Еске алу
Геология саласының білімді де білікті маманы ретінде еліміздің қай түкпірінде қандай тау-кен қазба байлықтары барын жатқа білген, хатқа түсірген, сол көп жылғы еңбегін бағалап, кезінде үкіметіміз «Қазақстанның жер қойнауының барлаушысы» атағын берген Файзолла Қасымұлы Ахметжанов биылғы ақпан айының басында өмірден озды.
Файзолла Қасымұлы Көкшетау облысының Рузаев ауданында 1951 жылы 12 сәуірде өмірге келген. Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетінде оқып, тау-кен инженер-геологы мамандығын алған.
Қазақ минералды шикізаттар ғылыми-зерттеу институтында аға инженер, аға ғылыми қызметкер, ғылыми-зерттеу лабораториясының меңгерушісі, бөлім бастығы және дала партиясының бастығы қызметтерін атқарды.
Ғылым мен тәжірибені қатар ұштастырған Ф.Қ.Ахметжанов тау-кен қазба байлықтары мен мәселелері жөнінде қырықтан астам зерттеу мақалаларын жариялап, сегіз кепілдеменің иегері атанды.
Соның ішінде екі еңбегі «Союз-Апаллон» ғарыш корабльдерінің түйісуіне байланысты жабық түрде іске асырылған жаңашылдықтар еді. Осы қабілетінің арқасында Одақ көлемінде геология саласына енгізілетін жаңа техника мен технологияны сынау комиссиясының сарапшысы болды.
Жасы менен көп кіші болса да, осындай дарынды бауырымды сыйластықпен Факе деп атаушы едім. Сонау 2014 жылы зейнеткерлікке шыққан күннің өзінде әуелі штатта, кейін онлайн ретімен өз қызметін үзбей атқарды.
«Қазақ мұнайының 100 жылдығы», «Еңбек ардагері» медальдары, басқа да алған марапаттары сол қажырлы еңбегінің нәтижесі. Бірге өскен сыныптас, курстас достары, жерлестері мен әріптестері ортасында мінезі ашық, жайдары еді. Әзілі мен күлкісі, шымшыма өлең шумақтары қатар жүретін Файзолла бауырымыздың өзгеше орны осылай ойсырады да қалды. Артында қалған зайыбы, ұл-қыздары, немерелері ғана көңілге медет.
Жатқан жерің жайлы, топырағың торқа болып, рухың пейіштің төрінде шалқысын, Файзолла бауырымыз!
Аға-іні, әпке-қарындасы, ағайын-туыстары атынан Хайролла Қасымұлы Ахметжанов.