Қараусыз жануарлардың жағдайы ойландырады

Мейірімділік

Қалада біз түрлі иттер мен мысықтарды жиі кездестіреміз. Кейбіреулері иелерімен бірге жылы үйде өмір сүреді, ал, кейбіреулері, өкінішке орай,  иесіз қалып, көшелерде тұрады.

Иесіз жануарлар аштықты жеңе алмай, қоқыс жәшіктерінен тамақ іздейді. Осыған байланысты қаланың көшелері ластанып, адамдарға және   табиғатқа зиян келеді. Аш немесе қорқып қалған иттер кейде өздерін қорғау мақсатында адамдарға шабуыл жасайды. Бұл әсіресе, кішкентай балалар мен қарттар үшін қауіпті.   Сонымен қатар, кейбір мысықтар да үй маңындағы ауладағы құстар мен ұсақ жануарларды аулап, табиғи тепе-теңдікті бұзады.

Осы мәселелерді шешу үшін қала әкімшілігі мен қоғам мүшелері бірлесе әрекет етуі қажет деп ойлаймыз. Иесіз жануарлар үшін арнайы баспаналар мен күтім орталықтарын ашу арқылы оларды қауіпсіз ортаға орналастыруға болады.   Ветеринарлық клиникалардың көмегімен жануарлардың ауруларын ерте анықтап, емдеу шараларын жүргізу де маңызды. Жануарларды ұрып немесе қорқытуға болмайды, өйткені, олар да тіршілік иелері. Оларды жан-жақты қолдап, дұрыс тамақтандыру мен күтім көрсету арқылы адамдар мен жануарлар арасында сенімді қарым-қатынас орнатуға болады.

Мектептерде және қоғамдық орындарда жануарларды қорғау және оларға дұрыс қарау туралы арнайы сабақтар мен акциялар өткізу керек. Бұл балаларға жануарларға жанашырлықпен  қарауды үйретеді, ал, болашақта осы мәселелерді өздері шешуге көмектеседі. Қала жануарларының зиянына қарамастан, олар да табиғаттың бір бөлшегі екенін ұмытпауымыз керек. Егер біз дұрыс шешімдер қабылдап, жануарларға қамқорлық көрсете алсақ, қаламыз тек адамдар үшін ғана емес, барлық тіршілік иелері үшін де жайлы әрі қауіпсіз ортаға айналады.

Біздің ойымызша, жануарларды қорғау – біздің ортақ міндетіміз. Барша қала тұрғындары, әкімшілік және мамандар бірігіп, қаламызды таза, қауіпсіз және тыныш етуге өз үлестерін қосулары тиіс. Осы мақаланы оқып, сіздер де жануарлардың зияны мен оларды қорғаудың маңыздылығын түсінетіндеріңізге  сенеміз. Болашақта жануарлар мен адамдар бейбіт қатар өмір сүруі үшін, барлық тарап бірлесе жұмыс істесе, қала өмірі анағұрлым жақсы болары сөзсіз.

Нуреддин РАХМЕТУЛИН,
Көкшетау қаласы №6 мектеп-лицейінің 1  сынып оқушысы,
А.МАҚЫШЕВА,
сынып жетекшісі.

3 Total Views , 1 Views Today

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар