Әлі анық-қанығына жете алмаған сұрақ көп

Заманхат

Астана қаласындағы Жастар шағын ауданы маңында орналасқан мұсылман зиратының жанынан өтіп бара жатып, міндетті түрде қолымды жаямын.  Ескі қорымда жатқан марқұмдардың аруақтарына арнап білгенімше құран бағыштаймын. Ел-жұрттың айтуынша бұл қорымда талай адамдар мәңгілік орын тапқан. Солардың арасында  белгілі де, белгісіз есімдер бар.

Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Москвада белгісіз жағдайларда қайтыс болған Алаш қайраткері, қазақтың ұлтжанды азаматы Смағұл Садуақасовтың өртенген мүрдесі ел азаматтарының арқасынла  елге қайтарылып, осы зиратта орын тапқан. Көпшілік  біле бермейтін жай болуы мүмкін. 1840-шы жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, атақты Кенесары Қасымұлы әскерлерінің орыс бекінісі Ақмолаға  шабуыл жасаған кезде қаза тапқан қазақ сарбаздарының моласының басына қойылған тас та осында деген мәлімет айтылып жүр. Араб тілінің мамандары осы зираттағы тастағы жазуды оқып, осылайша түсіндірген көрінеді

Ақмола зиратында шынымен де Кенесары ханның соғыста қаза тапқан әскерлері жерленген бе? Шоқан Уәлихановтың еңбектерінде кездескен дерек осы сұраққа бізді қайтып оралтып отыр. Ғалымның бес томдық шығармалар жинағының екінші томында ғалымның Баянауыл округі туралы 1857 жылы Омбыдан хаты» жарияланған. Хатта ХІХ ғасырдың басында Сібір ведомствосы еншісіне өтіп кеткен (900 мың шаршы шақырымнан асатын аумақта орналасқан) Орта жүздің жерін басқаруға жеңіл болады деген сылтаумен облыстарға бөлінгені туралы баяндалады.

Яғни, патшаның көңілінен шығып, бұрынғыдай оның жанына қалай қайтып оралсам деп жүрген Сперанский Михайло есімді чиновнигі  (патшаның жарлығымен Петербургтан қуылып, жер аударылған, Батыс Сібір генерал-губернаторы болып тағайындалған) Сібір ведомствосы чиновниктеріне қазақ жерін қалай Ресейдің құрамына өткізіп алуға болатынын, Шоқан жазғандай, қас-қағым сәтте шешіп берген. Орыс чиновнигінің ойынша Орта жүзді екі облысқа бөлу арқылы орыс шекарасының сыртында қазақтың Орта жүзі болды дегенді тарихи көріністі өң түгіл, қиялдан да жоғалту керек болған. Барысында, деп көрсетеді Шоқан, патша үкіметі Сперанскийдің ұсынған реформаны ешбір күмәнге келместен қабылдап,  нәтижесінде қаламның бір түртісімен 400 мыңнан астам тұрғыны бар  кең аймақты ел ыңсыз-шыңсыз, болашақтарың тек осылайша керемет болмақ деген алдамшы үмітке елігіп,  орыс империясының құрамына еніп кете барған. Самоодержавиялық Ресейдің  Орта жүзді империяның құрамына енгізіп алу, одан барып осы жерге орыс мемлекетінің басқару жүйесін енгізу, ал, осы арада Ұлы даланың солтүстігіндегі ең құнарлы деген жерлерді  иемденіп алу әрекеттеріне барынша кедергі болып тұрған  сол кездегі хандық форматтағы мемлекетті келмеске кетіру екенін жергілікті тұрғындар кеш байқай бастаған.

Алайда, ХІХ ғасырдың 20-шы жылдарынан бастап патша үкіметінің «бөліп ал да, билей бер» саясаты қазақ халқы арасында өте қатты наразылық тудырған. Наразылықтың соңы, Шоқанның хатын негізге алатын болсақ, ұзаққа созылған ұлт-азаттық қозғалысқа айналып, ол Баянауыл приказынан басталған.

Ал, осы қозғалысқа 1822 жылы жетекші болған Орта жүздің ханы Уәлидің үлкен баласының Ғұбайдолланың Баянауылдағы әрекеттерін, одан барып Ғұбайдолланың ағасы Қасым мен оның істерін жалғастырған оның балалары  Саржан мен Кенесары басында тұрған қазақтар көтерілісін орыс үкіметі асқан қаталдықпен тоқтатуға мәжбүр болғанымен, қозғалыс жалғаса берген. Мысалы, 1851 жылдың төңірегінде тарихи сахнаға Кенесарының баласы, 19 жастағы Жақып шығып (орыс деректерінде Джакуп), оның ұйымдастыруымен Ақмола округінде  тағы да бүліктер басталған. Осы уақиғалар туралы алғашқылардың  бірі болып мәліметтер берген зерттеуші Г.Мұқанованың айтуынша, Жақып тұтқындалып, Березо қаласына жер аударылған. Сол сияқты, көп уақыттан бері біздің зерттеу объектімізге айналып отырған сұлтан Уәлиханов Ғазы Болатұлы (Уәли ханның шөбересі, Ғұбайдолла сұлтанның немересі) туралы айтатын болсақ, оның орыс үкіметінің қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аудару саясатына үзілді-кесілді қарсы болғанын тек соңғы кездері айтып жүрміз. Осы азаматтың арқасында қоныс аудару саясатының Петербург басылымдары арқылы пікір-таласқа айналғанын айтатын болсақ, онда патша үкіметінің қазақ жеріне деген озбыр әрекеттеріне қарсы наразылық ешбір толастаған  емес…

ХІХ ғасыр басындағы ұлт-азаттық қозғалысы туралы сөз қозғалған уақытта, біз ұлт тарихындағы осы бір елеулі  кезеңнің шеңберін 1836-1847 жылдармен көрсетіп, оның басшысы ретінде Кенесары хан туралы көп айтамыз. Ал, Шоқан Уәлиханов көрсетіп отырғандай, елеулі тарихи оқиғадан Баянауыл қазақтары да шет қалмағаны туралы жоғарыда айтылды. Және де Батыс Сібір басқармасының Ақмола облысы аумағына баса-көктеп ене бастауына қарсы болуын баянауылдықтардың  екі жылдан артық уақыт Кенесарының қол астында болғаны, тек 1842 жылы, амалсыздан батырдан бөлектене бастаған дегенді Шоқан жазып отыр. Ал оларды тежеу үшін Сібір ведомствосы өте қатаң шара қолданған. Яғни, Баян-Ауыл приказына  жергілікті қазақтардың атынан заседатель ретінде сайланған Тайжан Азнабаев деген азаматқа  берген антында тұрмаған қызметкер (чиновник) деген айып тағылып, оның барысында үкімет заңдарына қарсы болып жүрген  қазақтарды не күтіп тұруы мүмкін дегенді «көрсетудің үлгісі ретінде» ол азамат  Ақмола қаласында атылған деп жазады Шоқан.  Шоқаннан алынған аздаған мәліметтер арқылы біз Тайжан Азнабаевтың Баян-Ауыл приказында (жаңа енгізілген басқару жүйесіне сай  округтарды басқару үшін үш заседатель мен басқа да азаматтық ведомстволар шендері енгізілген. Сол сияқты округтық приказдарға аға сұлтан басқаратын қазақтар сайланатын болып, оларды генерал-губернатор бекітетін болған) судебный заседатель екенін байқап отырмыз. Ал, бұндай қызметке орыс билігі алдыменен өзінің белсенді әрекеттерімен көзге түскен адаматтарға мақтап-баптап жүріп шекпен кигізіп, бара келе сен кереметсің дей келе, офицерлік шен сыйлап, қызмет бабында жүрген  қазақ  өкілдеріне ант қабылдатқан. Ал, егер де кенеттен олар үкіметтің саясатымен келіспеймін дегенді сездіре бастаса, «антты бұзғандар» – «Отанын сатқандар» деп айыптап, өз елінде, өз жерінде ғасырлардан бері дәстүрлі ата-салтына сай қалыптасқан мемлекет формасын, оның кезеңдерге сай түрленуін мемлекеттілік форматындағы қоғам-саяси институттар (хандық, хан кеңесі, ақсақалдар кеңесі, дәстүрлі заң жүйесі, батырлар институты, барымта, рулық қатынастар) сақталуы керек дегендерді елден, қоғамнан аластату әрекетіне жедел кіріскен Сібір  әскери мекемелері отарлаушы мемлекеттің атынан (әсіресе, қазақ билері мен сұлтандарын, белсенді деген ру басшылары мен батырларын, жеке тұлғаларды – Ғұбайдолла, Болат сұлтандар, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Сегіз Сері, тағы басқаларын) бірде жер аударып жатса, енді бірде одан да қатаң жазалап жатқан. Солардың бірі – ату жазасына кесілген, атын атауға да тиым салынған Тайжан Азнабаев жоғарыда аталған зиратта жерленуі мүмкін бе? Кесіп айту қиын. Десек те, үміт жоқ емес. Оны анықтау үшін Омбы мемлекеттік архивіне жол табу керек.

Амангелді ҚАШҚЫМБАЕВ,
тарих ғылымдарының кандидаты.

 Астана.

Суреттер: aikyn.kz

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар