Notice: Function register_uninstall_hook was called incorrectly. Only a static class method or function can be used in an uninstall hook. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 3.1.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
 Қаламы қарымды асыл азамат - АРҚА АЖАРЫ

 Қаламы қарымды асыл азамат

Тағзым

Саналы ғұмырын мемлекеттік қызмет пен шығармашылыққа арнаған Көкшенің арда азаматы, қоғам қайраткері, жазушы-аудармашы Ғосман Төлеғұлдың руханиятта қол жеткізген жетістіктері елеулі. Дарынды тұлғаның 19 қаңтарда туғанына 75 жыл толуына орай, өмір белестерін ой елегінен өткізген сайын артында қалдырған әдеби мұраларының құндылығына айқын көз жеткізгендей боламыз.

Тал бесіктен белі шыға туған жердің топырағынан нәр алған Ғосман да ауыл мектебінде оқып, еңбекке ерте араласты. Сонау отызыншы жылдары Сталин атындағы колхоз атанған Әлжан ауылы бертіндері «Лобанов» совхозының дәулеті шалқыған бригадасына айналғанда, ол құрбы-құрдастарымен бірге темір тұлпарды тізгіндеп, байланыс монтері болып істеді.

Білім нәрімен сусындатып, іскерлік қабілетін шыңдауға игі ықпал еткен Ульянов жеті жылдық мектебінің директоры, СССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қайыркен Сүйінжанова басқарған ұстаздар қауымы мен Социалистік Еңбек Ері, атақты бригадир Кенжетай Рамазановтың баға жетпес қамқорлықтарын Ғосекең мақтаныш сезіммен жиі айтатын.

Ақсоранның баурайында тостағандай төңкеріліп жатқан суы мөп-мөлдір, балық қоры мол Ақкөлдің іргесіндегі Әлжан ауылы шежіреге бай іргелі шаруашылық болатын. Егіншілік пен мал шаруашылығы қатар дамыған ауыл бригадасын іскер азамат Кенжетай Рамазанов басқарғанда, атақ-даңқы Қазақстанға да дүркіреп тұрды. 1973 жылы әр гектардан 20 центнерден бітік өнім жинаған әлжандық диқандар республикалық жарыстың жеңімпазы атанды. Бригаданың маңдайалды комбайншысы Болат Әлкеев Ленин орденімен марапатталып, СССР-дың ұшқыш-ғарышкері, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Георгий Береговойдан арнайы құттықтау хат алды. Қарапайым тіршіліктің күйін кешкен шалғайдағы қазақ ауылы үшін бұл үлкен оқиға болатын.

Ал, киелі атамекеннен түлеп ұшқан тұлғалар жайлы айтар болсақ, Ұлы Отан соғысына қатысқан десантшы, партия, совет органдарының ардагері Асылбек Жәзиұлы Дәулетовтың есімі ойымызға алдымен оралады. Биыл туғанына бір ғасыр толғалы отырған майдангер ақсақалдың зайыбы Орынбасар Шайкенқызы Ғосманның ұлағатты ұстазының бірі болды.

Міне, осындай құтты ортада өсіп-өнген Ғосман да еңбек майданында бағы жанып, аты шулы іскер азамат болар ма еді?! Алайда, табиғат берген дарындылық оны алға жетелей берді. Қазақ-орыс тілдерінде бірдей білім алған өршіл өреннің бар ынтасы әдебиетке, журналистикаға көбірек ауды. Сөйтіп, арман жетелеуімен Зеренді аудандық «Заря коммунизма» газетінің редакциясында әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы болып істеді. Ғосекеңнің баспасөздегі бағының жануына газет редакторы, танымал сатирик жазушы Баймұрат Азнабаевтың ықпалы зор болды.

Осындай тынымсыз ізденістің нәтижесінде Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде сырттай оқып, Зеренді аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Зейнелғабиден Айтқожиннің қолдауымен Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздың партком хатшысы болып сайланды. Аудан өмірін бес саусақтай жетік білетін зерделі азамат партиялық-ұйымдастыру жұмысының қыры-сырын тез меңгерді. Беделі өсіп, облысқа да танылды.

Аймақтың қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысуымен бірге, шығармашылықпен де мықтап айналысуды мақсат тұтқан Ғосман Төлеғұл әуелі облыстық «Көкшетау» газетінде идеология бөлімін басқарса, біраз уақыт Көкшетау облыстық атқару комитетінде референт, облыс әкімінің баспасөз хатшысы болып та істеді. Саяси сауаттылығымен, тиянақтылығымен көзге түскен тәжірибелі мемлекеттік қызметші ретінде ол Қазақстан Республикасы Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі мен Ақмола облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында да жауапты лауазымдық қызметтер атқарды.

2024 жылдан зейнеткерлікке шыққанша Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасына жетекшілік еткен кезең Ғосекеңнің рухани құндылықтар мен халықтық салт-дәстүріміздің шынайы жанашыры ретіндегі іскерлік қабілеті мен талантының жарқырап ашылған бақытты шағы болатын. Іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуден бастап, мекеме атауларын заңға сәйкес бір жүйеге келтірді. Өзге ұлт өкілдері арасында конкурстар  өткізіліп, жас ақын-жазушылардың кітаптары жарық көрді. Ұмыт бола бастаған батагөйлік сайыс, асық ату, тоғызқұмалақ ойындары қайта жанданды. Ең бастысы, қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, қолданыс аясын кеңейту мақсатында ол өз ойын мәртебелі жиындарда ашық әрі батыл айтатын болды.

Қазақтың шұрайлы тілі үшін қаламын қару еткен жазушы-журналист Ғосман Төлеғұл 75 жылдық саналы ғұмырында орысшадан қазақшаға немесе қазақшадан орысшаға аударған жетпіске жуық кітап шығарыпты. Бұл туындылардың кейбірінің әлемнің он жеті тілінде жарық көруі жазушы еңбектерінің құндылығын аңғартса керек.

Мәселен, Сәуле Досжановамен бірге жазған «Өгей жүрек» шығармасын қазақ медицинасын құдіретін әлемге паш еткен туынды деуге болады. Алты мемлекеттің тіліне аударылған бұл повестің тұсаукесерінің Германияның Франкфурт на Майне қаласында өтуі көкшелік қаламгердің табиғи дарындылығының шетелдік оқырмандар тарапынан да жоғары бағалануы деп білеміз. Ал, жазушының бір еңбегі АҚШ-тың әдеби сыйлығымен марапатталыпты.

Әдеби ортада айшықты орны бар Ғосекеңнің шығармашылық жетістігінің шырайын келтірген елеулі ерекшелігі – аудармашылық шеберлігі. Бұл орайда, республикалық баспалардың небір күрделі шығармаларды тәржімалауды оған ұсынғандығын, Қазақстанның мықты ғалымдарының оның аудармашылық қабілетіне тәнті болғандығын айтқымыз келеді.

Оның қазақшадан орысшаға аударған кітаптарының қатарында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, күні кеше ғана көз жұмған Мұхтар Мағауиннің, Қойшығара Салғараның, Дүкенбай Досжанның, Президенттік бейбітшілік және келісім сыйлығының иегері Сауытбек Абдрахманның, Ф.Кафка атындағы және Күлтегін атындағы Халықаралық сыйлықтардың иегері Немат Келімбетовтің шығармалары бар. Аталған авторлардың қазақ-түркі тарихын түбінен қопарып, кеңестік үкімет шегендеп тастаған шеңберден шығып, тарихи жаңа танымдық бетін ашып, тың ойларды көлденең тартарын ойға алсаңыз, Ғосекеңнің екінің бірі біле бермейтін талай дүниені әлдеқашан түгендеп қойғанын түсінесіз.

Одан әрі ол тер төккен жұмыстар «Әлемдік философиялық ақыл-ой антологиясы (ХХ ғасыр)», «Әлемдік саясаттану антологиясы» сериясының үшінші және сегізінші томдары, Қазақстан Халқы Ассамблеясының он бес жылдығына арналған «Нұрсұлтан Назарбаев: бейбітшілік және қоғамдық келісім идеясы» ұжымдық монографиясы, идеология қызметкерлеріне арналған «Қазақстан Республикасы мемлекеттік этносаясатының императивтері» құралы, «Этносаяси сөздік», Айқын Нұрқатовтың «Абайдың ақындық дәстүрі» монографиясы, Медеу Сәрсекенің «Семей қасіреті», Фредерик Старрдың «Ағартудың жоғалған дәуірі: арабтардың жаулап алуынан Әмір Темір заманына дейінгі Орталық Азияның алтын ғасыры» болып жалғаса береді.

Бұл жерде әлдебір шығарманы  басқа тілге аудару үшін алдымен әр сөздің тереңіне, айтар ойына мән беру керек. Оны сол тілдің орамына орап, тігісін жатқызып, табиғатына бейімдеп баяндау қажет. Ол үшін  білім деңгейі, сөз байлығы, жоғары мәдениеті, әдебі, тас жарған таланты сәйкес болғаны жөн. Ал, мұның бәрі кісіге салмағын салып, жүк артуды білмейтін, қайта қиын-қыстау кезеңде әңгімені әзіл-қалжыңға бұрып, деміне қуат беріп,  әлдендіріп жіберетін жігіт ағасы Ғосекеңнің бір бойынан табыла кеткенін көрмейсіз бе?!

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы болған он жыл ішінде Ғосман әріптесіміз зейнеткерлердің өмір сапасын жақсартуға бағытталған көптеген жобаларды іске асырып, ұйымдастырушылық қабілетін шыңдай білді.  Жүз мыңнан астам зейнеткердің басын біріктіріп отырған 3 қалалық, 17 аудандық ардагерлер кеңесі мен 763 бастауыш ұйымның қызметін бір арнаға тоғыстырып, қарияларды толғандырып отырған көкейтесті әлеуметтік мәселелерді де ыждаһаттылықпен шешуде ізденімпаздық танытты.                                      Ол ардагерлер ұйымдарына серпін беретін жаңалықтарға да көбірек ден қойды. Тіпті, алқа мәжілістерін аудандарда өткізіп, тәжірибе алмасу үшін семинарлар ұйымдастыруға, зейнеткерлердің тегін медициналық көмек алуына қол жеткізді. Жалғыз басты қариялар үшін Ақкөл, Целиноград, Есіл, Сандықтау аудандарында әлеуметтік интернаттар ашып, қалаларда әлеуметтік сауда орындарының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Мұның бәрі облыстық ардагерлер кеңесі мен жергілікті атқарушы органдардың үйлесімді жұмысының нәтижесі еді.

Халқына адал қызмет етудің үлгісін көрсете білген Ғосман Төлеғұлдың қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет» орденімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталды. Зеренді ауданының құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанды. Шығармашылық жетістігінің айғағындай, «Көп қанатты Ғосман» атты электрондық басылым да жарық көрді.

Аға-інідей сыйластығымыз жарасқан Ғосман бауырымның бір басына жетерлік атақ-дәрежесі бола тұрса да, ол өзін қарапайым ұстай білді. Сабырлы мінезі үшін замандастары мен әріптестері одан үлгі-өнеге алуға тырысты. Облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында экономист-бухгалтер болып істеген аяулы жары Күлзағила Ержанқызы ерінің өмірдегі әр қадамына сүйіспеншілікпен қолдау көрсетіп, көзінің қарашығындай үш перзентіне де өнегелі тәрбие берді. Отбасылық дәстүрді абыроймен жалғастырып жүрген қыздары Бибігүл мен Бақыт, ұлы Олжас мемлекеттік қызметте кәсіби біліктілік танытып, Төлеғұл әулетінің даңқын асқақтатып жүр.

«Жазушылық – бұл дерт. Туғаннан бірге даритын қасиет өзіңмен бірге кетеді. Өмірлік тәжірибе мен мұраларымның өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болуын қалаймын» – деген-ді Ғосман өзінің 70 жасқа толуына арналған салтанатты жиында. Ағынан жарылып, көріпкелдей өз өмірін алдын ала болжап айтқан осы сөзі дарынды асыл азаматтың еліне деген сүйіспеншілігін, қоғам алдындағы жауапкершілігін аңғартқандай.

Көзін көріп, сырлас, сыйлас болған әріптестерінің ендігі міндеті – Ғосекеңнің аудармашылық шеберлігін кеңінен насихаттау мақсатында жас қаламгерлер мен әдебиетке, өнерге бейімі бар жастар арасында тәжірибе алмасу мектебін ашу керек. Тіпті, оның бойындағы аудармашылық дарындылығы  ғылыми тұрғыдан зерттеуді де талап ететін сияқты. Сонымен бірге, Баспасөз күніне орай, Ғосман Төлеғұлдың құрметіне шығармашылық байқау өткізіп, өзі ұзақ жыл қызмет атқарған облыстық ардагерлер кеңесінде өмірбаяндық стенд жасалса, нұр үстіне нұр болар еді.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар