Көкшетауда әуе қатынасы неге әлсіз?..

Түйткілді мәселе

Осы сауалды біз Көкшетау әуежайының директоры Ерлан Құсайыновқа қойдық

 Көкшетау әуежайы халықаралық стандарттарға сәйкес ұшу салмағын шектеместен әуе кемелерінің барлық түрін ұшыруға қабілетті. Қажетті инфраструктурамен жабдықталған әуежай қызметі кедендік және паспорттық бақылау режимінде жұмыс істейді. Соған қарамастан, тұрғындар рейстердің аздығына және өзгермейтін билет бағасына жиі шағымданады. Жолаушылар не себепті Астана және көршілес Петропавл қалаларынан ұшуды жөн көреді? Біз бұл жөнінде Көкшетау әуежайының директоры Ерлан Құсайыновпен және Ақмола облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаковпен жолығып, жағдайды білдік.

Көкшетау әуежайы 2010-2013 жылдарға арналған аэровакзалды қайта құру және инфрақұрылымды жақсарту мақсатындағы бағдарлама аясында толыққанды күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңарып, жаңа леппен өз жұмысын жаңғыртқан болатын. Содан соң 2022 жылы әуежай қонақ үйі мен ұшу құрамы ғимараттарына жөндеу жұмыстары жүргізілген еді. Соның нәтижесінде барлық санаттағы жолаушыларға және күтіп алушылар мен шығарып салушыларға ұшу алдындағы және ұшып келу бойынша кешенді қызмет жақсара түскен. Әуежай алаңындағы өз ісінің мамандары жолаушыларға авиабилеттерді және багаждарды тіркеу, төлқұжаттық бақылау, ұшаққа өту, отырғызу сияқты өзге де қызметтер көрсетеді.

Көкшетау әуежайының директоры Ерлан Құсайыновтың айтуынша, күрделі жөндеуден өткеннен кейін әуежай қызметі 171 тоннаға дейінгі әуе кемесін жөнелтуге қауқарлы болған. Оның сөзінше биылғы жылы да әуежай қызметі жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және өңірдің көлік мүмкіндіктерін кеңейту бойынша стратегиялық жоспарлар шеңберінде дамуды жалғастырмақ ниетте.

Біз биылғы жылы әуежай қызметінде қарқынды жоспарларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Жоспар бойынша ішкі бағыттар дамытыла отырып, Қызылорда бағытына рейстерді ашып және Ақтауға қатынайтын рейстерді қалпына келтірілмек.  Сонымен қатар, халықаралық рейстерді де кеңейте отырып, жолаушыларымызға Ресей және Өзбекстан сияқты мемлекеттерге ұшу мүмкіндігін туғызуды қолға алмақпыз, – дейді Ерлан Құсайынов.

Бүгінде Көкшетаудан «Скат» және «Qazaq Air» компанияларының ұшақтары Алматы және Шымкент бағыттарына аптасына екі рет ұшады. Алдағы уақытта Ақтау және Қызылорда бағыттарына да да рейстер жиілігін арттыру көзделуде.

Көкшетау әуежайының менеджері Бақыт Жәнібекова жолаушылардың саяхатының жайлылығы үшін әуеайлақта барлық жағдай жасалғандығын айтады. Әуежайда буфет, асхана, VIP, CIP залдары, медпункт, ана мен балаға арналған арнайы орындар және телефон қуаттайтын станциялар бар. Жолаушылар үшін тәулік бойына тегін Wi-Fi қызметі жұмыс істеп, алаңдарға терминалдар орнатылған. Әуежай қызметкерлері жолаушыларды тіркеуден бастап отырғызуға дейін сапардың әртүрлі кезеңдерінде арнайы оқытылады. Соның нәтижесінде өз ісінің білікті мамандары келушілерге сапалы қызмет көрсетеді. Жолаушылар өзінің сапары туралы мәліметтерді электронды дисплейлер мен ақпараттық панельдер арқылы жылдам алады. Жалпы, Көкшетау әуежайының қызметіндегі багаж бен жолаушыларды тексеру жұмыстары халықаралық стандарттарға сәйкес келеді.

Осы тұста жоғарыда айтып өткеніміздегідей, Көкшетау әуежайында жолаушылар үшін бар жағдай жасала тұра, қызмет сапасы көңілге қонарлық болса да, ондағы рейстер неге аз және билет бағасы өзге қалалармен салыстырғанда неге жоғары деген заңды сұрақтар туындайды. Оның үстіне Ақмола облысы республикамыздағы туристік аймақ екендігі ескерілгенде, облыс орталығындағы әуежай жұмысы да тәулік бойы қыза түсуі қажет қой деген ой да қылаң беретіні сөзсіз. Біз бұл сұрақты алға тартқанымызда әуежай тарапы әуежай мен әуе тасымалының экономикалық және ұйымдастырушылық аспектілеріне байланысты бірнеше себептерін атады. Сонымен қатар, олар рейстердің өте аздығын және билет бағасының жоғары екендігін және ұшу орындалғанша бастапқы бағаның өзгермейтіндігін жоққа шығармады.

Көкшетау шағын қала болғандықтан, халқының саны да шектеулі. Әуе қатынасына және халықаралық сұраныс болған жағдайда серіктес авиакомпаниялар ұшу жиілігін арттырып, жаңа бағыттарды ашқан кезде оның экономикалық тиімділігін көре алмауы мүмкін. Жақын аймақта бәсекеге қабілетті әуежайлардың болғандығынан бізге келетін жолаушылар да аз болып жатыр. Сол себепті ішкі рейстер де қаржылық тұрақтылықты көтере алмайды, –деді Ерлан Құсайынов жағдайдың негізгі себептерін атап.

Ерлан Құсайынов жағдай осылай екен деп қарап отырмай, бұл түйткілдерді шешу үшін қолдан келгенін жасап жатқанын айтады. Рейстер санын арттыру үшін әуекомпанияларды тарту, бағыттарды субсидиялау, баға саясатын қалыптастыру сияқты жұмыстар жүргізілуде. Бұған министрлік тарапы да араласып, инвестиция мен субсидия мәселелерін қолға алса, осы жағдайды шешудің тиімді құралы болар еді дейді ол.

Шыны керек, Көкшетауға әуеқатынасының қолайсыздығы жыл сайын көлік қатынасына да әсер етіп жатыр. Бурабай, Зеренді сияқты ірі демалыс аймақтарына бару үшін де жолаушылар әуеқатынасы тиімсіз болған соң, автокөлікке жүгінуге тура келеді. Ол, әрине, өз кезегінде жол қатынасын қиындатып, жол апаттарына да алып келеді. Бұл сөзімізге жыл басында Астана-Щучинск тас жолында бір мезетте 95 көліктің соқтығысып, көптеген адамдардың жарақат алғаны және бұл жағдайдың жол қозғалысына айтарлықтай кедергісін туғызғаны дәлел. Біз материалды дайындау барысында Ақмола облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшылығын да бұл мәселеге араластыруды жөн көрдік. Басқарма басшысы Владимир Кулаков аймақтың инфрақұрылымын жақсарту үшін ведомствоның әуежаймен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтінін алға тартады. Оның айтуынша, жыл сайын басқарма мен әуежай тарапы бірлесіп, тиісті министрлікке авиамаршурттарды субсидиялауға және авиакомпанияларды тартуға өтінімдер беретін көрінеді. Бірақ, бұл жұмыстар тез арада атқарыла қоймайтындықтан, жағдай осылай шиеленісе түсетін көрінеді.

Жыл сайын басқарма атынан Қазақстан Республикасы көлік министрлігіне Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Қызылорда және өзге де қалаларға әуебағыттарын субсидиялауға және қолданыстағы әуемаршуттарының жиілігін арттыруға өтінімдер жіберіледі. Бірақ, бюджет тапшылығы салдарынан мәселе тез шешіле қоймайды, – дейді басқарма басшысы өз кезегінде.

Белгілі болғанындай, 2023 жылы Шымкент қаласына қатынайтын әуебағыты ашылып, министрліктен субсидия мақұлданыпты. Ал, биылғы жылы министрлік Көкшетау әуежайынан Қызылордаға қатынайтын әуе бағытына қаражат бөліпті. Қазіргі уақытта әуе рейсін жүзеге асыратын компаниялар арасында конкурс өткізіліп жатыр. Соның нәтижесінде жолаушылар Көкшетаудан Қызылордаға аптасына екі рет қатынайтын болады.

Өткен жылдармен салыстырғанда соңғы екі жылда жаз маусымында әуебағыттарының жиілігі арта түсіп, әуежай қызметі сыйымдылығы үлкен ұшақтарға қол жеткізген.

P.S. Біз жоғарыда Көкшетау әуежайының басында үнемі тек қараң-құраң жолаушылар ғана жүретіндігінің бірнеше себептерін атадық. Ақмола өңірі туристик аймақ екендігін алға тартып, жолаушыларға әуеқатынасын реттеп беру мәселелерін көтердік. Жыл сайын аймақта жол қатынасы қиындап, көлік апаттарының жиі орын алатынының алдын алудың бір жолы да осы әуеқатынасын жақсарту деп ойлаймыз. Олай болса, тиісті министрлік те бұған назар аударып, қажетті шараларды қабылдайды деп үміттенеміз.

Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
 «Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар