Оқушыларымыз республикалық олимпиададан олжалы оралды

Бәрекелді!  

Жуырда ақмолалық оқушылар республикалық олимпиадада жүлделі үш орынды иеленіп, жоғары оқу орындарына берілетін  білім гранттарын жеңіп алды.

Облысымыздың намысын қолдан бермеген жеткіншектерді осы жетістіктерімен Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Балташева құттықтап, білім айдынында жаңа табыстар тіледі. Бұл құрметтің де өзіндік орны бар.

Қызылорда қаласында 14-18 сәуір аралығында жалпы орта білім беру ұйымдарының 10-11 (12) сынып оқушылары арасында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы Қазақстан тарихы және құқық негіздері пәндері бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңі өткен болатын. Бұл олимпиадаға облыстық кезеңнің 185 жеңімпазы мен жүлдегері қатысты. Республикалық олимпиада дәстүрлі түрде теориялық және практикалық екі кезеңнен тұрды.

Ақмола облысынан бұл сайысқа барлығы 8 оқушы қатысып, төрт-төрттен  Қазақстан тарихы пәні және құқық негіздері пәні бойынша бақ сынады. Сөйтіп, біздің оқушылар олимпиаданың өн бойы  жақсы білімдерін көрсетіп, Көкшетау қаласындағы №5 көпбейінді «Таңдау» гимназиясының 10 сынып оқушысы Кәусар Ақылбай «Құқық негіздері» пәні бойынша бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

Осындай екінші дәрежелі дипломға «Қазақстан тарихы» пәні бойынша Есіл қаласының №3 жалпы орта білім беретін мектебінің 11 сынып оқушысы Нұрасыл Қабдуахит та ие болды. Оның жетістігін құқық негіздері пәні бойынша  Щучинск қаласындағы «Білім-инновация» IT лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Дамира Жүсіпова қайталады.

Ал, «Білім-инновация» лицей-интернатының 10 сынып оқушысы Амангелді Әбдірахман және Есіл қаласындағы №3 жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Сәния Сұлтанова «Қазақстан тарихы» пәні  бойынша үшінші дәрежелі дипломға қол жеткізді.

Сонымен қатар, осы оқушылардың ішінен республикалық олимпиаданың күміс медаль иегері атанып, жоғары білім деңгейін көрсеткен Нұрасыл Қабдуахит Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті ректорының білім грантын жеңіп алды.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар