Сот үкімдері мен қаулыларын орындау тәртібі

Маманның кеңесі

Аудандық және оған теңестірілген соттар, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сот, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот, гарнизонның әскери соты шығарған бірінші сатыдағы соттың үкімдері, егер оларға шағым жасалмаса немесе олар прокурордың өтініш хаты бойынша қайта қаралмаса, апелляциялық шағым жасаудың және прокурордың өтініш хатын келтірудің мерзімі өткен соң заңды күшіне енеді және орындауға енгізуге жатады.

Іс апелляциялық сатыда қайта қаралған жағдайда, егер үкімнің күші жойылмаса, ол апелляциялық қаулы шығарылған күні күшіне енеді. Егер апелляциялық (жекеше) шағымдар, прокурордың өтініш хаты апелляциялық сатыдағы сот отырысы басталғанға дейін кері қайтарып алынса, апелляциялық саты шағымның, прокурордың өтініш хатының кері қайтарып алынуына байланысты іс жүргізуді тоқтату туралы қаулы шығарған күні үкім заңды күшіне енеді.

Бірінші сатыдағы сот үкім заңды күшіне енген немесе іс жоғары тұрған соттан қайтарылған күннен бастап үш тәуліктен кешіктірмей үкімді орындауға енгізеді. Соттың қаулысы сотталған адамды, ақталған адамды күзетілуден босату бөлігінде дереу орындауға енгізілуге жатады.

Бірінші сатыдағы соттың қаулысы шағым жасаудың немесе прокурордың өтініш хатын келтірудің мерзімі өткен соң не жекеше шағым берілген немесе прокурордың өтініш хаты келтірілген жағдайда, істі жоғары тұрған сот қарағаннан кейін заңды күшіне енеді және орындауға енгізіледі.

Соттың шағым жасалуға, прокурордың өтініш хаты бойынша қайта қаралуға немесе наразылық білдірілуге жатпайтын қаулысы шығарылған бойда дереу күшіне енеді және орындауға енгізіледі.

Соттың алдын ала тыңдау барысында немесе басты сот талқылауы кезінде шығарылған істі тоқтату туралы қаулысы оның айыпталушыны немесе сотталушыны күзетілуден босатуға қатысты бөлігінде дереу орындалуға жатады.

Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы, үкімі жария етілген кезінен бастап күшіне енеді.

Соттың жекеше қаулысы заңды күшіне енген кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзім өткен соң басқару функцияларын орындайтын тиісті лауазымды адамға жіберіледі. Жекеше қаулы бойынша бір айлық мерзімнен кешіктірмей қажетті шаралар қолданылуға және оның нәтижелері туралы қаулы шығарған сотқа хабарлануға тиіс.

Соттың заңды күшіне енген үкімі мен қаулысы мемлекеттік органдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәріне бірдей міндетті және Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында бұлжытпай орындалуға жатады. Соттың үкімін, қаулысын орындамау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.

Үкім мен қаулыны орындауға енгізу істі бірінші саты бойынша қараған сотқа жүктеледі. Үкімді орындау туралы өкімді судья үкімнің көшірмесімен бірге, қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес үкімді орындауға келтіру міндеті жүктелген органға жібереді. Апелляциялық сатыдағы сотқа күзетпен ұсталып отырған адамдарға қатысты істі апелляциялық қарау нәтижелерін хабарлау міндеті жүктеледі. Істі апелляциялық тәртіппен қарау кезінде үкім өзгертілген жағдайда, үкімнің көшірмесіне апелляциялық саты қаулысының көшірмесі қоса берілуге тиіс.

Жанна МҰРАТБЕКОВА,
Көкшетау қалалық сотының бас маманы.           

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар