Ауған соғысының ақиқаты: Амангелді Жантасовтың көзімен

Келбет

ХХ ғасырдың екінші жартысындағы КСРО мен АҚШ теке-тіресі кезекті мемлекеттің азамат соғысының халықаралық деңгейге өтуіне алып келді. Жарты әлемге ықпалы бар социалистік державаның оңтүстік көршісі Ауған еліндегі «Біріккен Пуштунистан» идеясын ұстанған Дауд билігінің құлауы аймақтағы саяси тұрақсыздықты өршітті.

Кеңес үкіметінің Ауғанстанда социализмді орнату идеясы үлкен соғысқа ұласып, көптеген әскерилердің, солдаттардың тағдырында терең із қалдырды.

Өмірі аталған кезеңдегі оқиғалармен тығыз байланысты жарқын тұлғалардың бірі – Көкшетау қаласының іргесіндегі Ақан ауылының тумасы,  ауған соғысы ардагері Амангелді Жантасов. Ауған соғысы, Қара майордың мұсылман батальоны тақырыптары бағытында бірнеше еңбек пен ғылыми мақалалар жазған. Оның естеліктері сол кезеңді түсіну үшін құнды нарративті дерек болып табылады.

«Второй мусульманский: (спецназ из Казахстана)» еңбегінде жарияланған естелігінде тәжірибесіз сарбаздардың қатал шындыққа тап болған алғашқы қызмет күндері туралы баяндайды. Бейтаныс ел, ыстық климат, үнемі шабуыл қаупін есепке алмағанда, міндетті әскери борышын өтеуге КСРО-ның түрлі аймақтарына барып, кейін мәжбүрлі түрде Ауғанстан территориясына жіберілген сарбаздардың қандай сезімде болғандығын түсінуге болады.

Сарбаздар үшін ең қиын сынақ белгісіздік болғаны күмән тудырмайды. «Сіз қауіптің қай жақтан келетінін ешқашан білмейсіз», – дейді батыр Амангелді Теміржанұлы. Қызмет барысында Жантасов бірнеше рет ауыр моральдық және физикалық сынақтарға тап болды. Ол сарбаздардың жаумен ғана емес, өз қорқынышымен де қалай күрескенін сипаттайды. Жартастағы шайқастарда майдандастардың қолдауы туындаған қиындықтарды жеңудің шешуші факторы болды. «Ұрыста сіз өзіңіздің әріптесіңізге толықтай тәуелдісіз. Біз бір отбасы болдық, онда әркім өзін құрбан етуге дайын болды», – деп ойын жеткізеді.

Ауған соғысына қатысушы, Отан алдындағы әскери борышын өтеушілер өз шындығына, есірткі саудасын тыю идеясына қаншалықты сенгенімен, елден жырақтағы соғыстың жантүршігерлік ауыртпалықтары елге қайтқанда да жадыларынан кеткен емес. Амангелді Жантасов естеліктерінің басты тақырыптарының бірі – жастардың барлық буынына төлеуге тура келген баға. Ауған соғысының ауыр мұрасын: «Біз үйге келдік, бірақ соғыс бізде қалды. Әрқайсымыз өзімізбен бірге медальдарды ғана емес, ұмытуға болмайтын естеліктерді де алып келдік», – деп ой қорытады. Соғыстан аман-есен келгендердің түрлі психологиялық қиындықтарға тап болғандығы, КСРО-ның ыдырауы мен Қазақстанның тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыс, елдің әлеуметтік жағдайының нашарлауы, қылмыстық топтардың құрылуы және ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен ауған соғысы ардагерлеріне қатысты мемлекеттік саясат арасындағы алшақтық мәселелері бейбіт өмірге бейімделуді кешеуілдетті.

Полковник А.Жантасов көптеген ауған жауынгерлері қоғамның түсінбеушілігі мен немқұрайлылығына тап болғандығын: «Біз қайтып оралғаннан кейін бізді батыр ретінде қарсы алады деп ойладық. Бірақ шындық басқаша болды. «Неге ол жаққа бардыңыз?», – дегендей сұрақтардың қойылғандығын жазды. Бұл өз кезегінде КСРО мүддесі үшін жанын беруге даяр болған ауған жауынгерлерінің тағдырына емес, социалистік жүйенің құлдырауы мен сыртқы саясатқа көп мән берген Мәскеудегі билік өкілдерінің қоғамды ақпаратпен дұрыс қамтамасыз етпеуі сарбаздардың жан дүниесінде терең жара қалдырды.

Амангелді Теміржанұлы өз еңбектерінде соғыстан кейінгі қолдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетіп, ауған соғысы ардагерлер одағын құру арқылы бір-бірлеріне көмектесіп, ортақ проблемаларды шешудің жолдары реттеле бастағандығын баяндайды. Ауған соғысы ардагерлерін зерттеуші филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Ермекова полковник А.Жантасовтың әскери ерлігі мен бар өмірін осы кезеңді зерттеуге, тағдыр тәлкегіне түскен ардагерлердің шынайы жанашыры болуға арнағандығына жоғары баға береді.

Ауған соғысына қатысқан батырлар нарративті деректер негізінде шынайы, әсерлі әрі тәрбиелік мәні зор еңбектер жазып келеді. Ауған соғысы – қазақ халқының көптеген батыр ұлдары қатысқан тарихи кезеңдердің бірі. Бұл соғысқа қатысқан азаматтарымыздың ерлігі мен қайсарлығы ұмытылмауы тиіс. Олардың жасаған ерліктерін дәріптеу, болашақ ұрпаққа үлгі ету маңызы жоғары іс. Бұл бағытта қаһарман Борис Керімбаев пен оның жауынгерлерінің ерліктері, ауған соғысы ардагерлері туралы қалам тартып жүрген Б.Смағұлдың «Қазақтың «Қара майоры», Б.Сайланның «Ауған соғысының ақиқаты» және С. Қазақбаевтың «Кандагарский дневник» еңбектері және тағы басқа жинақтардың тарихи миссиясы өзекті. Осы мақсатта Ауған соғысы ардагерлерінің ерлік істерін насихаттау үшін шығармашылық жұмыстар жүргізу маңызды. Полковник Жантасовша айтсақ, соғыс тақырыбындағы еңбектер мен мақалалар жастарды елжандылыққа тәрбиелеп, «бейбіт өмірді сақтаудың» қаншалықты маңызды екендігін ұғындыруды мақсат тұтады.

Полковник А. Жантасов естеліктері – соғыс трагедиясынан аман қалған ұрпақтың дауысы. Олар бейбітшілік пен келісім кез-келген қақтығыстар мен қайшылықтардан жоғары тұруы керек құндылықтар екенін еске салады. Оның мысалдары көрсеткеніндей, ауыр сынақтардан кейін де адам жақсылыққа деген сенімді сақтай алады және оны басқалармен бөлісе алады. Елжанды ардагер ағаларымыздың құнды мысалдары ұрпақ санасына сіңеді деп сенеміз.

Қарулы Күштердің құрметті ардагері, Ауған соғысы ардагерлерінің жанашыры, отставкадағы полковник Жантасов Амангелді Теміржанұлын мерейлі 70 жасқа толуымен құттықтаймыз!

Асылжан БИЖАНОВ,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің докторанты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар