Қаһарман тұлғаның кинодағы шынайы бейнесі сомдалса…

Алдымызда даңқты жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин ағамыздың 110 жылдық мерейтойы да келе жатыр. Нағашы ағайым болып келетін батыр Мәлік біздің әкейдің ауылынан төрт-бес шақырым жерде Желтау тауының Зерендіге қараған жағында орналасқан Қойсалған атты елді мекенде туып-өскен. Ал, біздің әкей сол таудың Көкшетауға қараған бетінде орын тепкен Құлет, «қырғыз елі» деп аталатын ауылдың тумасы. Мәлік бастауыш мектепті осы біздің әкейдің ауылында оқып, алғашқы сауатын ашқан.

Өткен он-он бес жылдың ішінде біздің елімізде Ұлы Отан соғысының батырлары жайында басқа елдердің киностудияларымен бірлесіп, екі-үш көркем фильм шығарылды. Қандай фильмдер екенін көпшілік көрермен білуге тиісті.

Енді алдағы жылдары басқа елдің араласуынсыз, өз жерімізде «Қазақфильм» киностудиясымен біздің батыр жерлесіміз Мәлік Ғабдуллин жайында да жақсы кино түсіруге болар еді деймін.

Иә, оның басты сюжетін біздің халық жазушымыз «Әз ағаң», Әзілхан Нұршайықовтың Мәлік Ғабдоллаұлы жайындағы шағын әңгіме-эссесіндегідей, Мәліктің Алматыдағы Абай педагогикалық институтынан кейін отызыншы жылдардың соңына қарай кіші командир, офицер атағын алу үшін Ферғанадағы оқу-жаттығу әскери бөлімінде жарты жылдай болғанынан бастаса. Барлық пән жаттығуларынан жақсы, өте жақсы деген бағалар алса да, Алматыдан барған үш-төрт қазақ жігітіне оқу-жаттығу бөлімшесінің командирі сол атақтарын бергізбей, қайтарып жібермекші болады. Сонда Мәлік ағаның және басқалардың «неге бәрін ойдағыдай, жақсы бағаларға тапсырған біздерге, жоғары білімді мамандарға берілуге тиісті әскери атақты бергізбейсіз, не себепті?» дегеніне, орыс шовинист бастықсымақ командирі «әй, сендерге, азият-қырғыздарға сол командирлік офицерлік атақтың не керегі бар, сендер бәрібір офицер, әскери командир бола алмайсыңдар, бар, жүре беріңдер» деп жолдық тамақ және тәуліктік қаражаттарын да бергізбеген. Әйтеуір, оның иманжүзді орынбасары, орыс өз үйінен әкелген, пісірілген етін, тамағын беріп, шығарып салады.

Содан кейін соғыс басталып, Мәлік Ғабдуллин ағайымыз Алматыда жасақталған генерал Иван Панфиловтың 316 атқыштар дивизиясында саяси жетекші,  яғни, политрук, аға лейтенант болып, өзінің тек жетекші коммунист басшы ғана болып қана қоймай, нағыз ержүрек, батыл командир екендігін де көрсетіп, 1943 жылы Кеес Одағының Батыры атағын алады. Ол өзінің жауынгері, батыл да өжет Төлеген Тоқтаров екеуі батыр атағын алған қазақтардың алғашқыларының бірі еді.

Содан кейін оны Москваға Совет Армиясының орталық саяси бас басқармасына қызметке ауыстырады. Содан 1944 жылы ол сол өзінің бастықсымақ командирі болған орысты тағы да ойламаған жерден кездестіреді.

Иә, бұрынғы менменсінген тәкаппар командирсымақ жүдеп, көздері жәутеңдеп, бас штабтың бір коридорында кабинет есіктерін қарағыштап, бірдеңе сұрамақшы кейпінде жүрген-ді. Оны таныған Мәлік аға тоқтап, жөн сұрасқан. Ол сол сұрапыл соғыстың алғашқы ауыр жылдарында қоршауға түсіп, немістерде тұтқында болған екен. Бар құжаттарынан айырылып, енді сол құжаттарын ретке келтіруге көмек сұрай келіпті.

– Иә, онда мен сізге көмектесейін, – деп Мәлік өзінің басшысы генералдың көмегімен құжаттарды қайтадан жасатып, зейнеткерлікке шығуына көмек жасайды.

Содан оның керекті құжат қағаздарын беріп тұрып:

– Ал, сіз әлі мені танымадыңыз ба? – деп сұраған.

Ол әлі танымағандай болып, «жоқ, танымадым ғой» деп төмен қарай береді. Содан Мәлік ағайымыз әскери подполковник шенінде, кеудесіндегі Кеңес Одағының Батырының алтын жұлдызы жарқырай оған тіке қарап:

– Сіз Ферғана қаласындағы әскери-оқу жаттығу бөлімінің бастығы, менің командирім едіңіз. Сонда қолыңыздан келіп тұрса да, әскери шенімізді бергізбей, бізді ренжіте менсінбей сөйлеп, «сендер Қызыл Армияның офицер командирлері бола алмайсыңдар, соғыса да алмас едіңдер, сендерге азият киргиздерге басшы командир атағының не керегі бар?, – деген сол үш-төрт қазақ жігіттерінің бірі мен едім.

– Ал, енді көріп тұрғаныңыздай, біз қазақ міне, соғыса да, Қызыл Армияның басшы командирі де бола білдік, – дейді.

Орыс одан сайын көзін бақырайта, қорқыныш ұялата ауызын жыбырлатып, жыламсырай, «кешір, кешір мені» дей берген.

– Жарайды, сіз енді біздің қазақтың, азияттардың кім екендерін біле жүріңіз. Және енді өз ұл-қыздарыңызға, немерелеріңізге айта жүріңіз. Біздің қазақ халқында «таспен атқанды, аспен атып, сабасына түсір» деген нақыл сөз бар. Соны да ойлап, түсініп біліп қойыңыз, – деген екен.

– Айтамын, айтамын, енді түсіндім, білдім сіздер, қазақтар жай халық емес екендеріңізді, кешіріңіз мені, – дей беріпті әлгі адам.

Міне, осы Әзілхан Нұршайықовтың эссе әңгімесіндегі екі кездесу сюжеттері Мәлік батыр туралы толық метражды көркемсуретті фильмнің негізгі арқауы болса. Иә, жағдай келсе, осы үш-төрт бөлімді фильмді шығаруға біздің Ақмола, Көкшетау елінің басшылары мен жағдайлары бар атымтай жомарттары жабыла ат салысса. Фильмнің соңғы бөлімінде де сол орыс шалының өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының бірінде Қызыл алаңда Мәлік Ғабдуллин мен Талғат Бигелдиновты сырттай кездестіріп танығанын келтірсе. Онда сол қазақтың екі батыр ұлдарының, Совет Одағының Жоғарғы Кеңесінің депутаттарын қасындағы өз ұлы мен жас немересіне көрсете:

– Әне, қараңдар қазақтар, батыр ерлер, ұлы халықтың ұлдары, оларды сендер де біліп жүріңдер, – десе. Бұл фильм осы сырттай қарапайым ғана болып көрінген нағыз қазақтың, үлкен жүректі азаматтың өмір жолдарының үш кезеңін, биік белесін толық көрсете алса, бар халқымызға әлемге жеткізе алса, нұр үстіне нұр.

Ол – біріншіден сол соғыста майдан даласындағы жеке батырлығы, басшылығы. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірдегі нағыз адал өмірі, азаматтық қарапайым іс-әрекеті. Өзінің туған жері Көкшетауы мен Бурабай, Зерендісінің сұлу табиғаты батырымен бірге асқақтатыла көрсетілсе. Сонымен қатар, оның ағартушы үлкен ғалымдығы және мемлекеттік қайраткерлігі де ұмытылмауы керек. Жас та аз ғұмырында ол артында көп еңбек жолын, одан әрі жалғаған шәкірт, жоғары білімді мамандар қалдырды. Оны бүгінгі жас ұрпақ та, алдағы келер ұрпақтар да біліп, есте сақтауы керек. Сонымен қатар, фильмнің жалғыз кейіпкері ғана болмай, қасында замандас, тағдырлас басқа да таныс батырлар, қазақтың ардақты ұлдары да болуы тиісті. Ол әйгілі қолбасшы Бауыржан, батыр ұшқыш Талғат, ұлы ақын Жамбыл, жолбарыстай батыл да өжет Төлеген  және сырттай болса да Жұмабек Тәшенов, Рақымжан Қошқарбаев және тағы сол сияқты белгілі тұлғалар.  Міне, сонда ғана нағыз біздің қазақ елі, ұлты жайындағы мақтаныш сезімге бөлеген, мақтанарлық үлкен фильм шығар еді.

Марқұм, ақын-жазушы Төлеген Қажыбаев ағамыз бірде осындай бір мақаламды «Бұқпа!» газетіне апарып бергенімде қынжыла, «әй, Серік, осы жазғаныңды оқып, ойыңды толық түсініп, қолға алар бір қазақ табылып қалса, құба-құп қой. Тек соны толық оқып, іске асырар адам болса игі, әй, қайдам» деген-ді. Оған да жеті-сегіз жылдай болып қалды-ау деймін. Мен одан бұрын да бір рет Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігіне де осындай хат жазғанмын. Ол осы Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 100 жыл толған мерейтойы алдында болатын.

Не істерсің, көп ақша жұмсап, ортанқол, бір-екі жыл ғана көрсетіліп, өзіне жұмсалған қаржысын да қайтарып ала алмаған «Көшпенділер» секілді және басқа да арзанқол, коммедиялық фильмдер шығарылып жатса. Батырларымыз, ұлт қайраткерлері туралы бүгінгі үш-төрт фильм тәуелсіздігіміздің 34 жылына тым аз ғой. Жарайды, енді соңғы рет болса да «Арқа ажары» газетіне де тағы бір рет жазып көрейік, Мәлік ағамыздың алдағы жүз он жылдығы ғой деп қолға қалам алдық.  Егер жоғарыдағы сюжеттер арқылы ойдағыдай түсірілген фильм шығарылар болса, ол келешек ұрпағымызға, халқымызға үлкен ой салар, мақтанышты, тәрбиелік үлкен маңызы бар фильм болар еді-ау. Біз өткен тарихымызды, жиырмасыншы ғасыр тарихын және сол кезеңнің батырларын ешқашан ұмыт қалдыруға тиісті емеспіз. Олар ұмытылып, жоғалып жатса, оның соңынан ел, халық та өз тілін, тарихы мен салт-дәстүрін ұмытып, жоғалуы мүмкін. Оны талай әлемдік, елдік ғұлама данышпандар айтып, жазып кеткен. Лайым, олай болмай, еліміз қайта жаңғырып, өркендеп, батырларымыз мәңгілік халық жадында жасай берсін!

Серік ҚАСЫМ.

Көкшетау қаласы.

Сурет: ineu.edu.kz                       

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар