Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Айна Мысырәлімова Ақмола өңіріне жұмыс сапарымен келіп, облыстық білім басқармасының өкілдерімен кездесті.
Кездесу барысында балаларды қорғау, инклюзия және патронаттық отбасылардың өзекті мәселелері талқыланды. Сондай-ақ, халық қалаулысы жануарларды ұстауға арналған арнайы орынның жұмысын барып көрді.
Қазақстанда былтыр жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауды жақсартуға қатысты маңызды қадамдар жасалды. Өткен желтоқсанда Парламент Сенатының депутаттары «Кәсіби патронаттық тәрбие туралы» заңды мақұлдады. Бұл ең алдымен балалардың өмір сүруі мен тәрбиеленуі үшін тұрақты және қолайлы ортаны қамтамасыз ететін отбасылық құрылымның жаңа бір түрі. Осы және білім саласына қатысты басқа да мәселелер басқарма басшысымен кездесу барысында кеңінен талқыланып, халық қалаулысы жаңа заңның мақсат-міндеттерін түсіндірді.
– Елімізде патронаттық қызметтерді үйлестіріп, қадағалайтын мамандар жетіспейді. Біздің өңірде де бұл жағдай өзекті. Облыс бойынша туындап жатқан кейбір мәселелерге, не болмаса олқылықтарға, сұрақтарға жауап болмайтыны туралы жиі ескертулер де естіп жатамыз. Мысалы, қазір Ақмола облысының білім басқармасында осы мәселеге қатысты жұмыстарды жүргізетін бір ғана маман отыр, – деді облыстық білім басқармасының басшысы.
Айна Ермекқызы жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қорғау, оларға қамқорлық жасауға байланысты жағдайлардың барлығы алдағы уақытта кәсіби патронаттық тәрбие жөніндегі жоғарыда аталған заң шеңберінде шешімін тауып отыратынын айтты.
Бұдан әрі депутат жануарларды қорғау мәселелеріне назар аударды. Бұл үшін Айна Мысырәлімова Көкшетаудағы қаңғыбас жануарларға арналған орынға барды. Онда еріктілер мен үй жануарларын қорғаушылар бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Нақты айтқанда, үй жануарларын ұстауды бақылау, міндетті түрде чиптеу және серуендеу ережелерін реттеуді қарастыру қажеттігін, сондай-ақ, полициямен бірге жануарларды ұстау жағдайларын тексеру бойынша рейдтер жүргізуді ұсынды.
– Мен жануарларды қорғау жөніндегі жұмыс тобының құрамындамын. Бұл заң жобасында жануарларды, соның ішінде иттер мен мысықтарды қолда ұстау мәселесі жан-жақты қарастырылуда. Біз заң жобасын талқылаған кезде кейбір ұсыныстарды басшылыққа аламыз. Жануарларды қолда ұстау тікелей азаматтардың қызығушылығынан туындаған деп білсек, тұрғындар жауапкершілікті мемлекетке артып қоюда. Бұл жөнінде заңнамаға тиісті түзетулер енгізілетін болады, – деді Мәжіліс депутаты.
Сапар барысында айтылған ұсыныстар назардан тыс қалмайтындығы, кейбір мәселелер республикалық деңгейде қарастырылатындығы сөз болды.
Ы.ШАМШИЕВА.