Маман түсіндірмесі
Ақмола облысының ветеринария басқармасы өңірдегі қаңғыбас жануарлардың санын бақылау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлайды.
Соңғы жылдары Ақмола облысында қаңғыбас иттер мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл мәселе тек тұрғындардың қауіпсіздігімен ғана емес, жануарлардың құқықтарын қорғаумен де байланысты. Осыған орай, Ақмола облысының ветеринария басқармасы аталған бюджет бағдарламаларының әкімшісі ретінде осы мәселені шешу үшін барлық заң нормаларын сақтай отырып, жүйелі жұмыс жүргізуде.
Қаржыландыру және негізгі жұмыс бағыттары бойынша 2024 жылы облыстық бюджеттен 96,5 миллион теңге бөлініп, келесі төрт бағдарлама жүзеге асырылуда.
Қаңғыбас жануарларды аулау қала және аудан аумақтарында жүргізіледі, идентификация (чиптеу) жануарлардың есебін жүргізуге және бақылауға мүмкіндік береді, залалсыздандыру және вакцинация олардың санын адамгершілік әдістермен азайтуға көмектеседі, ауланған жануарларды ұстау арнайы бөлінген орындарда ұйымдастырылады.
Барлық іс-шаралар «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» ҚР Заңына және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүргізіледі. Осы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 6 000-нан астам қаңғыбас ит ауланды; 2 592 жануарға залалсыздандыру және вакцинация жасалды, бұл олардың агрессиясын төмендетіп, ретсіз көбеюдің алдын алады; Идентификация (чиптеу) жүргізілді, бұл жануарлардың санын тиімді бақылауға және олардың қайтадан көшеге шығуын болдырмауға көмектеседі.
Ветеринария басқармасының негізгі міндеттерінің бірі – азаматтарды қаңғыбас жануарлардың шабуылынан қорғау. Осы мақсатта тұрғындардың қауіпті аймақтардағы иттер туралы өтініштеріне жедел әрекет ету шаралары қабылдануда.
Қаңғыбас жануарлардың санын реттеу жұмыстары тек адамгершілік әдістермен жүзеге асырылады. Ату және жануарларға қатыгездік көрсетуге тыйым салынған, барлық жұмыстар мердігер ұйымдар тарапынан қатаң бақылауда болады.
Бағдарламаны іске асыруға қатысатын барлық мердігер ұйымдар конкурстық негізде таңдалып, келесі талаптарды орындауға міндетті. Аулау процесінің фото және видео есебін жүргізу; жануарларды санитарлық нормаларға сәйкес ұстау; ай сайын атқарылған жұмыстар бойынша есеп беру.
Сонымен қатар, Ақмола облысының ветеринария басқармасы халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Себебі, қаңғыбас иттердің көпшілігі – иелері қараусыз жіберген немесе тастап кеткен бұрынғы үй жануарлары.
Осының бәрінен шығатын қорытынды, қаңғыбас жануарлар мәселесін шешу үшін кешенді тәсіл қажет. Бұл жануарлар санын бақылауды, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және ізгілік қағидаттарын сақтауды қамтиды. Ақмола облысының ветеринария басқармасы бағдарламалардың тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ете отырып, халық пен жануарлардың мүддесін қорғау бағытында жұмыстарды одан әрі жалғастырады.
Орал ӨЗБЕКОВ,
Ақмола облысының ветеринария басқармасының
бірдейлендіру және есепке алу бөлімінің басшысы.
4 Total Views , 1 Views Today