Жанайқай
Ерназар ауылы Ақкөл қаласынан солтүстік-батысқа қарай, Астрахан ауданына шығатын тас жолдың бойында, шамамен 18 шақырым жерде орналасқан.
Ауылдың тарихы бір ғасырға жуық уақытты қамтиды, тұрған жерінің табиғаты әсем, қалың қарағайлы орманның ішінде. Бастапқыда ауыл ұжымшар ретінде құрылған. Тың игеру кезеңінде ұжымшарлар жойылып, кеңшарларға айналғанда, бұл ауыл «Урюпин» кеңшарының бөлімшесі болып қалды және негізінен, мал және егіншілік шаруашылықтарымен айналысты.
Егемендік алғаннан кейін кеңшарлар таратылып, жеке шаруашылықтарға айналған тұста, бұл жерді де иемденуге талпынғандар болды. Сөйтіп, жоғарыда отырған шенеуніктер ауылдың жерін басқа адамдарға сатып жіберді. Соған қарамастан, халық ауылды тастамай, өз күндерін көріп жатты.
Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында ауылда мектеп болмағандықтан, жеті-сегіз жасар балалар Урюпин мектебінің интернатында оқуға мәжбүр болды. Дегенмен, балалардың саны ескеріліп, ауылда мектеп-балабақша салынды. Бұл мекеме Жангелді Қырықбаевтың басқаруымен жұмыс істеп тұрды. Алайда, мен аудандық білім бөлімі басшысы қызметінен зейнетке шыққаннан кейін, бала санының аздығын сылтау етіп, мектепті жауып тастады.
Ауылға барған сайын бос қалған мектеп ғимаратын көріп, қынжыламын. Барды жою оңай, ал, жоқтан бар жасау өте қиын. Қазір ауылдың да сол мектептің кебін кию қаупі бар. Ауыл тұрғындары, соның ішінде Сәуле Шұғыбаева мен Шәмшігүл Мәкенова, ауылды Қазақстан картасынан өшіру мәселесі қарастырылып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Жалпы, еліміздің солтүстік өңірлерінде қазақ ауылдарының жаппай жабылып жатқаны байқалады. БАҚ мәліметтеріне сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында заңғар жазушыларымыз Ғабит Мүсірепов пен Сәбит Мұқановтың ауылдары, Қостанай облысында Алаш қайраткері Міржақып Дулатовтың туған жері де осындай жағдайды бастан кешіп отыр.
Егер солтүстік өңірдің қазақ ауылдары жойылатын болса, олардың жерін өзге біреулер иемденіп, қазақ халқы ата-бабасының жерін тастап кетуге мәжбүр болады. Ал, ауыл маңындағы қорымдар иесіз қалып, ұлттық құндылықтарымыздан айырылып қалу қаупі туады.
Қазіргі таңда ауылдарға ауыз су тартылып, электр желілері жүргізіліп, инфрақұрылымдық жағдай жасалып жатыр. Алайда, мұндай қолдаумен қатар, ауылдың біреудің қолында кеткен жерін қайтарып беру, шаруашылықты дамыту, халықты жұмыспен қамту мәселесін шешу қажет. Бүтін бір ауылды стандартқа сай келмейді деп жою халық үшін тиімді шешім емес екені анық.
Облыс, аудан басшылары Ерназар ауылы тұрғындарының жанайқайын естіп, ауыл тұрғындары үшін оңтайлы шешім қабылдайды деген үміттемін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қарт зейнеткер.
2 Total Views , 2 Views Today