Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл
Екінші дүниежүзілік соғыстың 80 жылдығына орай, облыс орталығындағы Мәлік Ғабдуллиннің есімі берілген музей ұжымы бірқатар маңызды да мазмұнды шараларды атқармақшы.
Кеңес Одағының Батыры, запастағы гвардия полковнигі, КСРО Ғылым Академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллиннің Ақмола облысындағы Зеренді ауданының Қойсалған ауылында дүниеге келгендігін көзі қарақты жалпақ жұрттың бәрі біледі. Батыр Ұлы Отан соғысы кезіндегі қанқасап майданда ерен ерлігімен аты аңызға айналған панфиловшылар дивизиясының құрамында Мәскеу қаласын ерлікпен қорғауға қатысты. 1943 жылы 30 қаңтарда Мәлік Ғабдуллинге Ленин орденін және Алтын Жұлдыз медалін қоса тапсырумен қатар, Кеңес Одағының Батыры жоғары атағы берілді. Асылында, жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин екі жоғары атақ – Батыр әрі академик атағын алған жалғыз тұлға. Майдандағы ерлігі өз алдына, 1956 жылы КСРО Педагогика Ғылымдары академиясының толық мүшесі болып сайланды.
Мәлік Ғабдуллин – майдан даласындағы қаруластарының есімін мәңгі өлмес тарих бетінде қалдырған, жан алып, жан беріскен қиянкесті соғыс оқиғаларының толық хронологиясын жазған, табиғат сыйлаған дарынының арқасында доктор, профессор, академик ғылыми дәрежелерінің асқаралы шыңына шыққан талант иесі. Гуманизм мен азаматтықтың әдемі үлгісі болып табылатын қазақ халқының көрікті ұлы үш мәрте КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланған, педагогтардың тәлімгері атанған мемлекеттік қайраткер. Бүгінгі заманда осындай тамаша тұлғаның майдандағы ерлігі мен бейбіт замандағы ғылымға қосқан сұрапыл еңбегін насихаттау кейінгі ұрпақ үшін парыз.
Наурыз айында Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толуына орай қазақ күресінен Көкшетау қалалық турнирі өтеді. Күрес қана емес, мамыр айында Мәлік Ғабдуллиннің жүлдесі үшін бокстан қала мектептерінің 9-10 сынып оқушылары арасында турнир ұйымдастырылады. Бәлкім, қазақ күресінің, бокстың қатысы қанша дерсіз? Негізінде спортпен көкірегінде жігер оты жайнаған жастардың айналысатындығы белгілі. Білегінен күш саулап тұрған жас толқын тек қара күштің ғана иесі емес, алдыңғы толқын ағалардың ішінде өр тұлғасымен зәу биікке көтерілген, халқы құрметтеген тұлғалардың ел қорғаған ерлігін, әдебиет, өнер майданындағы рухани әлемімізді нұрландырып, он сан олжа салған еңбегін білгені дұрыс. Бұл жастарды патриоттық сезімге баулудың бір парасы. Жауырыны жер иіскемейтін жампоз жігіттер Мәлік аталарындай ел қорғайтын азамат болуы керек. Міне, осы орайда, боз кілемнің үстінде белдесу ғана емес, балуандармен жүздескен кезімізде батырдың алдаспандай жарқыраған бейнесін, бітім-болмысын, адамгершілік ажарын, пайымды парасатын жіпке тізгендей етіп айтып, көкіректеріне сіңірмекпіз. Батырдың өзі де тәрбиеге ерекше мән берді емес пе? Академик ағамыздың артына қалдырған мол мұрасының ішінде «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес» деп аталатын жинағы бар. Бұл жинақ сонау 1966 жылы «Мектеп» баспасында басылып шыққан. Өскелең жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу үшін қажетті көмекші оқу құралы ретінде ұсынылған еңбек. Зер салып оқысаңыз, патриоттық рухта тәрбиелеудің қыр-сыры жетеңе жеткізіле айтылады. Педагог ғалым осы еңбегін жазудағы басты мақсатын өзі де айтып кеткен.
Назар аударып қараңызшы, академик ағамыз былай дейді: «Әрине, жас ұрпақты тәрбиелеу жөнінде ата-аналарға арналған бұл еңбекте барлық мәселе қамтылған жоқ. Олай ету мүмкін де емес. Біз жастарды семьяда, мектепте, коллективте тәрбиелеуде қолданылып және нәтиже беріп жүрген жұмыс түрлерінің кейбіреулерін ғана алдық. Соларды ретіне қарай пайдалана білсек, бала тәрбиелеудегі ісіміз сәтсіз болмас деп ойлаймыз. Бұл – бір. Екінші. Жас ұрпақты тәрбиелеу мәселесі жайында ата-аналарға арналып қазақ тілінде жазылған еңбектер бізде онша көп емес. Сондықтан, еңбегіміздің алғашқы бөлімінде революциядан бұрынғы кездегі тәрбие, әсіресе, жастарды ерлік, батырлық рухта тәрбиелеу жөнінде қандай мақсатты көздейтін жұмыстар жүргізілуі қажет деген мәселеге қысқаша шолу жасалады. Бұлай ету – бүгінгі тәрбиенің мақсатын айқын түсіну үшін және соған сәйкес жүргізілетін тәрбиелік жұмыс түрлерін білу үшін керек болды».
Жас ұрпақты жасампаздыққа тәрбиелеу, ерлікке баулу ықылым заманнан бері Алаштың абыз ақсақалдарының төл міндеті болып келген. Бұл іске жалғыз ақсақалдар ғана емес, барша қоғам, көкірегіне қаттап қазына жинаған зиялы қауым хал-қадірінше үлес қосуы қажет деп ойлаймын. Біздің музей ұжымы ерлік пен өрлік шыңдалар қазақша күрес өнеріне титімдей үлес қоса отырып, боз кілемнің балуандарын ғана емес, елін, жерін сүйетін патриоттарды тәрбиелеуге үлес қоссақ, артықтығы болмас.
Халықаралық музейлер күніне орай Мәлім Ғабдуллин музейінің отыз жылдығына, Батырдың туғанына 110 жыл толуына орай «Мәңгілік тұлғалар» атты республикалық музейлер фестивалі өткізілмек. Фестиваль барысында Батырдың ерен ерлігі ғана емес, педагогикалық еңбегі, әрқилы зерттеу жұмыстары насихатталмақ.
Ықылым заманнан бері тұлпардың тұяғын, сұңқардың қанатын тоздырған кең далада күн кешкен Алаш баласы батырлық, ерлік жырлары арқылы жас ұрпақты отаншылдыққа, ерлік рухқа тәрбиелеп өтті емес пе?! Бүгінгі күні жаһандық дәуірде өмір сүріп жатқан қазақстандық тәрбиелеу-білім беру мекемелерінің өзекті мәселесі де осы. Академик, жазушы өзінің педагогикалық еңбегінде осы мәселеге баса назар аударады. Кітаптың «Тәрбие туралы» атты бірінші бөлімінде бұл мәселеге тереңірек тоқталады. Жас ұрпақтың көкірегінде елжандылық, ұлтжандылық сезімдері қалыптасуы үшін тереңнен тамыр тартқан бабалар мұрасы назардан тыс қалмауы керек. Осы мәселені жан-жақты зерттей келе, Батыр жас ұрпақты ерлік рухта тәрбиелеу жалпы жұртты толғандыратын мәселе екендігіне тоқталады. Мынадай анықтама ұсынады: «Кейінгі жас ұрпақты коғамдық іске еңбекке, қызмет етуге, жігерлі болуға үйрету мақсатымен адам баласының қоғамдық өмірінде, тарихында, тұрмыс тіршілігінде қалыптасқан өмір тәжірибесін, мінез-құлық пен дағдыны тәрбие дейміз. Және де адамның өмірден алған, тұрмыста сыналған тәжірибесін басқа біреуге үйретуді де тәрбие деп атайды. Тәрбиенің түрлері көп. Солардың ішінен бастылары: еңбек тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, дене тәрбиесі, эстетикалық тәрбие, семьялық тәрбие, моральдық тәрбие, коммунистік тәрбие, тағы басқалары. Бұлар – бір ғасырдың емес, көп ғасырдың жемісі. Сондықтан да, ол адам баласының тарихымен бірге жасасып, жас ұрпақты тәрбиелеу жолында сан ғасыр бойына қоғамдық қызмет атқарып келеді. Осы тұрғыдан алғанда тәрбиені тарихи категория деп қараймыз. Өйткені, адам қоғамы дүниеге келгеннен бастап-ақ тәрбие де пайда болды, содан бері қарай, күні бүгінге дейін дамып келеді».
Міне, даналық дәптерінен алынған шөкімдей ойдың шұғыласы осы бір мезеретті меңзейді емес пе? Біздің ұжым жерлес батырды «Ұрпаққа өнегесін мирас еткен» деген тақырыпта еске алу кешін де өткізбек. Кеш барысында өміршең өнегенің сан салалы қыры, әр сөзінің астарындағы кәтепті қара нарға жүк болатын салмақ сараланады.
Бұл арада көне тарихтың көмбесін ақтаруға тура келер. Бізге жеткен деректерді тірілтсек, екінші дүниежүзілік соғысы қарсаңында 1939 жылы Ақмола облысы қайта құрылып, Ақмола қаласы облыстың әкімшілік орталығы болып белгіленгендігі мәлім. Соғыс басталғанда қалада әскери құрамалар – 310, 387, 29-ыншы атқыштар және 106-ыншы атты әскер дивизиялары құрылды. Олар Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарынан алынған адамдардан жасақталды. Ақмола қаласынан шақырылған 14 723 сарбаз осы және басқа да құрамалар сапында Отанымыздың тәуелсіздігі мен бостандығы үшін жан аямай шайқасты. Олардың жартысы – 7414 майдангер ерлікпен қаза тапты. Майданда көрсеткен ерліктері үшін көптеген ақмолалық майдангер ордендермен және медальдармен марапатталды. Атап айтқанда, 41 адамға ең жоғарғы награда – Кеңес Одағының Батыры атағы берілді, 7-еуі «Даңқ» орденінің толық иегері болды. Олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры атағына екі мәрте ие болған ұшқыш, генерал-майор Талғат Бигелдинов, Кеңес Одағының Батыры, егемен еліміздің тұңғыш Халық Қаһарманы, тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағанбетов, Ақан Құрманов, Әлмұхан Сембинов, Виктор Малышев, Юрий Малахов, Алексей Петров, Михаил Сальников, Халық Қаһарманы, Рейхстагқа жеңіс туын тіккендердің бірі Рақымжан Қошқарбаев және басқалары бар. Облыстан майданға алынған жауынгерлер басқа да әскери құрамалар мен бөлімшелер құрамында болып, барлық жерде де Отанымызды табандылықпен қорғай алатын нағыз, ержүрек жауынгерлер ретінде таныла білді. Міне, осындай ерлік дастанын қалай жырламасқа? Бұдан басқа да Жеңістің 80 жылдығы мен Рамазан Елебаевтың туғанына 115 жыл толуына орай, «Жас қазақ» әні жайлы бір үзік сыр» тақырыбында бейнебаян түсірілмек. «Жас ұлан» әскери патриоттық клубына жаңа мүшелерді қабылдаймыз. Ол «Батырлық салты – ұрпақ сабақтастығы» тақырыбында өтеді. Міне, осылайша туған жердің бір шөкім топырағын басқыншы жауға бастырмаймын деп асқан ерлік көрсеткен есіл ерлердің аруағына тағзым етеміз.
Кенжебай МҰҚЫШЕВ,
Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.