Көкшетау жасарады, жайнайды

Облыс орталығында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлауға дайындық қарқынды жүріп жатыр. Көкшетау Қазақстанның Гиннестер рекордтар кітабына енеді деп жоспарлануда.

1000-нан астам әйел қатысатын «Кимешек шеруі» ұйымдастырылады. Шеру «Салтанат» сарайы ғимаратынан Темірбеков көшесі, одан Әуезов көшесі арқылы Абылай хан алаңындағы негізгі сахнаға кіру арқасына дейін өтеді.

Көкшетау қаласында Наурыз мейрамын мерекелеу үшін қала алаңдары мен көшелерінде, сондай-ақ, Құлагер, Застанционный, Бірлік, Юбилейный шағын аудандарында, №4 мектеп аумағында, Балықшылар аллеясында, Революция күрескерлері саябағында, «Достар» мәдениет сарайының маңында, Е.Әуелбеков көшесіндегі «Триумф», Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы «Жансая» меншік иелері бірлестіктері және Біржан сал көшесіндегі «Інжу» тұрғын үй кешенінде киіз үйлер орнатылады,  деп атап өтті бұл ретте, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Нөгертаева.

Аудандар мен ауылдық округтерде Наурызды мерекелеу 21 наурызда ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін 22 наурыз күні Абылай хан және Тәуелсіздік алаңдарында іс-шаралар жоспарланған. Абылай хан алаңында 7 киіз үй орналастырылады, онда бесікке салу, тұсау кесу, сырға салу, қыз ұзату, бата беру сияқты әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көрсетіледі, сондай-ақ, интерактивті киіз үй мен күй тарту болады.

Бұған қоса, Абай көшесі бойында, орталық алаңда Біржан сал, Бұланды, Бурабай, Зеренді, Сандықтау аудандары әкімдіктерінің киіз үйлері бой көтереді.

Мерекеге 2000-нан астам әртіс қатысатын «Сән-салтанатты Әз-Наурыз!» атты театрландырылған қойылым жоспарланған. Жобаға театр және кино режиссері Аман Гумаров, Астана қаласының «Жастар» театрының әртістері және қалалық мәдениет бөлімінің әуесқойлық ұжымдары қатысады.

Қалалық саябақта ұлттық нақыш ескерілген шағын жарыстар мен жастар акциялары өтеді. Жастар үшін «Қымыз Fest» және «Бауырсақ party» шаралары, сондай-ақ, Астанадан қонақ шақыру арқылы кубик-рубик текшесінің мозайкасы жоспарланған.

Тәуелсіздік алаңында 7 киіз үй орнатылады, онда көрісу, беташар, құда түсу, есім кою, есік ашу және сәлем салу сияқты әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер көрсетіледі.

«Достық» қонақ үйінің алдында қазақша күрес, армрестлинг, асық ату, гір көтеру, батырлар күресі, қошқар көтеру, арқан тарту, дартс, қаппен жүгіру, автокөлікті тарту сияқты спорттық жарыстар өткізіледі.

«Жыл мамандары» жобасы аясында арқан тарту мен гір көтеру сияқты жарыс алаңдары ұйымдастырылады, онда қаланың ірі кәсіпорындарының командалары сайысады. «ЦУМ» сауда үйінің алдында жергілікті шағын бизнес өкілдері мерекелік сауда ұйымдастырады.

Мереке қазақстандық эстрада жұлдызы Мирас Жүгінісов қатысатын концерттік бағдарламамен және ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды сақтау мақсатындағы басқа да іс-шаралармен аяқталады.

«Арқа ажарының»  өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар