Сарқылмайтын сағыныш

Өмір ғой бұл!..

Өмірден озғанына он жыл болып қалған Майкен Хамитқызы Жуасова  зерделі Зерендінің қызы еді. Екеуіміздің бірге өткізген өміріміз көктем мен жаздай. Адам баласы небір әсемдікті жылдың осы мезгілінен іздейді.

Жастықтың сұлулығына көзің тоймайтындай біз осы таңғажайып көріністі қатар тұрып қарайтынбыз. Себебі дүние бояуын ерекше құлпыртып тұрған табиғат сұлулығымен біздің ішкі түйсігіміз бен сезімдеріміз үндесіп тұрғандай болатын. Жастықтың жалындаған оты қандай күшті. Әсіресе осы күйдің бағасын білетін серігің қасыңда жүрсе. Біз құдайдың қосқан қосағы ретінде сыйласып өттік.

Майкен Хамитқызы еңбегінің жемісін көрді. 1997 жылы «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің озаты» төсбелгісінің иегері, 2010 жылы жоғары санатты ұстаз атанды. Ұл-қызына берген тәлім-тәрбиесінің жемісіне кенелді. Немерелеріне қарап елжірегенде Майкен Хамитқызының жанарынан махаббат ұшқынын байқаушы едім. Осылайша бақытты күндер, жылдар өтіп жатты. Майкен Хамитқызы күндердің бір күнінде, атап айтқанда 2012 жылы өзінің кезекті көктемін қарсы алып, өмір ағымының заңдылығымен зейнеткерлікке шықты.

Тал бойында  жасандылығы жоқ адамның  шаттанғандығы да көркем. Әттең, өмір күзінің  осынау сәттері тым қысқа болды. Ол кеткен жаққа жанарымды талдырып ұзақ қарап тұрамын. Майкен Хамитқызы жақындары үшін де, мен үшін де сарқылмайтын сағыныш болып қалары ақиқат. Біз 38 жыл отастық. Оның бәрі бүгінде сағынышты естеліктерге айналды… көз алдымнан кетсе де көңілден кеткен жоқ.

Көкшетаудың Ш.Уәлиханов атындағы мұғалімдер институтында бірге оқыдық. Жүздеген студенттердің ішінен бір-бірімізге көзіміз түсті. Оның қыз балаға тән сөзі, мінезіндегі кеңдігі мен тазалығы, бекзаттылығы баурады. Отбасының қадіріне жеткен бір қазақ болса, сол қазақ мен шығармын. Майкен Хамитқызы келін болып түсісімен әулетіміздің берекесі мен мерекесіне айналды. Оған «Тәубә! Алға да түспедім, жұрттың соңында да қалған жоқпын. Жанымда сүйенішім сен барсың. Құдайдың сені маған кездестіргеніне рахмет», – деуші едім.

Жұбайым зейнеткерлікке шыққан кезден бастап, бала кезінен сыр беріп жүрген жүрегі  қайта-қайта ауыра берген соң Астанадағы Ұлттық кардиохирургия клиникасында ота жасалды. Үш жылдан кейін 2015 жылдың қыркүйек  айының 3-ші жұлдызында жүрегінің  соғуы тоқтады.

Майкен  Хамитқызының жарқын бейнесі балаларының, немерелерінің, менің және туыстарының, дос-жолдастарының жадында мәңгі сақталады. Жаны жәннатта болып, иман байлығын берсін деп үнемі ізгі тілегімнен жаңылған  емеспін. Сарқылмайтын сағыныш жалғаса береді…

Орал ҚАБЫКЕНҰЛЫ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар