І. Сабырлы мінезді сырбаз жанды сағынамын
Даналарымыздың «Өлім – ғайып» дегені осы. «Сәбит өтті өмірден» деген суық хабарды естіп, есімізді жинай алмай қалдық. Бәріміздің де қабырғамыз қайысып қайғырдық. Амал не, Алланың пендесіне жіберетін сынына қарсы тұру еш адамның қолынан келген емес, келмейді де. Дегенмен, көңілге демеу, артында бауырлары, ұл-қыздары мен немерелері қалды.
Құдайға шүкір, індеттің қармағына ілінген жоқ. Өз үйінде оң жаққа қойылды, аруланды. Жасы біразға келсе де өлімнің жақсысы жоқ, өлім қаралы, азалы, қасіретті. Өкініштісі, жүрегіме Астанада ота жасап, жаназасына қатысып, бір уыс топырақ сала алмадым.
«Сәбит Меңдібайұлының елге жанашырлығы жас кезінен байқалып тұратын»,– дейді білетіндер… Байлық, баршылықты мақсат тұтқан адам емес еді. «Кім бай болғысы келмейді – құдайы қаламайды, кім батыр болғысы келмейді – жүрегі дауаламайды» – дегендей, барына қанағат ете біліп, ашкөздіктен аулақ жүрген қолы таза, басқалардың болған, толғанын қызғанбайтын, басы артық сөзге барып, сыртынан біреуді ғайбаттамайтын, өрісі шалқар, пейілі кең, көкірегі ояу жан еді. Бір данадан жақсылық пен жамандық туралы сұрағанда: «Бұл дүниеде жамандық пен жақсылықтың сан түрі бар… Олардың бәрін айтып тауыса алмайсың. Әсіресе, жамандық–таудан тас домалатқандай жеңіл болса, ал жақсылық – тауға жаяу өрмелегендей ауыр болады, әйтсе де екеуінің арасы бір-ақ қадам», – деген екен. Досымыз маңайына жақсылық жасаудан танған емес. Тіпті, 90-ыншы жылдардың қыспағына түскен кезімізде, баламызды үйлендірген уақытта бір танасын тойға тарту еткенін қалай ұмытарсың.
Мұндай қамқорлығы көпшіліктің аузында жүр. Сәбиттің шынайы қолдауына ие болғандар, үлгі алғандар саны ондап саналады. Шынында, кім де кім өскен ортасына, тәрбиелеген халқына адал қызмет етіп, азаматтық борышын жоғары ұстаса, сол адам тарихта қалып, құрметке бөленуі тиіс деген даналық қағиданы әбден қабылдауға болады. Абзал азаматтар өз ескерткішінің тұғырын өз қолымен орнатса, ал, мүсінін болашақ соғатыны даусыз. Досымыз өз бойындағы асыл қасиеті мен дарынын қоршаған ортасына паш етіп, білімі мен біліктілігін, шеберлігін ұштай білді. Дүниелік ара-қатынаста Сәбит көпшіл, жолдастыққа берік еді. Кеуде көтермеді, қазақи қарапайымдылығымен елге жақты, ұстаз деген ұлы есімге кір келтірмеді.
Бақыт деген қолмен ұстап, көзбен көретін, өлшеуге, санауға, салыстыруға сыймайтын ерекше бір құбылыс, ерекше бір күй. Сайып келгенде, бақыт деген қанағат, шүкіршілік, тәуба. Ал, Сәбит досымыз бар деп аспайтын, жоқ деп саспайтын қанағатшыл, шүкіршіл, тәубешіл, ынсапшыл жан еді. Кез келген мәселені шешудегі тәжірибелілігін қызметтес болған әріптестері мен жолдас-жоралары бұл күнде аңыз қылып еске алады. «Адам боп келіп өмірге, Адам боп кету тілегім, Бәріңе соны тіледім!» – деп Жәнібек Кәрменов жырлап өткеніндей, өмірге адам боп келіп, адам боп кетудің үлгісін Сәбиттің өмір жолынан табасың.
Өмірден өткен адамдар замандастарының санасында өмір сүреді дейді. Сондықтан, біз, достары бірге ойнап-күліп жүрген замандастары, туған-туыстары Сәбитті ұмытуға хақымыз жоқ. Ендеше, абзал азаматтың есімін әспеттеп, елдің есінде қалдыру біздің достық қарызымыз, азаматтық парызымыз деп санаймын. «Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған» – деп Базар жырау айтқанындай, Сәбит жақсыдан жарқылдап туған жақсы, алтынның сынығындай, бұлақтың тұнығындай, елім деп туған ер екенін елдің бәрі біледі. Азаматтың шарапаты айналасына көп тиіпті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын», – дегендей, тағы да қайталап айтамын досымыздың пейіште нұры тасысын.
Әр жерде, әр өңірде үнемі жақсы сөзімен, ыстық лебізімен, айналасын жадыратып, туған-туыстың, ауылдастардың мерейін өсіріп, мәртебесін биікке көтеріп, береке-бірліктің тұтқасы болып жүретін адамдардың болатыны өмір заңдылығы. Жақын әулетінің ұйытқысы да, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі де – Сәбит. Ол кісі үнемі: «Алыс та жақын болар жолын тапсаң, жақының алыс болар қолын қақсаң»,-дегенді жиі айтатын. Жүріс-тұрысынан салмақтылықтың лебі есіп тұратын.
Әр адамның ғұмыры жатқан тарих десек, өнегелі, бақытты ғұмыр кешкен, сырт көзге өте қарапайым болып көрінетін Сәбиттің бейнесі басқаларға үлгі боларлық екенінде дау жоқ. Жүз жасаған Жамбыл атамыздан «Бір ғасыр өмір сүруіңіздің құпиясы неде?-деп сұрағанда: «Дүние деп күймедім, Жамандықты сүймедім. Жолда жатқан біреудің, Алтынына тимедім..»-деген екен. Сол айтқандай, Сәбит бауырымыз да дәл солай өмір сүрді. Отыз бес жыл білім беру саласында қызмет еткенде басқалар сияқты дүниеге қызықпады. Қарапайым өмір сүрді. Таза жүрді. Адал жүрді. Ол өмірін жақсылыққа, ізгілікке, мейірім мен қайырымға құрған, ниеті түзу жан еді. Оны өзгелерден айрықша даралап тұратын тамаша қасиеті – пендені бөлектеу дегенді білмегені.
Сәбиттің туып-өскен, кіндік қаны тамған жері бұрынғы Көкшетау облысы Чистополь ауданындағы береке құт дарыған қасиетті мекен – Теңдік ауылы.
Сәбитпен достығымыз сонау XX ғасырдың 60-ыншы жылдарының ортасында, Көкшетау педагогикалық институтына оқуға түсіп, студент атанып, қуаныштан жүрегіміз жарылардай шаттыққа кенелген кезімізден басталды. Бозбала кезінде «Қызқуар» атанып, қыз соңынан жүгіріп, әдемі де жаны таза Маралдай жар таңдады. Студенттік шағымызда «модаға» айналған «Комсомольская свадьбаны» алғашқы болып бастап, Көкшетаудағы «Северный» ресторанында өткізіп, бәрімізге жұқтырған да осы Сәбит еді. Сәбит ақылды, мәдениетті, айқайы жоқ, әзілі бар, оптимист адам еді. Жақын достары арасында әдемі әзілімен, адал достығымен ерекшеленетін. Аспайтын да саспайтын, асықпай сөйлеп отырып, айнала жұртты төгілген күлкіге, зілсіз әзілге көміп тастайтын. «Жігіт өсекке ілінбей, есепке ілінбейді» деген де бар.
Мемлекеттік қызмет, ондағы тәртіп пен іскерлік, жауапкершілік ұлтқа қызмет екенін бар болмысымен сезінді, мүлтіксіз жұмыс істеді, елді соңынан ерте білді. Мақсаты айқын, мұраты биік, адал жүрді. Ғабит Мүсірепов ауданының құрметті азаматы атанды. Бойында «атақты» адамдарда ретті-ретсіз кезігіп қалатын бұлдану, ыңырану, сыздану, тәкаппарлық, кесірлік, орынсыз мақтан, пендешіліктердің бірде-біреуі байқалмады, керісінше, әр әңгімесін әзілмен көмкеріп, сыпайы һәм қазақы юмормен сөйлейтін, нені болса да бетке тіке айтатын еді. Сәбит дүние жинап, соңына түспеген жан. Ыбырай Алтынсариннің: «Араз бол кедей болсаң ұрлықпенен» өсиетіне адал болған қайраткер.
Көкшетауға көшіп келгеннен кейін де, қала тұрмысына, ардагерлер кеңесінің жұмысына белсене араласты. Назар аударатын бір нәрсе бар. Төлеген Қажыбай мен Сәбит Меңдібайұлы тонның ішкі бауындай сырлас, мұңдас, бірінің тілін бірі ұға білетін.
Қайда барып, не істесе де адалдығымен төңіргіне сүйкімі артып, аз жылда ел аузындағы айтулы азаматтардың біріне айналды. Орыс тілі пәнінің мұғалімі, мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі, аудан әкімінің орынбасары, ашаң жүзді азамат үстінде қара костюм, ақ көйлек, қызыл галстук, аяғына айнадай жарқыраған қара туфли киіп жүретін. Киімі өзіне шап-шақ, мұнтаздай тап-таза, кіршіксіз аппақ көйлегінің теп-тегіс жағасына галстугі үйлескен, ашаң жүзін айқындай түскен маңдайы жарқыраған, келбетті азаматты елі әрқашан қадір тұтатын. Кез-келген адамды өзіне үйіріп алардай сүйкімді, отызында орда бұзса, қырқында қамал алғандардың алғы легінде болғаны ақиқат. Өзі қандай тап-тұйнақтай болса, сөзі де сондай жинақы. «Қай жерінен осал тұс табам» деу құр бекершілік, мығым да мықты. Барлығымыз таң қалатынбыз. Қанша жауын нөсерлетіп жауса да, жер балшық болып, аяқ басып жүрудің мүмкіншілігі жоқ кезде де, оның аяқ киімі жылтырап таза жүретін. Сәбиттің тазалығы деген адам баласына үлгі боларлықтай еді. Қазақта «көңіл» деген сөз бар. Қазақ көңілге қараған, көңілге ұйыған халық. Қолы ашық, ниеті таза, көкірегі кең адамды «көңілі көлдей» деген. Көңіл – адамның айнасы. Ол кірлемесін, ол шытынамасын деңіз. Оны тазарту, жамау мүмкін емес. Қазақша айтқанда «көңіл қалмасын, көйлек жыртылмасын». Тұтамдай өмірде тұмадай көңілден қымбат не бар?! Сәбиттің бойынан да осы қасиеттер табылатын.
Барға қанағатшыл, жоққа жабықпас төзімшіл. Адамдарды алыс-жақынға бөліп алаламайтын көпшіл. Ой-пікірін әдемі сөздермен әдіптеп, сабақтап, татымды тұздықтап, дәмдеп, майын тамыза айтатын әңгімешіл. Жоқ-жітікке жанашыр, қажығандарды демегіш. Жолдас-жораға қамқоршыл.
Қазақ отбасында ер адам әуелден-ақ асыраушы, бас ие. Сәбит азаматтық тұлғасымен де, қадір-қасиетімен де үй ішіндегілер үшін асқар тау есебінде болған жан. Ал, Марал Сайлауқызы асыл жарының тапқанын ұқсатып, отбасының берекесін кіргізетін ұйытқы бола білді. Ерлі-зайыптылар өз орны мен өз міндеттерін мүлтіксіз орындады және бірінің сөзін бірі тыңдай білді, бірінің ойына бірі құлақ аса білді. Осының өзі – сыйластық, адамның адамға деген құрметі. Олардың отбасылық кемесі кез келген дауылдар мен сынақтарға төтеп бере алды. Өйткені, бір-бірін шексіз сыйлаудан танған жоқ. Мерейлі отбасы деген осындай-ақ болатын шығар. Сәбит үлгі тұтар, қарап өсер аяулы әке, қазыналы ата, мейірімді жан ретінде балалары мен немерелерінің естерінде мәңгі сақталады. Сәбит пен Марал алтын айдарлы ұлдары Бақытжан мен Бауыржанға, ай дидарлы қыздары Данаға саналы тәрбие мен сапалы білім беріп, адамгершілік пен имандылықты бойларына дарыта білді. Марал Сәбитті ерекше құрметтеп, бүкіл жағдайын жасаған өте инабатты жан. Есімде жатталып қалғаны, Сәбит пен Маралдың ойының бір жерден шығатыны, жүрек лүпілі де бірге соғатыны. Сәбиттің елге танылуына өлшеусіз үлес қосқан, жақсы жар, айтулы ана, мейірімді әже, өнегелі ене бола білген асыл жанға тек отбасының амандығын тілеймін. Студенттік өмірге бірге келген, қатар жүріп қызмет еткен, әзіліміз жарасқан, қайран досымның, артта қалған ұрпағына амандық берсін. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) ұрпақ тәрбиесі жайлы хадисінде «Ата-ана өз бала-шағасына жақсы тәрбиеден артық ештеңе қалдырған емес», – деген. Ойшыл бабамыз әл-Фарабидің де «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», – деген ұлағатты сөзі әрқашан жадымызда жаңғырып тұруы тиіс.
Уақыт – зымыран, зулап өтуде. Ұлы ғұлама Ахмет Игүнеки: “Бұл дүние бір керуен сарай-ды, кететіндер түсіп содан тарайды. Алғы тізбек көшіп, ұзап кеткенде, келіп түскен тізбек соған қарайды” дегеніндей, өмірдің керуен көші жастарға жол ашып, шартарапты дүние кеңістігінде тоқтаусыз ілгерілей бермек. Алладан Сәбит Меңдібайұлының рухына жарылқау, жақындарына сабыр тілеймін!
Мұрат қажы ЫДЫРЫСҰЛЫ,
«Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетекшісі,
Еңбекшілдер ауданының құрметті азаматы,
Қазақ ССР оқу ісінің үздігі.
ІІ. Сәбит көкемнің жылы да келіп қалыпты…
Менің түсі суық қара жердің бауырына қимай, аса қиналған, енді қайтіп жолымыз тоғыспайтынына сене алмаған аса қадірлі қимастарымның бірі – Көкше топырағының аяулы азаматы Сәбит Меңдібайұлы Шағыров ағамыз болатын.
Әр аймақ, әрбір өлкенің өзіне лайықты тұлғалары, елі мен жерімен жарасым тауып, үйлескен, топырағының қадір-қасиетін айқындап тұратын адамдары болады. Көкше топырағын алғаш басқан бетте, осындай келбетімен танылған, көзіме оттай басылған бір ағамыз Сәбит Меңдібайұлы еді.
Аса бір көңіліміздің төрінен орын алған, жүрегің майдай еріп, жақсы көріп қалған ағаларымызды өзгелерден бөлектеп, даралап «көке» дегіміз келіп тұратын әдетіміз бар ғой. Сәбеңнін ақжарқын мінезі, даладай кең пейілі мені шу дегеннен бауырына тартып, өзімсіне жылыұшырай сөйлегеніне көңілім елжіреп, әлдебір күні, өзімнің еркімнен тыс, «көке» деп атап қалғанымда, сезімтал, ұшқыр ойлы ағамыз жалт қарап, аса бір разылығын, ұшқын атқан көзқарасымен, «Иә, Досеке!» – деп үйіріле қалған ақадал пейілімен білдіріп еді-ау!
Құдай ауызыма салған шығар деген оймен, содан сол күйі, Сәбит Меңдібайұлын жаныма жақын тартып, «көке» деп атап кеттім. Арамызда, сырт көзге шалынбастай, ерекше бір жақындық, бауырмалдық орнап қалып еді. Ол кісімен бірге сапарлас болу, бірге демалу, тіпті, аз ұшырасу үстінде аз-маз ой бөлісудің өзі дегеніңіз бір ғанибет еді ғой!
Ауызекі әңгімеге Сәбит ағамдай шебер жан табу қиын. Әңгімені майын тамызып, шешендікпен қиюластырып, тартымды сөйлей білетін. Өз басым ол кісіні тыңдай жүріп, «ат аунаған жерде түк қалады» демекші, киелі топырақтан жұққан қасиет-ау, кешегі өткен дүлдүл би-шешендер, сал-серілер дәурен кешкен мекеннің адамында осындай тектілік қырларының болмай қалуы мүмкін емес-ау деп толғанатынмын.
Ал енді, құдай табиғатыңа берген, санаң мен сүбеңе сіңірген шешендік бір басқа да, оқу мен ізденіс арқылы келетін білімділік бір басқа екені аян. Бұл жағынан да, Сәбит ағамыз сұңғыла, биік эрудицияның адамы болатын. Қандай тақырыпта болсын, қамшы салдырмайды, алдыңа түсіп алып, жорғалата жөнеліп, әр тараптан, тарихыңа да бойлап, саясатқа да барлау жасап, әдебиеттен де мысалдар келтіріп, қиюластыра төгілтіп, тілі шешілгенде, ол кісіні тек тыңдауыңды біл.
Көкшетау – тарихы тұнып тұрған өлке, сол топырақты басып жүргеннен кейін қасиетіне бойлай түскің келеді, менің осы талабыма Сәбит көкем таптырмас, нағыз іздеген адамымның нақ өзі болды. Бәлкім, ол кісімен шу дегеннен табысып, екеуіміздің етене жақындасып кетуімізге осы жағдайдың да ықпалы болған шығар.
Сәбит көкемнің шаңырағында да болып, Марал жеңгемнің қолынан талай дәм де таттым. Ағамыз үйінде де сырбаз, бірақ, аса биік мәдениетті жан, көбінесе, қонағына сөз беріп, сөйлеткенді жөн көреді. Ал біз болсақ, үйреніп қалған әдетімізбен ол кісінің аузын бағамыз ғой.
Мұның бәрін айтып жатқаным, ағамызбен бірден ұғысқан көңіл жарастығын білдіруім, айтқызбай-ақ, қас-қабақпен ішкі сырымызды біліскен, арамызда соншалықты сырмінез, етене жақын қарым-қатынас орнағанын аңдатуым деп қабылдарсыздар.
Міне, жылы келіп қалған қарсаңда сол, қадірімізді біліскен, әзіл-қалжыңымыз жарасқан қымбат шақтарымыз тізіліп көз алдыма келуде. Мұндай ыстық кездесулер мен ұшырасулар, бірге жүрген мазмұнды сапарлар әсте жүректен өшер ме?! Көңіл-көкейімізде жазылған хаттай қатталып, жан сарайыңда сұлу сырдай сақталып, жүректе жан тербер жырдай жатталып қалмай ма?!
Өкінішке орай, тағы қарбалас тірлік қуып, мемлекеттік тапсырыспен сапар шегіп кеткелі отырмыз, сол жылы берілер ас үстінде Сәбит көкемнің өзіме аса қадірлі де қымбат, бағалы қырлары туралы шешіліп, естелік айтсам болар еді ғой!
Бірақ, қай қиырда жүрсек те, Сәбит көкеме деген адал көңілім, ақжарма пейілім менің жүрегімде, ниетім сол ортамен, қауыммен бірге, оны қай уақытта да, қалай ісбасты бола тұрсаң да, білдіріп, сыртқа шығарудың бөгеті болмас.
Ағамыздың отбасына, Марал жеңгемізге айтарым, ас-дұғаларыңыз қабыл болсын, өздеріңіз аман болып, ортамызда жасай беріңіздер, ол кісінің жасамаған жасын ұрпақтарына бұйыртуға жазсын!
Енді, Сәбит көкемнің шаңырағында тек той-қызықтарда ғана, амандықпен, қуанышпен кездесуге Алла тағала нәсіп етсін!
Досжан ӘМІР.
Қазақстан Республикасы Судьялар одағының төрағасы.