Ерлік — ұрпаққа ұран!
Биыл, 2025 жылы халқымыздың Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіне 80 жыл. Бұл атаулы меже үлкен ойға жетелейді. Өткенді, көп жәйттерді еске түсіреді. Біздің замандастарымыздың бірқатары Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің балалары. Олардың әкесі болмаса, атасы міндетті түрде соғыс ардагері болып келетін. Мен де солардың бірімін. Әкем – ардагер. «Ардагердің ұлымын!» деп мақтана жазған толғанысым да бар.
…Бүкіл батысты отқа ораған, жантүршігерлік қатыгездігімен ерекшеленген соғысқа аттанғандардың ешқайсысы тірі келемін деп ойламаған шығар. Соғысқа пәлен жыл дайындалып, өз тұрғындарының ой-санасын улап сапқа тұрғызып, әскери техникасын әбден жетілдіріп, тұтқиылдан өршелене тап берген фашизм жендеттері жайпап келе жатқанды. Еуропа елдері түгел табандарында қалды. Кеуделеріне нан пісті. Қатыгездіктері шектен шықты. Ұрыс даласындағы ойрандары өз алдына, ауыл-ауылда қалған қауқарсыз кәрі-құртаң, бала-шағаны қораларға қамап, тірідей өртеді. Концлагерлерде аштық пен суыққа соқтырып, итке талатып, тірідей отқа жақты. Міне, соларға қарсы біздің қырықтың қырқасына шыққан жігіт ағаларынан бастап, он жеті- он сегіз жасар жастарға дейін аттанып жатты. Көбі жастарын асырып жазып, сұранып кетті. «Елге жау шапты, баса-көктеп кірді» деген сөзді естісімен, қазақы намыстары алаулаған әкелеріміз үйде байыз тауып отыра алмады. Жігіттерді айтасыз, Әлия, Мәншүк, Хиуаздар сияқты қыздар да сөйтті. Және олар қалай соғысты? Әрқайсысы аты аңызға айналған батыр болып шыққан жоқ па?!
9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында, тіпті, оқу жылының өн бойында соғыс ардагерлерін мектепке шақырып, олармен кездесулер өтетін. Бәрі де сараң сөйлейтін. Соғыс сұмдығы туралы аз айтатын. Енді ойласақ, жап-жас балаларды шошытпайын, қорқытпайын дейді екен ғой. Не көрмеді дейсің олар?!. Тек ел басына күн туса, Отан қорғаудың әркімге парыз екенін ескертетін. Өздері айрықша ерлік жасағанымыз жоқ, ел қатарлы сол парызымызды адал орындап қайттық деп ойлайтын. Соғыс қасіретін көріп, аман оралған олар бейбіт күнде ерінбей-жалықпай, шаршап-шалдықпай ерекше ыждағатпен еңбек етті. Оларда «мынау үкіметтің жұмысы» деп уақытпен санасу, «сенбі еді, жексенбі еді, дем аламын» деген пікір болмайтын. Әсіресе, ауыл шаруашылығында. Төбелерінен төніп, ешкім қарап тұрмаса да өздеріне тапсырылған жұмысты тап-тұйнақтай етіп, тыңғылықты атқаратын. Әрқайсысы бір-бір тұлға, жауапкершілігі мықты, табанды. Сосын да жұмыс өнікті. Бір басшы жол-жөнекей біреуден сәлем айтып, жұмыс тапсырды ма, оған алаң жоқ, орындалады. Керісінше, бір азаматтың айтқан аманаты, сұраған өтініші аяқ асты қалып қоймауы олар үшін бөлек шаруа болатын. Өзіне сенім артқан адамның өтінішін орындамау үлкен өкініш, үлкен сын болмақ.
Өлім көріп, тізеден қан кешіп, көз алдарында қаншама жолдастарынан, ауылдастарынан айырылып келген қайран әкелеріміз бізді бетімізден қақпайтын, айтқанымызды істеп, еркелететін. Тек өз әкеміз емес, өзгелері де. Бір нәрсе сұрап барсаң айналып-толғанып, жылы сөзі мен мейірімін төгіп жүріп өтінішіңді орындайтын. Расында да өз әкеңмен сөйлескендей, соған еркелеп, міндет артқандай боласың. «Біз осы күнді көреміз дедік пе? Бізде балалық болып па еді? Енді, сендер еркелеңдер, ойнап-күліңдер!». Шамасы, көкейлерінде осы сөздер тұрады-ау. 1985 жылы «Соғыс ардагерлерімен кездесуден кейінгі ой» деген өлең жазғам. Бұл Ұлы Жеңістің 40 жылдығы тойланған кез.
Жанары жасқа толып еліктердің,
Сиқы кетіп мезетте көрікті елдің,
Соғыс өрті тұтанды ажал сеуіп,
Күміс көлдің жиегі көбіктенді…
Қаралы күн туғанда бөгеле ме,
Атадан қалған мұра – өр өнеге.
Аттанды қан майданға он сегіздер,
Іле сап домбырасын керегеге, –
деп басталатын сол жырым былай аяқталады:
Ұрыста не бір сұмдық, қате кем бе,
Мерт болды талай қыршын, аты өлер ме?!
…Толғана қараймын мен төрде отырған,
Әкеме және басқа әкелерге!
Бүгінгі жазбамның тақырыбын «Әкем және әкелерім» деп атасам, сонау жиырма бес жасымда-ақ ол кісілердің әкелік қамқорлық-мейірбандығын сезініп, құрмет тұтыппын. Демек, сол сезім-әсер өмір бойы жүрек түбінде сақтаулы болғаны ғой. «Ой, бұлар болашақ батырлар емес пе?! Әй, көрде тұр, бұлардың әрқайсысы керемет-керемет азамат болады әлі! » деп, бізді көтермелеп, сенім артып, арқаландырып отыратын.
Соғыс туралы әңгімені негізінен өзгелерге, келген қонақтарға айтқан сәттерінен ғана шала-пұла естіп қаламыз. Менің де естігенім көп емес. Әкем соғысқа 1942 жылы Сталинградтың трактор заводы түбінен түскен. «Сталин атындағы қаланы жауға бермейміз!»деп қиян-кескі ұрыс салып жатқан кез екен. «Екі адамға, үш адамға бір-бір жәшік патрон арқалатты да, алға, деді. «Мылтық қайда, винтовка қайда десек, «Мылтықты сол жерден аласыңдар. Аяқ астында толып жатыр» деді. Расында да солай болыпты. Алдыңғы шепке барса, күші екі есе басым, автоматпен қаруланған, нешеме жыл соғыста ысылған фашистер оқты қардай боратып, жайпап жатқан көрінеді. Өліп жатқан солдат, шашылып жатқан винтовка…
«Қырғын соғыс жүріп жатқанда шошымайтын, қорықпайтын адам болушы ма еді. Кейбіреулер жарақат алып, госпитальға кету үшін сол қолын көтеріп, оққа тосатын» дейтіні бар-ды. Өзі басынан жарақат алып, госпитальда жатқанда, біреулер келіп ақыл айтыпты. «Сен тәуір болып қалдың. Анау жараңды бірдеңе қылып бұзып-жарып жібер. Сонда жата бересің, әйтпесе, қайтадан соғысқа жібереді, өлесің». Әкем бұл ақыл айтушыны келістіріп «сыбап» жіберіпті. Сондайлар да болған ғой.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығына орай, әр ауылда сол өңірден соғысқа аттанып, құрбан болғандарға арнап ескерткіш салынып, олардың аты-жөндері жазылды. Жанында бір-екі адам бар әкемнің сол тізімді бір-бірлеп дауыстап оқығаны, оқыған сайын көзіне жас келіп, тамағына өксік тығылғаны есімде. Енді қайтсын-ау. Біреуі құрдасы, біреуі досы, енді бірі туысы, құлын-тайдай бірге ойнап өскен ауылдастары ғой. Бірге аттанған… Бұлар оралып келген, олар сол майдан даласында қалған. Көбінің қайда қалғаны да белгісіз…
Бала күнімізде Ұлы Отан соғысы туралы әдеби кітапты көп оқыдық. Олар Әди Шәріпов, Тахауи Ахтанов, Қасым Қайсенов, Бауыржан Момышұлы, Әзілхан Нұршайықовтардың кітаптары. Шыншыл шығармалар болған соң ба, өте әсерлі. Тура ішіне еніп кетеміз. Бір-бірімізге жарыса айтып, оқиғаларды көз алдымызға елестетеміз. Сосын, сол соғыс туралы кинолар өте көп жүреді. Біздің сүйіп көретін киноларымыз. Бірінен-бірі тартымды. «Освобождение», «Поезд особого назначения», «За нами Москва», «А зори здесь тихие», «В бой идут одни старики», «Семнадцать мгновений весны», не керек, толып жатыр. Алғы шептегілер, партизандар, тыл еңбеккерлері, қылы-қилы тағдырлар… Солардың бәрін оқып, көріп алған біз кеуделерінде орден-медальдары жарқырап, Ұлы Отан соғысының ардагерлері сыныпқа кіріп келгенде еркеше тебіреніс үстінде болатынбыз. Сол көріп-білгеніміз көкірегімізде қазандай қайнап, әрқайсымыз бала болсақ та сол сәт «Отан үшін» десе отқа түсуге дайын едік. Тәрбие солай. Тоғызыншы, оныншы сыныпта «Алғашқы әскери дайындық» сабағы өткенде, әскери тәртіп, сапта тұру, қару-жарақ түрлерін бұзып-жинау, атуды кәдімгідей меңгеріп шығатынбыз. Әскер қатарына баруға дап-дайын болатынбыз. Ұлдар да, қыздар да…
Көрген-білгеніміз солай ма, әйтеуір біздің барлық ойындарымыз соғыс, партизандар әрекеті болатын. Автомат, пистолет, қанжар, қылыш дегендерді ағаштан қолдан жасаймыз немесе әкелеріміз жасап береді. Ол соғыстарымызда жанымыз шығып кетсе де жау қолына тұтқынға түсу, жеңілу деген болмайды. Оған патриоттық намыс жібермейді!
Қазір ол әкелер жоқ. Ол кітаптар оқылмайды. Ол кинолар көрілмейді… Бүгінгі балалардың Ұлы Отан соғысы, онда ерлік көрсеткен жауынгерлер, тылда белі қайсып еңбек еткендер туралы білігі аз. Олардың ерліктері мен еңбектері туралы аз айтылатын сыңайлы. Өкінішті-ақ.
«Соғыстан кейін тамақ та, киім де жоқ болды. Совхоздың сиырын бағатынбыз. Сол малға беретін жемнен аздап, уыстап алып, қуырып жейтінбіз. Әкең соғыстан киіп келген гимнастеркасын әбден ақжем болып тозғанша, пәлен жыл киген» деп отыратын анам.
1982 жылы ҚазМУ-ді бітіріп, аудандық газетке жұмысқа орналастым. Алғашқы редакторым Ұлы Отан соғысының ардагері, әрі офицері, көптеген наградалар иегері Ізтөлеу Көпбаев ағай. Көптеген партия-совет қызметінде жауапты лауазымдарды атқарып, зейнеткерлікке таяған шағы. Аса сауатты, өмірлік тәжірибесі мол қатаңдау басшының көңілінен «ә» дегеннен шыққам. М.Қаратаев, З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Қ.Мырзалиевтер сабақ берген ҚазМУ-дің партасынан жаңа шыққан кезім. Қаламым алмас қылыштай лыпып тұр. Неге ұнатпасын. Бір күні кабинетіне шақырып алып, құпиядай ғып тапсырма берді. Қайратты қара шашын шалқасынан қайырған, өткір жанарлы, бір аяғы саннан төмен жоқ, балдақпен жүретін бір азамат болатын. Қыбын тауып, тікмінездеу сол кісіні сөйлетіп, мақала жазуым керек. Тапсырма осы. Жұмыстан соң, ол кісі үйіне келіп, шай-пұйын ішіп болды-ау деген кезде Ізекең өзінің қызметтік көлігімен апарып, есігін көрсетіп, «Жолың болсын» деп ымдап, түсіріп кетті. Әлгі ағай тілші сұрағына жауап беруге қарсы болған жоқ. Көлемді, тартымды бір очерк туды. Сол әңгіменің ішіндегі есте қаларлық оқиғаны айтпақпын.
Соғыс. Қыстың қақаған күні. «Ура!» деген ұранмен солдаттар окоптан тұра-тұра шабуылға шығады. Қарсыдан оқ себелеп, аннан-мұннан снарядтар жарылып жатыр. Қан қызған, ондай-мұндайға қарап жатқан адам жоқ. Біреу оқ тиіп құлап жатыр, біреу тұрып, біреу еңбектеп, тұруға тырмысуда. Не болса да алдағы бекіністі алу керек! Осылай жантәсілім жүгіріп келе жатқанында жақын жерден снаряд жарылып, бұл кісі мұрттай ұшады. Ес-түс жоқ. Ымырт үйіріліп, қас қарайып, қырғын ұрыс басылады. Ұрыс даласында жайрап жатқандар ішінен кеудесінде жаны барларын жинау басталады. Бір аяғы санынан жоқ мұның тірі екенін байқап, госпитальға алып кетеді. Ол қалай қансырап өлмеген деңіз?.. Снаряд жарылып, аяғын жұлып кеткенде аяғына киген кәдімгі байпағының (пима) бір сүйемдей қонышы бөлек қиылып, қара санына кептеліп қалады. Тура санына қыл бұрау салғандай. Соның салдарынан қансырамай, жаны қалған. Қазақтың «Құдай қақты» дегені осындай кезде айтылатын шығар. Ондай болады деп кім ойлаған. Сөйтіп, киізден қиып салған қыл бұраудай қоныштың арқасында бұл кісі аман қалған екен.
Жалпы, соғыстан мүгедек болып, бір аяқсыз, бір қолсыз, бір көзсіз азаматтар сау адамдардан қалыспай, ешқандай кеңшілік сұрамастан жұмыс жасап жүрді. Оларды мүсіркеу мүмкін емес-ті. Ондайға қайсар жандардың өздері жол бермейтін. Бұл олардың қажыр-қайратының, мұқалмас, мүжілмес намыстарының көрінісі. Басынан жарақат алған әкем де сол кемістігі көрсетілген, мөрі басылған қағазын жыртып тастап, әскери комиссариатқа айтпаған. Әйтпесе, сол қағазымен-ақ жеңіл жұмыс жасап, мүгедек ретінде пенсиясын алып жүре беруіне болады екен. Ал, ол болса, керісінше қайнаған жұмыстың қақ ортасында, қысы-жазы тыным көрмей, ат үстінде жүрді. Мұндай жағдай тек менің әкемнің ғана басында емес, талайлардың тағдырында болды. Олар мүгедектікті намыс көрді. Шағынған жоқ, шағымданған жоқ, ел үшін соғыста да, еңбекте де жандарын аямады.
9 мамыр қарсаңында салтанатты жиын өтіп, ардагерлер шақырылатын. Сонда, шіркін-ай, ауыл клубының жартысы ардагерлер болушы еді-ау!… Ол енді қайтып біз көре алмайтын көрініс екен!.. Орден-медальдары жарқылдап, балалардың тақпағы, ән-жырына мәз болып отыратын. Мойынымызда қызыл галстук, барабандарымыз даңғырлап, горндарымыз барылдап, олардың алдында жүректеріміз тарсылдап, біз жүреміз. Сондағы олардың бізді аялай қарап, «айналайындаған» жанарларын айтсаңызшы!
Тарихтан сабақ берген артиллерист, соғыстан аға лейтенант шенінде оралған Қалу Қалбағаев ағайымыздың әңгімесі бір төбе! Ұлы Отан соғысы бойынша тақырыпты айтып бола келіп: «Дәл осы күні, осы сағатта менің взводым мына жерде тұрған болатын» деп бастап, сол күнгі оқиғаны баяндап беретін. Сөйтіп, оқулық бетіндегі тарихтың куәгерін тыңдайтынбыз.
Қазір Жайық жағасындағы Жарсуатта бірде-бір соғыс ардагері қалған жоқ. Ең соңы болып, менің әкем 2014 жылы өмірден өтті…
Ол кез күнде қол телефонға суретке түсетін кез емес. Фотоаппараттың өзі сирек. Сондықтан, фотолар да көп емес. Дегенмен, менде бір қызық сурет бар. Онда біздің ауылдың 20 ардагерінің бейнесі! Сол, ауылдағы Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған, аты-жөндері тізілген ескерткіш қалды.
Түрегеп тұрғандар: Нығыметов Сыдиық, Айтуаров Есенаман, Жасмағамбетов Қами, Мурзин Құбаш, Есқалиев Қапар, Өтепқалиев Зинел, Дүмбаев Қажымұрат, Нысанғалиев Хамза, Еғалиев Бисекеш, Азанов Шәкім, Байғожин Сейфолла, Ахмедияров Хамит, Үркімбаев Бақтыгерей, Айтқазы, Өтәлиев Бисен, Нұрғалиев Жаңбырбай, Мұстафин Орынбасар. Отырғандар: Қуандықов Рақымғали, Жетпісқалиев Сапар, Қалбағаев Қалу. Әкемнің алдында тұрған бала менің марқұм ұлым Айболат. Қызым Айна ұстазым Қалу ағайдың алдында.
…Осы бір суретке ұзақ қарап отырып қаламын. Әрқайсының мейірбан, жылы үндері құлағыма келеді, айналып-толғанғандары есіме түсіп, жүрегім елжірейді. Міне, осы кісілер әперген Ұлы Жеңіске 80 жыл толыпты. Біздің бүгінгі тайраңдап жүргеніміз сендердің арқаларың, ардақты әкелер!.. Ерліктеріңді біз ешқашан ұмытпаймыз!.. Жандарың жәннатта болсын, қайран ерлер!..
Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Көкшетау қаласы.
(Сурет автордың жеке архивінен алынды).