне бөленді. Мереке қарсаңында ойнатылған «Арқан тарту» сияқты қазақтың ұлттық ойындары, «Қара жорға» биі балалардың мерекелік көңіл-күйін арттырып, қазақ халқының салт-дәстүрін тереңірек түсінуге көмектесті.
Іс-шара соңында балалар тәуелсіз елдің ұланы екендіктерін мақтан тұтатындарын айтып, мерекелік көңіл-күйде тарқасты. Мұндай тәрбиелік мәні мол іс-шаралардың маңыздылығы балаларды өз елін құрметтеп, тарихын білуге, ұлттық құндылықтарды бағалауға баулуда жатыр. Біздің аңғаруымызша, «Тәуелсіз елдің ұланымыз» іс-шарасы тәрбиеленушілердің бойында Отанға деген сүйіспеншілікті нығайтты. Алдағы жылы да осындай мекемелермен жұмысты жетілдіре отырып, кітап оқуды алға жылжыту жұмыстары оңға басса, бұл да болсын, біздің еңбегіміздің азды-көпті жемісі деп білеміз.
Бақытгүл ҒАЛИЕВА,
Көкшетау қалалық балалар кітапханасының меңгерушісі.