«Кең дала — 2» бағдарламасы Ақмола облысындағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қолдау көрсететін маңызды тетікке айналды. Бағдарлама аясында берілетін жеңілдетілген несиелер аграршыларға көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын уақытылы орындауға, кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға және оларды дамытуға көмектесуде. Бағдарламаның сәтті қатысушыларының бірі – Сандықтау ауданының «Максимовское» серіктестігі.
2024 жылы компания «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кепілдігімен 500 миллион теңге көлемінде несие алды. Бұл қаражат өсімдіктерді қорғау құралдарын, минералды тыңайтқыштарды, жанар-жағар май мен қосалқы бөлшектерді сатып алу сияқты қажеттіліктерді уақытылы өтеуге мүмкіндік берді.
– «Кең дала-2» бағдарламасының арқасында біз егін жинау науқанын сенімді түрде өткіздік. Несие қарызы 2024 жылдың қарашасында, яғни, мерзімінен бұрын толықтай өтелді. Біз қаражатты бірінші болып қайтардық және бірден жаңа қаржыландыруға құжат тапсырдық. Бүгін бұл құжаттарға қол қойылып, 2025 жылдың көктемгі егіс жұмыстарына дайындық үшін 800 миллион теңге алдық, – деп атап өтті «Максимовское» серіктестігінің директоры Александр Закусилов.
Ол сондай-ақ, бағдарламаның аграршылар үшін бұрын екінші деңгейлі банктерден жоғары пайызбен несие алуға мәжбүр болған кездегі қиындықтарды жойып, ерекше жағдай жасап отырғанын айтты. Енді өңірдің агроөнеркәсіп кешені жеңілдетілген несиелерге қол жеткізіп, бұл сала тұрақты дамып келеді.
«Кең дала 2» бағдарламасы аясында 2025 жылдың көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына арналған 32 миллиард теңге көлемінде несие желісін ашу бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «СПК KOKSHE» АҚ арасында негіздемелік келісім жасалды.
– Бүгінгі таңда «СПК KOKSHE» АҚ-да 26,6 миллиард теңге сомасына 69 ауыл шаруашылығы өндірушілерінің пулын құрдық. Оның ішінде 7,5 миллиард теңге көлеміндегі 22 өтінім Жарқайың ауданынан келіп түсті, – деп хабарлады «СПК KOKSHE» АҚ-ның несиелеу департаментінің директоры Дина Ахметжанова.
Еске сала кетейік, «Кең дала — 2» бағдарламасы аясында 2024 жылы Ақмола облысының 35 ауыл шаруашылығы өндірушісі 11 миллиард теңге көлемінде қаржы алып, өңірде маусымдық дала жұмыстарына тиімді дайындық жүргізілді. «Кең дала — 2» бағдарламасы өңірдегі аграршыларды қолдауды жалғастырып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы мен дамуын қамтамасыз етуде.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.