Жемқорлық – елдің соры
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлық мәселесі негізгі проблемалармен қатар, өткір тұр.
Сыбайлас жемқорлық – бұл үнемі мұқият зерделеуді, жүйелі көзқарасты, кешенді және жедел шараларды қажет ететін қазіргі қоғамның жағымсыз құбылысы. Елдегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі мен ауқымы экономикалық дамуды тежейді, инвестициялық ахуалға теріс әсер етеді және елдің беделін төмендетеді. Сондықтан, 2019 жылғы желтоқсаннан бастап елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама саласында бірқатар заң актілері қабылданды.
Біздің экология департаментінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша семинар-тренингтер, дәрістер, техникалық оқу сияқты түрлі іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде департаменттің әдеп жөніндегі уәкілі Әдеп кодексін сақтау, мемлекеттік қызметшілердің сыртқы бет-бейнесі, ақпараттық қауіпсіздік, кибергигиена негіздері, сынақ мерзімінен өту ережелері мен шарттары және тәлімгерлерді бекіту тәртібі, жеке тұлғалардың декларацияларын ұсыну мәселелері бойынша дәрістер өткізді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңартылған және басқа да ерекшеліктері жөнінде семинар-тренингтер ұйымдастырды. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы тақырыпқа арналған мақалалар да жарық көруде.
Тұтастай алғанда, қабылданған шаралар мен заңнамалық бастамаларды қолданысқа енгізу қоғамның сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанып отырған саясатқа деген сенімін арттырады, яғни, алдын алу шаралары есебінен сыбайлас жемқорлықты азайтуды қамтамасыз етеді.
Сыбайлас жемқорлықпен күресудің маңызды әдістерінің бірі – заңды сақтау. Өйткені, заңды құрметтейтін адам заң бұзушылыққа бармайды. Бұдан шығатын қорытынды, егер әрбір азамат осыны өзінен бастаса, өз міндетін адал орындаса, онда сыбайлас жемқорлық азаяды. Осылайша, сыбайлас жемқорлықты жою үшін бүкіл қоғам болып күресуіміз керек. Сонда ғана біздің еліміз әлемдегі сыбайлас жемқорлық аз мемлекеттердің біріне айналады.
Күләш РАХЫМОВА,
Ақмола облысы бойынша экология департаментінің
мемлекеттік экологияны бақылау бөлімінің бас маманы.