1941 жылдың 22 маусымында басталған Ұлы Отан соғысы ақмолалықтардың өмiрiн бiржолата өзгерттi. Соғыс басталысымен облыстың жұмысы күрт басқа арнаға ауысты, өзге жерлерден көшiрiлген кәсiпорындарды орналастыру, тұрғындарды Отан қорғау iсiне жұмылдыру, үкiмет пен партия тарапынан қойылған әскери-шаруашылық тапсырмаларды орындау шаралары жедел түрде басталып кеттi.
Соғыстың алдында екі жыл бұрын ғана, яғни, 1939 жылы облыс орталығы болған Ақмолада 32 мыңдай халық тұрды. Қалада 41 кәсіпорын, оның ішінде бір электростанция, пима басатын зауыт, бетон зауыты, промкомбинат, баспахана, ағаш зауыты, диірмендер болды. Қалада жұмысшылар саны 800-ге жуық адамды құрады. 260 орындық 2 емхана, аналар босанатын үй, жедел дәрігерлік көмек көрсететін станция жұмыс істеді. Соғыстың алғашқы күндерiнен бастап қалалар мен ауылдарда, ұжымшарларда көптеген митингiлер мен жиналыстар өттi. Көкшетауда бес мың адам жинаған митингiде партияның аудандық комитетiнiң бiрiншi хатшысы Қаңтарбаев «Бiздiң басты мiндетiмiз – әрқайсымыз өз орнымызда адал әрi қажырлы еңбек етiп, еңбек тәртiбiн сақтай отыра Қызыл Әскерге жауды жеңу үшiн қажеттi барлық дүниенi берiп, Отанымызды қорғау болып табылады» деп, ортаға жалынды сөздер тастайды. Cоғыстың алғашқы күндерiнен-ақ 1905-1918 жылдар аралығында туған барлық әскери борыш мiндетi бар азаматтар, әртүрлi жастағы адамдар, жұмысшылар, зиялы қауым өкiлдерi арасында әскери жұмылдыру жүргiзiлiп, майданға ерiктi түрде сұранған азаматтар сын сағатта Отан қорғауға әзiр екенiн бiлдiрдi. Ақмолалықтар тұтас Кеңес Одағы халқы сияқты «Барлығы майдан үшiн, барлығы жеңiс үшiн» деген ұранмен өмiр сүрiп, аянбай еңбек еттi. 23-29 маусым күндерi аралығында партияның облыстық комитетi бюросының отырысында соғыстың басталуымен байланысты кеңес халқы алдында тұрған мiндеттер түсiндiрiлiп, өндiрiс, көлiк, ұжымшарлар мен кеңшарлар қызметiн қайта құру бойынша жедел iс-шаралар ұйымдастырылып, әскери жұмылдыру жұмыстары жүргiзiле бастады.
Ақмола облысында жұмылдыру жұмыстары ерiктiлердiң белсендiлiгiмен ерекшелендi. Мысалы, Атбасар ауданында бастапқы партиялық ұйымдардың 42 хатшылары арасынан 17-сi майданға аттанса, ұжымшарлардың 28 төрағалары әскер қатарына өз еркiмен қосылған болатын. Ерiктiлердiң саны күннен күнге артып, өсе түстi. Ақмола 199 байланыс түйiнi темiржолшыларынан 290 ерiктiнiң соғысқа жiберу туралы өтiнiшi түссе, мыңдаған жас комсомолдар ерiктi түрде майданға аттанды. Мемлекеттiк Қорғаныс Комитетiнiң 1941 жылдың 8 шiлдесiндегi Қаулысы бойынша Орта Азиялық әскери округте, басым түрде Қазақстанның солтүстiк аймақтарынан 4 атқыштар дивизиясы құрылуы тиiс едi. Соғыстың бастапқы кезеңiнде Ақмола қаласында 310-шы және 387-шi атқыштар дивизиясы құрылған болатын, 29-шы атқыштар дивизиясын және 106-шы ұлттық кавалериялық дивизияны жасақтау бойынша жұмыстар басталған едi. Соғыстың алғашқы алты айы iшiнде Ақмола облысынан шамамен 37 мыңдай адам майданға жiберiлдi. Соғыстың алғашқы жылдарында ғана, мысалы, 5895 атбасарлық майдан шебіне аттанады, барлығы соғысқа осы ауданнан 5825 адам қатысады. 41 мыңнан астам көкшетаулық азамат қолына қару алып майданға аттанса, 20 мың адам оқ-дәрі мен қару-жарақ шығаратын заводтарда жұмыс істеді. Макинск ауданынан 6000 адам майданға аттанып, 2000-ға жуық адам заводтарда еңбек етеді. 1941 жылдың шілдесінде Ақмолада атақты 310-атқыштар дивизиясы құрылады. Оның жеке құрамына негізінен Ақмола, Қарағанды, Көкшетау, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарынан әскер қатарына шақырылғандар енеді. 1941 жылдың 30 шілдесінде дивизия қалыптасып бітеді, ал, 18-19 тамызда Ленинградты қорғауға Волхов ауданына жіберіледі. Дивизия Кириши, Новгород және Померанияда жау әскерімен шайқасқа түседі, Ленин және Қызыл Ту ордендерімен марапатталады, Новгородтың атауын иеленеді. 1941 жылдың екінші жартысында келесі ақмолалық дивизия, 387-атқыштар дивизиясы құрылады. Майданға ол 6 қарашада кіріп, 27 желтоқсанда Орлов бағытында алғашқы шайқасқа қатысады. Кейін Сталинград, Дон, Перекоп бағытында шайқасып, Болгария және Венгрияны азат етумен аяқтайды. 29 атқыштар, кейін 72 гвардиялық дивизиясы атауын алған әскери құрама Ақмола мен Қарағандыда жасақталады. Курск доғасындағы шайқастан Харьков, Днепр бойы, Румыния, Венгрия, Австрия, Чехословакияны азат етуге қатысады. Әскери құраманың 31 жауынгері Отан соғысының батыры атағына ие болады. Ақмола қаласында 306-Ақмола қазақ ұлттық кавалериялық дивизиясы құрылады. Бұл әскери бөлім Ақмола, Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының тұрғындарынан жасақталды. Сауатсыз басшылық пен қару-жарақтың аздығынан Харьков түбінде қоршауға түсіп, басым бөлігі қырылады, тұтқынға түседі. Дивизия тағдыры туралы әлі де көп зерттеулер қажет. Красноармейск ауданында 2 оқу-жаттығу авиациалық полкі құрылды. Ақмола өңірі шаруашылық пен өнеркәсіпті соғыс жағдайы мен майдан мұқтаждығына байланысты қайта құрып, бейімдейді. 1941 жылы Украинаның оңтүстігіндегі Мелитополь қаласындағы ОГПУ атындағы Насос зауыты Ақмолаға эвакуацияланады. 1941 жылғы 2 қыркүйектегі 9459-РЕ КСРО қаулысына сәйкес «Тез арада зауытта 45 мм. жарықшақ снарядтарды қазан айында – 10000, қарашада 50000 дана шығару қажет» болды. Зауыттың барлық жабдықтарын, соның iшiнде жүзден астам станокты өте аз уақытта, бiр аптаның iшiнде құрастыру керек еді. Әрбiр жұмысшы өз станогы үшiн өзi жер қазды. Алғашқы бетте педучилищенің бөлмелеріне құрал-жабдықтар, станоктарды орналастырады, 15 қарашада мерзімінен бұрын қорғанысқа қажетті өнімдер – снарядтар шығарылды. Кейiннен миналар мен гранаталар шығару жолға қойылды. Зауыт атауы бірнеше рет өзгерді: ОГПУ, №317, ал, кейін Насос зауыты болып аталады. 1943 жылдың 1 мамырында зауытқа «Еңбек майданының гвардияшылары» жоғары атағы берiлдi. 1942 жылы Ақмолада басқа ірі машина құрылысы кәсіпорнының – Казсельмаш (кейін Целиноградсельмаш) құрылысы басталды. Зауыт жұмысын ұйымдастыруға келген алғашқы инженер-техникалық жұмысшылар тобы тез арада ауыл шаруашылығы машиналарын және олардың бөлшектерін шығаруға тапсырма алды. Келген мамандарға эвакуацияланған Таганрог комбайн зауытының құрал-саймандарының бір бөлігі, бос гараждар және Казпиво зауытының тас корпусы негізгі базаға ұсынылды. Директоры болып М.Н.Шнурков тағайындалды. Оның құрылысына обком партияның шешімімен, колхоздар мен совхоздар 60 бұқа, 40 ат және 2 трактор бөледі. Мичуринск қаласынан «Автотрактородатель» зауыты Макинск станциясына көшіріледі. Маңайындағы елді мекендер зауыттың тез іске қосылуына ат салысады, көлік бөлініп, тас, ағаш, кірпіш, құрылыс материалдарымен қамтамасыз етеді. Зауыт орналасқан соң бір аптадан соң алғашқы майданға қажетті өнімдерді бере бастайды, ал, 3 айдан соң барлық технология игеріліп, бүкіл цехтар бар қуатымен жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Көкшетауда Мәскеу түбiнен көшiрiлген Подольск тiгiн машиналар зауыты, Орджоникидзе қаласынан тігін және аяқ-киім фабрикалары орналастырылды. 1944 жылы екі зауыттың бірі майданға 19 миллион дана оқ-дәрі дайындап жөнелтті. Макинка бекетiнде Ленин атындағы зауыт қарқынды жұмыс iстедi. Олардың барлығы өндiрiстi қайта құрып, қорғаныс мақсатындағы өнiмдердi шығаруды қолға алды. Степняк қаласында орналасқан «Қазалтын» тресi де алты мың жұмысшының басын бiрiктiрiп, алтын өндiрдi. Жалпы Көкшетау қаласында № 239, 621 зауыттар, балалар үйі, Грозный қаласынан келген драмалық театр орналасты. Макинск темір жол бекетінде Мичуринск қаласынан 1942 жылы тамыз айында келген «Автотранспортдеталь» зауыты орналасты. Қазан айында зауыт алғашқы өнімдерін берді. Щучье қаласында сода мен шыны шығаратын зауыттар жұмыс істеді. Зауыттарда эвакуанттармен бірге сотталғандар да жұмыс атқарды.
Ақмола облысында эвакуациямен келген әскери ауруханалардың да жұмысы жолға қойылды. Нақтырақ айтсақ, Ақмола қаласында №1600, Атбасарда №3984, Сталин ауданы Алексеевка селосында №1344, Щучинскіде №4110 және де Воробьёвка ауылында № 4152 әскери госпитальдер жаралы жауынгерлерді емдеді. Ал, Атбасар қаласындағы №3006-шы госпитальда жаралы неміс тұтқындарын емдеген. Көкшетау қаласына 1941 жылдың аяғында 2 әскери №1054, 4110 госпитальдар әкеліп орналастырылды. Оның алғашқысы 500 орынға арналып, 1942 жылдың аяғына дейін қызмет етті. Екіншісі соғыс біткенге дейін алғы шептен әкелінген жауынгерлерді емдеді. Командирлер мен жауынгерлердің киім-кешектерін жууды, жамап-жасқауды госпиталь қызметкерлері өз міндеттеріне алып отырған. Жалпы соғыс жылдары облыс көлемінде 23 медбике «1941-1945 жж.Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады. Атбасардағы 250 орындық әскери госпиталь қазақ орта мектебінің ғимаратында орналасады.
1941 жылдың 22 маусымында басталған Ұлы Отан соғысы ақмолалықтардың өмiрiн бiржолата өзгерттi. Соғыс басталысымен облыстың жұмысы күрт басқа арнаға ауысты, өзге жерлерден көшiрiлген кәсiпорындарды орналастыру, тұрғындарды Отан қорғау iсiне жұмылдыру, үкiмет пен партия тарапынан қойылған әскери-шаруашылық тапсырмаларды орындау шаралары жедел түрде басталып кеттi.
1944-1945 жылдары Ақмола облысы – майданға көмек беру және халық арасында көпшiлiк қорғаныс жұмыстарын ұйымдастыру бойынша республикада бiрiншi орында болды. Мұрағат құжаттарына сүйенсек, тыл облыстағы еңбеккерлерiнен шамамен 70 миллион сомға жуық ақша және мемлекеттiк әскери қарыздарды төлеуге 187 миллион сом қаражат түскен екен. Тұрғындар қорғаныс қорына өздерiнiң бар жиған-терген ақшаларын, еңбекақыларын құйып, аянбай еңбек етiп, майдандағы қандастарын жiгерлендiре түстi. Майданға, азат етілген аудандарға, жауынгерлердің отбасыларына көмек көрсету әдістері де сан алуан болды: Қорғаныс Қорына, қарулануға қаражат жинау, жылы киім, сыйлықтар, азық-түлік жөнелту, майданда өнер көрсету. Оған өңірдің барлық аудандары ат салысты. Архивтік деректер былай дейді: «Алексеев ауданының халқы соғыс жылдарында әскери техника құрылысына 2 млн. сом жинап, майданға 9 вагон сыйлық, 17 мың киім-жабдық, 40 тонна астық, 20 тонна ет-шұжық өнімдерін, азат етілген аудандарға 860 бас мал жіберген. Астрахань ауданы Қорғаныс Қорына 288 962 ц. астық, 11 200 ц. ет, 34 299 ц. сүт жібереді. Атбасар жері де қомақты көмек көрсеткен: азық- түліктен басқа 25 кг алтын-әшекейлер, 2 млн. сомға облигация алған, Қызыл Армияға 73 автокөлік, 13 трактор, 620 ат, 102 арба, сонымен қатар 929 пар пима, 78 тон, 234 жылы киім, 1547 қолғап, 342 бас киім жөнелтеді. 1943 жылы Орел облысына 1550 ірі қара, 800 қой,70 шошқа, 50 000 сом көмек берген. 15 тракторист, 3 комбайншы, 2 трактор бригадасы егін салуға ат салысқан. Балқашын ауданы 93 тонна азық- түлік жөнелтіп, Қорға 92,5 млн. сом аударады. Вишнев ауданы танк колоннасын салуға 1,5 млн. сом аударып, майданға 7 вагон азық-түлік, 700-дей жылы киім жібереді. Ерейментау ауданы жылы киім, азық-түлік, сабын, сіріңке, шұлық, 350 000 сом жинаумен қатар, 1941-1943 жж. жаңа өндіріс орындарын да ашады. Олар промкомбинат, М. Мәметова атындағы артель және «Еңбек туы» промартелі. Қорғалжын ауданы майданға мал-ет өнімдерімен қатар, 1943 жылы 32 000 ц. астық жібереді. Макинск ауданы ұшақтар мен танк құрылысына 1,5 млн. сом қаржы жинап, промкомбинат пен «Красный деревообделочник» артелі әскери аэродромдарға ағаш жәшіктер, әскери арбалар дайындайды. Шортанды ауданындағы аудандық промкомбинат соғыс мұқтажына шана, арба, жаттығу гранаталарын, трикотаж, сабын өнімдерін жіберіп, Қызыл Армия қорына 63 572 сом, 503 мыңның облигациясын, 6000-ға жуық жылы киім, 50 000 сыйлық жіберген». Бұған дейін Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарының құрамында болған Көкшетау жері 1944 жылы 16 наурызда Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен жеке облыс болып құрылады. Оған Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарының 11 ауданы беріледі. Облыс халқы да жеңіске өз үлестерін қосады. Облыстағы ауыл еңбеккерлері майданға жыл сайын 130 мың тонна астық, 9 мың тонна ет, 17,5 мың тонна сүт өнімдерін жіберіп отырған. Өнеркәсіп кәсіпорындары 11 мың былғарыдан тігілген және 20 мың киізден басылған аяқ киім, 479 мың декалитр спирт шикізатын, 820 тонна май және басқа өнімдер жіберді. Облыс еңбеккерлері «Советтік Қазақстан» әуе эскадрильясы мен «Қазақстан колхозшысы» атты танк колоннасын жасақтауға қаржы жинау кезінде зор белсенділік танытты. Мәселен, «Қазақстанның 20 жылдығы» колхозының колхозшысы Н.Өкеев 7500 сом, колхоздың басқа мүшелері: Кенжекеев 6200 сом, Омаров 6000 сом, Ысқақов 6000 сом ақша қосты. Қызылту ауданының колхозшылары 1 млн 446 мың 276 сом, Щучье ауданы – 3374 мың сом, Арықбалық ауданы – 2253,6 мың сом, Келлер – 2479,0 мың сом жинады. Соғыс жылдарында облыс халқы 711 автомашина, 12 860 ат, 3290 ат-көлік жіберді. Сонымен қатар, соғыс жүріп жатқан жерлерден көшу барысында ата-аналарынан айырылған жетім балаларға ерекше көңіл бөлінді.
Көкшетауда 2 балалар үйі ашылып, 1200 осындай бала тәрбиеленді. 450 бала Щучинскідегі балалар үйіне жіберіледі. Қалада эвакуациямен келген 5000 отбасыны орналастырып, олардың мұқтажына қалалық атқару комитеті 40 мың сом ақша бөледі. Жау басып алған жерлерден тұрғындарды, кәсіпорындарды, мал-мүлікті еліміздің шығыс аймағына көшіру де соғыс жағдайындағы үлкен бір науқан еді. Соған байланысты облыстарда арнайы бөлімдер ашылды. 1941 жылы 23 шілдеде КСРО Ғылым Академиясы эвакуациямен еліміздің шығыс аудандарына көшіріледі. Украина мен Мәскеуден 20 шақты ғылыми мекемелер мен оқу орындары Қазақстанға келді. 150-ге жақын ірі ғалымдар Бурабай курортына орналасады. Олардың қатарында белгілі академиктер В.И.Вернадский, Н.Ф.Гамалея, Л.С.Берт, Н.Д.Зеленский, Л.И.Мандельштам, В.Н.Образцова, В.Н.Сукачев, қоғам қайраткерлері Г.М.Кржижановский, М.Ф.Андреевалар болды. Көптеген ғалымдар Щучье қаласында, Бурабайда мектептерде сабақ береді. Келген ғалымдардың аймақтың мәдени, ғылыми дамуына, мамандар дайындауына ықпалы зор болды. Ғалымдардың басты мақсаты өндірісті ұйымдастырудағы ғылыми көмек болатын, яғни, жаңадан шикізат қорларын іздеп табу, әскери өндірісті дамыту, технологияны жетілдіру еді. Эвакуациямен келген кеңес адамдары Көкшетау облысындағы өндірістің материалдык-техникалық базасының дамуына белсенді түрде араласты. Жергілікті тұрғындар – қазақтармен бірге, эвакуанттар, сотталғандар, арнайы көшіріп әкелінгендер өндірістік орындарды қалпына келтіріп, жаңа объектілерді салды. Көкшетау облысы ғана емес, жалпы Солтүстік Қазақстан өңіріндегі эвакуация шаралары әлеуметтік-экономикалық, мәдени, этносаралық, демографиялық өзгерістерге әкелді. Картада жаңа өндірістік орталықтармен қатар, қала тұрғындарының саны өсті. «Бәрі де майдан үшін! Бәрі де жеңіс үшін!» деген ұран бүкіл елді қамтыды. Жұмысшылар: «Біз өзіміз үшін ғана емес, майданға кеткен жолдастарымыз үшін де жұмыс істейміз», – деп жариялады. Тылдағы жұмыстың көп бөлігін әйелдер істеді. Майданға аттанған жұмысшылардың орнын жеткіншектер мен қарттар ауыстырды. Адамдар зауыттардан тәуліктер бойы кетпеді. Екі жүздікшілер, үш жүздікшілер, көп станокшылар қозғалысымен қатар социалистік жарыстың жаңа формалары туындады. Кәсіпорындарда қалаларды фашистік оккупанттардан азат ету кезінде ерлігімен көзге түскен құрамалардың құрметіне майдандық онкүндіктер мен айлықтар өткізілді. Инженер-техник мамандардың майданға кетуі кадр тапшылығын тудырды. Жаңа еңбек режимі енгізілді, жұмыс күні ұзарды. Демалыс айлары алынып тасталды. Жұмысшылар мен қызметкерлер өз өндірістерінде мобилизацияланған болып бекітілді. Өндірістерге келген жас жеткіншектерге жаңа техниканы үйренуге өндірісте қалған жұмысшылар мен инженерлер көмектесті. Жұмысшы жастарды фабрика-завод оқуына кең көлемде тарту басталды. Мемлекеттік еңбек резервтері мектебінің жүйесі кең таралды. Ауыл шаруашылығы үшін кадр дайындау кең көлемде жүргізілді. 1944-1945 жж. ұжымшар төрағаларын, МТС директорларын, аудандық жер бөлімінің меңгерушілерін (заврайземотделами) дайындау курстары, біржылдық 27 облыстық аралас агротехникалық және мал шаруашылық мектептері жұмыс істеді. Механизация мектептері, МТС жанындағы курстар 50 мың механизаторларды дайындады. Кысқа уакыттағы курстар мен семинарларда 1943-1945 жылдары 275 мың еңбекшілер, су шаруашылығы мен мал шаруашылығы мамандары аттестацияланды. Жүздеген ақмолалықтар, көкшетаулықтар еңбек ерліктерін көрсетті. Ауыл шаруашылығында үлкен өзгерістер болды. Соғыстың алғашқы жылы МТС үшін даярлаған село механизаторлары арасында әйелдер саны артты. Партия комитеттері жанынан әйелдермен жұмыс істейтін бөлімдер кұрылды. Зауыттар мен фабрикаларда, ұжымшарлар мен кеңшарларда әйелдер кеңестері жұмыс істеді. Партия органдары әйелдермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әйелдерден кұрылған трактор бригадалары көбейді. Ұжымшарларда жұмыс істегендердің дені әйелдер, жасөспірімдер мен қарттар болатын. Ауыл шаруашылық техникасының біраз бөлігі майдан қажеттілігіне, қорғаныс өнеркәсібін салуға т.б, жұмыстарға тартылды. Сонымен қатар, жаудан азат етілген аудандарға ауыл шаруашылық техникасы берілді. МТС-тердің қуаты кеміді. Трактор да, жұмысшы аттар да аз болды, жетіспеді, олар армияның қажетін өтеп жатты. Бірақ ұжымшарлар майданды азық-түлікпен қамтамасыз етті. Егіс көлемі артты. Жаңа дақылдар егіле бастады. Шаруалар жоспардан тыс майданға ауыл шаруашылық өнімдерін жіберді. Қала тұрғындары, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер, қызметкерлер, мектеп оқушылары да майданда жеңіске жету үшін еңбек сіңірді. Ново-Сухотин мектебінің оқушылары танк колоннасы мен «Пионер Северного Казахстана» атты сүңгуір қайыққа 14 081 рубль жинады. Оқушылар егіс даласында жұмыс істеп, масақ, металл сынықтарын жинады. Майданды азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында оқушылар егін жинау кезінде сабақтан босатылып, 5-10 сынып оқушыларының сабағы 1944 жылдың 1 қазанынан басталды. Сонымен қатар, мектептерде жоғары нәтижемен бітірген оқушыларға алтын және күміс медальдар тапсырылды. Тылға ата-анасынан айырылған мыңдаған балалар көшірілді. Эвакуацияланған отбасылар жергілікті тұрғындармен бірге еңбек етті. Еңбекшілер арасында екі немесе үш адам үшін жұмыс істеушілер, бірнеше мамандықты бергендер, екі-үш есе норма орындаушылар көбейді. Көкшетау механикалык зауытында әйелдер ерлер мамандығын игерді. Майданға: қару-жарақ, оқ-дәрі, азық-түлік сияқты маңызды жүктер үздіксіз жөнелтіліп жатты. Барлык ұлт адамдары фашизмді жеңу үшін барлық күшін жұмсап аянбай еңбек етті.
Сол бір отты жылдар тарихы сан қиы. 1941 жылы соғыс басталысымен Солтүстік Қазақстан облыстық депутаттар Кеңесінің қаулысымен Көкшетау қаласында 500 орындық эвакогоспитальді қабылдау қажет болды. Сөйтіп, тамыз айынан бастап Қызыл Армия жауынгерлеріне арналған №2447 ең алғашқы госпиталь жұмыс істей бастады. Кейін қалада жараланған неміс әскери тұтқындарының арнайы №3602 госпиталі орналасты.
Аймақтың ұжымшарлары госпитальдарды азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырды. Жергілікті халық та өз көмектерін көрсетті. Олар тұрмыстық заттар, төсек-орын әкеліп, жаралы жауынгерлерге өз қандарын беріп, донор болды, жанашырлық танытты. 1941 жылы 24 маусымда Алматының бір топ доноры республика еңбекшілеріне «Өз қанымызды Отан қорғауға берейік!» деп үндеу арнады. Жұмысшылар, шаруалар өздерінің қанын Қызыл Армия жауынгерлеріне арнап тапсырды. Медицина саласының қызметкерлері тылда жаралы жауынгерлерді емдесе, майдандағылар санитарлық батальон қызметкерлері ретінде, жауынгерлерді ұрыс даласынан алып шығып, сапқа тез оралуына көмектесті. Осы мысалдардың бәрі тылдағы жанқиярлық ерлікті көрсетті. Отан соғысының мүгедектеріне, соғыста қаза болғандардың отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Соғыс жылдарында жеңіске жету үшін жеке кеңес адамдарының мүдделілігін пайдалана отырып, әкімшіл-әміршіл жүйенің негативті жақтары халыққа «Бәрі де жеңіс үшін! Бәрі де майдан үшін!» ұранымен көмкерілді. Бүкіл ел көлемінде мықты жүйе кұрылып, тыл мен майдан арасындағы бірлік идеясы насихатталды. Тыл майдандағы қажетті қару-жарақты, әскери техниканы, азық-түлікті, әскери бөлімдер үшін үйретілген құрамаларды жіберді. Халыктың рухын көтеруде майдан мен тыл арасындағы газет беттерінде жарияланған хаттар үлкен әсер етті. Тылдағы халыққа соғыс тақырыбындағы кинолар көрсетілді. Олар оның майдан үшін, фашистерді жеңу үшін жұмсалатынын білді. Жеке тұтынушылық – соғыс жылдарында 40 пайызға кеміді. Жұмысшылар мен қызметшілерге жеке және коллективті егін егуге рұқсат етілді. Бұл ретте олардың үй маңындағы қосалқы шаруашылықтарына шек койылған ауыл-село тұрғындарына қарағанда артықшылығы болды. Ақшаның құны болмады, карточкаларды тауарға айнадырудың үнемі сәті түсе бермеді. Осының бәрі «қара нарық» (черный рынок), алыпсатарлық пен заттарды айырбастыққа әкелді. Сонымен бірге психологиялық ауыртпалықпен: жақын адамның қаза табуына байланысты қайтуымен, майданнан хат күтумен (қара қағаздың келуі де мүмкін) 11-12 сағаттық жұмыс күнімен, жексенбі күндерінің сирек болуымен, іс жүзінде бақылаусыз қалған балалар үшін үрейленумен қосылып жатты. Жеңісті жақындата түсу үшін еңбек ету қажет болды. Өнеркәсіптің көптеген салаларында шапшаң, жедел жұмыс істеу козғалысы кең өрістетілді. Саяси және идеологиялық қысым азайып, өндіріс орындарында экономикалық тимділікке жол берілді. Жұмыс уақытындағы «саяси жиналыстар» азайды, техникалық басшыларға ұйымдастырушылық және кадрлық сұрақтарды шешу кұқықтары берілді. Екі есе нормалар орындайтын жұмысшылар үш норма орындай бастады, олар бірнеше мамандықтарды меңгерді. 1944 жылы материалдық ынталандыру енгізіліп, шаруашылық есеп элементтері қолданыла бастады. Инициативалы, іскер жұмысшылардың көп табыс табуға, сөйтіп еркін сатылатын коммерциялық магазиндерден тауарлар алуға мүмкіндігі болды, мұнда талондар мен карточкалар бойынша нормамен берілетін тауарларға қарағанда, тауарлар бағасы жоғарылау еді. Кеңес үкіметі сонымен қатар қоғам дамуының бар саласын қадағалауға тырысты. 1940-1950 жылдары ғылым мен мәдениетті идеологияландыруға барынша күш жұмсалады. Шығармашылық ахуалды сауықтыру жалауы астында, оны буржуазия ықпалынан, формализм мен космополитизмнен тазарту науқаны жүріп жатты. Коммунистік партия мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар арқылы халыққа білім беруді, мәдени-ағарту жұмыстарын, әдебиет пен өнерді бағыттап отырды, еңбекшілерді маркстік-лениндік идеология рухында идеялық-саяси тұрғыда тәрбиелеу жұмысын жүргізді. Соғыстан кейінгі кезеңдегі қоғамдық-саяси дамудың басты сипаты – идеологиялық рөлінің ерекше күшеюі болып табылады. Партияның идеологиялық қызметі еңбекшілерді саяси үгіттеу және саяси тәрбиенің кешенді шараларымен ғана шектелмеді, ол біртіндеп бүкіл рухани мәдениет билігін өз қолына алды.
Кеңес мәдениетінің идеологиялық негізін біріктіруге, оның ішінде әдебиет пен өнердің идеялық-саяси деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінгенін айтқан жөн. Мәдениетке іс жүзінде осылайша басшылық жасауда, мемлекет және партия органдары оның кейбір жекеленген өкілдері тарапынан дөрекі, көпшілік жағдайда надандық мінез таныту, мәдениетті дамытудың табиғи үдерісіне жатқызылды. Соғыстан кейінгі жылдары қолға алынған «формализммен» күрес амалы одан әрі жалғасты. Ол әдебиет, музыка, бейнелеу өнерін қамтыды. Ұлттық интеллигенция арасында қолдан жасалған буржуазиялық ұлтшылдық айдары тарап кетті. Осының бәрі елдің қоғамдық-саяси өміріне де теріс әсер етті. Кеңестік режим барлық халықтарға және бүкіл мәдениет атаулыға өмір сүрудің баршаға ортақ: «мәдениеттің мазмұны социалистік, формасы ұлттық болуға тиіс» деген үлгісі мен қалыбын таңды. Қуғындау жүйесі барша жеке ерекшелікті, барлық өзгешелікті, қарсылық көрсеткендердің барлығын басып-жаныштады. Конституциялық заңдылық бұзылып, өкімет билігін теріс пайдалану жиілеп кетті. Коммунистік партияның басшылық рөлі олардың қоғам өмірінің барлық жақтарына бағыт берушілік және басшылық араласуы деп түсіндірілді. Партия билігі атқарушы мемлекеттік органдарының өкілдеріне жататын шаруашылық мәселелерді шеше отырып, оларды дербестілігінен айырды. Барлық шаруашылық, әлеуметтік, мәдени және ғылыми мәселелер коммунистік партияның араласуымен және оның әміршіл нұсқауымен шешіліп отырды. Ұлы Отан соғысындағы жеңіс халықтың көңіл-күйі мен оның басшылыққа деген сенімін жақсартқанымен, соғыс жылдарындағы ауыртпалық пен қиыншылық бірден жойылмады. Адамдардың саяси ойы мен сөз бостандығы тұншықтырылды. Бүкіл баспасөз, оқу-білім, әдебиет, ғылым және өнер қатаң цензура бақылауында болды, әсіресе, ғылымдар, соның ішінде тарих ғылымы партияның қатаң бақылауында еді. Қоғамдық ғылымдардың осы жылдардағы дамуына партия Орталық Комитетінің «Звезда» және «Ленинград» журналдары туралы 1946 жылғы 14 тамыздағы аты шулы қаулысы кері әсер етті. Ол партия саясатына қарсы қудалаудың жаңа науқанын ашып берді. Озық ойлы, парасатты азаматтарды қудалау оқиғалары елде жиі болып тұрды, оған қалың көпшілікті қатыстыру жағы да ескеріліп отырды. Ондай шаралар барлық деңгейде жүргізілді. Шындығына келгенде, бұл шаралар мінсіз деп саналатын, коммунистік қоғам туралы басқаша ойлайтындарға қарсы бағытталды. Сол кезде аймақта кең таралған «домалақ-арыздар» жазу кеңестік қоғамның бір көрінісі еді. Үгіт-насихат түрлері көбейді. Лекциялар оқуы маңызды рөл атқарды. Соғыстан кейінгі қоғамның өмірі партиялық органдар тарапынан жіті бақыланды. Қазақстан КП(б) ОК 1946 жылы «О состоянии лекционной работы в Казахской ССР» атты қаулыны қабылдады. Арнайы дайындықтан өткен лекторлар тобы құрылды. 1948 жылдан бастап, саяси және ғылыми білімдерді тарататын қоғам (общество «Знание») жұмыс істей бастады. Облыста лекциялар қазақ, орыс, шешен, ингуш тілдерінде оқытылды. Қоғамдағы жеке басқа табыну, «Халықтар көсемінің» бейнесі осы лекциялар арқылы жасалды. Осы кезеңде Ақмола жерінде эвакуация қарқыны тез жүрді. Мысалы Көкшетау облысына Ресей, Украина, Белоруссия республикаларынан 9 мың қоныс аударушы келсе, қаланың өзінен 4900 адам баспана тапты. Сонымен қатар, соғыс жылдарында Алексеев ауданы 1500 эвакуациямен келгендерді, Целиноград ауданы 500 адамды паналатты. 1941 жылы 24 қазандағы Ақмола облыстық атқару комитетінің эвакопунктіне келген жеделхатта темір жол бойымен 1440 еркек, 3531 әйел, 5647 бала келгенін, 5223 адамның еңбекке жарамсыз, 8169 адамның құжатсыз екендігі көрсетіліп, оларды колхоздарға, артельдерге және эвакопунктерге бөлінгені айтылады. Жекелеген қарапайым адамдардың да ерлігі тәнті етеді.
Целиноград ауданының «Қызыл Ту» сельхоз артелінің колхозшысы Мәдина Сәрсенбаева 100 мың сомға мемлекеттік займға жазылып, соғыс мұқтажына аударған. Қорғалжын ауданы «Қайырлы» колхозының төрағасы Қайыржан Ыбышев, «Оразақ» колхозының төрағасы 100 мың сомнан Қорғаныс Қорына қаржы аударады. Киров колхозының жұмысшылары Марьян Пенковский мен Александр Бобров әр қайсысы 30 мың сомнан облигация алған. Ал «Кеңес» колхозының колхозшылары эвакуациямен Қарағандыға келген шахтер отбасыларына азық-түлікпен көмек беруге газет арқылы облыс халқына Үндеу қабылдайды. Еңбек армиясына шақырылғандар кеніштерде, шахталарда, сонымен қатар, Қарағанды – Ақмола, Ақмола – Қарталы темір жол желілерінің құрылыстарында жұмыс істеді. Майданға кеткен ер адамдарды әйелдер жасөспірімдер, қарттар алмастырды. 1941 жылғы 10 шілдедегі Ақмола облыстық партия комитетінің Қаулысында «Әйелдерді трактор, комбайн, автомашиналарда жұмыс істеуге дайындау» туралы айтылады. Жоспар бойынша 15 шілде -15 тамыз аралығында 4506 тракторист дайындап, Ақмола және Қотыркөл механизация мектептері арқылы 306 адам шофер оқытып шығару көзделді. Барлық шаруашылық басшылары оқу курстарын тыңдаушылармен мерзімінде қамтамасыз етуге тиісті болды. Майдан мен тылда көзсіз ерлік көрсеткен мыңдаған қазақстандықтардың қатарында ақмолалықтардың да есімдері тарихтың беттеріне алтын әріптермен жазылады. Ақмола қаласынан шақырылған 14 723 адамның ішінен 7414 майдангер ерлікпен қаза тапты, ал, облыстан жалпы 80 000-дай адам соғысқа кеткен. Көкшетау облысынан жаумен соғысқа 59 000 адам аттанса, оның 24 331 майдан даласынан оралмаған. Жанқиярлық ерліктері үшін көптеген ақмолалықтар орден және медальдармен марапатталды. Ақмолалық 41 адам, көкшетаулық 29 адам Кеңес Одағының батыры атағын алды. Олардың қатарында даңқты жерлестеріміз Кеңес Одағының батыр атағына екі рет ие болған ұшқыш, генерал-майор Талғат Бигелдинов, егемен еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов, академик, жазушы Мәлік Ғабдуллин, «Халық Қаһарманы», Рейхстагқа жеңіс туын тіккендердің бірі Рақымжан Қошқарбаев, батырлар Ақан Құрманов, Михаил Янко, Николай Сапронов, Әлмұқан Сембинов, Иван Воронин т.б. бар. Украина партизандарының қатарында белгілі қазақ ақыны Жұмағали Саин да болды, ол капитан Хайрутдинов басқарған партизан отрядының саяси жетекшісі қызметін атқарды. Ақмола облысының Николаевка селосында туып өскен М.Стрельников Чернак атындағы отрядта өзінің ержүрек командир екенін көрсетті. Тікелей өзі жаудың 9 эшелонын жолдан тайдырып, әскери жүк тиеген 6 автомашинасын жарып жіберген. Шортанды ауданынан әскерге шақырылған Хамит Ысмағұлов осы отрядта взвод командирі болып, ол жаумен жиырмадан астам шайқасқа қатысып, 70 шақты фашистің көзін жояды. Ерлікпен қаза табады. Жауынгер серіктері, Белоруссия партизандары оның есіміне мәңгі ескерткіш орнатты. Қазақ халқының даңқты ұлының портреті Минскідегі Ұлы Отан соғысы мұражайының ең құрметті орындарының бірінен орын алды. Көкшетаулық Мария Смирнова-Кухарская соғыс кезінде мейірбике болған. Бір өзі ұрыс даласынан 480 жаралыны алып шыққан. Екінші дүние жүзілік соғыс жылдарындағы ерлігі және бейбіт өмірдегі медициналық қызметі үшін 1973 жылы Халықаралық Қызыл Ай қоғамының «Флоренс Найтингейл» медалімен марапатталады. Белгілі композитор Евгений Долматовский оған арнап «Песнь о Марусе Кухарской» атты ән шығарады. Осы орайда Атбасар ауданының Ново-Александровка селосында туған Иван Одарченконың тарихы көңіл аударуға тұрады. Венгрия, Австрия, Чехословакия жерлерін азат етуге қатысады.
Екінші дүниежүзілік соғыстың тарихына біздің даңқты жерлестеріміз ерлік пен қаһармандықтың жарқын шежіресі болып жазылды. Олардың көбі халық есінде өздерінің өмірімен тығыз байланысты елдік оқиғалармен де қалды. Осы ретте, біз айтып отырған Иван Одарченконың Екінші дүниежүзілік соғыстағы алып ескерткіш монументтің басты кейіпкеріне айналғаны да жерлестері мақтан тұтарлық тарихтың бір шежірелі беті.
Соғыстан кейін оны әйгілі совет мүсіншісі Евгений Вучетич байқап, мүсінін жасап, бүкіл әлемге белгілі Берлин қаласындағы Трептов саябағында Азат етуші жауынгерге арналған ескерткіш орнатады. Бұл тас мүсін оң қолына семсер ұстаған, сол қолында құтқарылған неміс қызын көтеріп тұрған совет солдатын бейнелейді. Мүсіннің биіктігі 12 метр, салмағы 70 тонна. Осылайша жерлесіміздің бет-бейнесі Европа төрінде Ұлы Жеңістің символына айналады. Біржан сал ауданы Құдықағаш ауылының тумасы, панфиловшы, композитор, соғыс уақытында әр қазақ жауынгерінің гимне айналған «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебаевты, Атбасар қаласында дүниеге келген атақты қазақ жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Көшпенділер» трилогиясының авторы, Старая Русса шайқасына қатысушы Ілияс Есенберлинді, сонымен қатар Социалистік Еңбек Ері, бұрынғы Көкшетау оязы Шабақбай ауылыны тумасы, 76-атқыштар дивизиясының саяси бөлім басшысы, 3 орденнің және Польша мемлекетінің жоғары наградасы «Virtuti Militari» орденінің иегері, 1970-1984 жылдары Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болған Бәйкен Әшімовты, Социалистік Еңбек Ері, зеренділік, Сталинград, Курск, Харьков, Белоруссия жерін азат етуге қатысқан, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 3 ауданның басшысы болған Баян Жанғаловты атап өтуімізге болады. Қазақ КСР-інің аумағына 1946 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша тұтас халықтарды күшпен қоныс аударту нәтижесінде 890 698 адам жайғастырылды. Соғыс жылдары ақмолалықтар депортацияға ұшыраған халықтарды қарсы алып қоныстандырады. 1941 жылдың 25 қазанына қарай Қазақстанда 467 мың немістерді қабылдау жоспарланды. Соның ішінде Ақмола облысына 62,2 мың адам қоныстандыру көзделді. Неміс халқы келісімен жаппай мобилизацияға, қара жұмысқа, еңбек армиясына тартылады. Немістерді еңбек армиясына тарту негізі 3 жолмен жүргізіледі: әскери комиссариат, НКВД және жергілікті билік арқылы. Көпшілігі Петропавл қаласындағы ТЭЦ-1 құрылысында, мемлекеттік құрылыс-жөндеу конторасында (ГСМК-52) жұмыс істеді. Айталық соғыстың бастапқы жылдарында Көкшетау жерінің аумағына Украина мен Белоруссияның батыс бөлігінен 15 мыңдай поляк, неміс отбасылары көшіріледі. 1944 жылы 6399 отбасы (барлығы 28 114 адам) шешен-ингуш ұлтының өкілдері орналастырылады. Алексеев ауданы Солтүстік Кавказ халқы өкілдерін, барлығы 3600 адамды, 1944 жылы ақпан айында қыстың қақаған аязына қарамастан қарсы алып жайғастырады. Атбасар ауданы осы жылдарда 10 мыңнан аса адамды қабылдайды. Ерейментау ауданының халқы сырттан келген неміс, шешен-ингуш халықтар есебінен толығады. Барлығы 1927 арнайы қоныстаушыны «Елтай», «Красный пахарь», «Алғабас», Ленин, Крупская атындағы колхоздар қабылдайды. 1945 жылы аудан халқының саны 12 863 адамды құрайды. Ұлттық құрамы жағынан: орыстар — 13%, украиндар — 19%, немістер — 19%, қазақтар — 38%, ингуш-шешендер -11% құрайды. Балкар халқының Ақмола облысына қоныс аударуы жөніндегі мәліметте 5219 балкар эшелонмен келгендігі айтылады. Сонымен қатар өлкеге 60 330 шешен-ингуш, яғни 10540 отбасыны құрап, жеткізіліп, олардың 2187-сі колхоздарға жұмысқа тартылғандығы, 585 адам өндіріске кіріп, 6592 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілгендігі, оларға 215 мың сом ауыл шаруашылық несиесі, 970 тонна дәнді-дақыл, 20,4 т онна жүн беріліп, 8383 пима, 341 былғары тері, 2750 қой жүні бөлінгенгендігі туралы деректер бар. 1955 жылғы 15 тамыздағы мәлімет бойынша облыс көлемінде: немістер — 40 508, шешен-ингуштар — 20 854, оуновшылар — 179 және де басқа да контингент — 6868 адам болған. Жалпы қоныстанушылардың жағдайының ауыр болғаны көптеген себептерге байланысты еді. Азық- түліктің жетіспеушілігі, жылы киімнің аздығы, санитарлық жағдайдың нашарлығы, ауру-сырқаудың, індеттің көптігі, нақты көмектің аздығы, тұрғын үймен қамтамасыз етілмеуі, балаларға сапалы білімнің берілмеуі өлім-жітімнің көптігіне, тағдыр тауқыметіне әкеліп соқты. Жергілікті биліктің де оларға сенімсіздікпен қарағанын атап өткен жөн. Мәдени-әлеуметтік өмірдің де соғыс жылдарында біршама дамығанын айтып өту керек. Соғыс қарсаңында Ақмола қаласында педагогикалық училище, медицина, ветеринария, ауыл шаруашылық мектептері, құрылысшылар мен темір жол бойындағы паровоздар мен деп оларға слесарьлар мен жұмысшылар дайындайтын 2 ФЗО жұмыс атқарды. 260 орындық 2 поликлиника, жедел жәрдем станциясы, перзентхана, мектептер жұмыс істеді. Облыстық жалғыз қазақ мектеп-интернаты балаларға білім берді. Соғыс алдында облыста 73 476 оқушы мен 2918 мұғалімді қамтыған 492 мектеп болса, 1945 жылы 54 156 баланы қамтыған 546 мектеп болды. 1945 жылы қалада темір жол транспорты және машина құрылыс техникумдары ашылды. Тарихи-өлкетану музейі, облыстық орыс колхоз-совхоз театры істеп, аудандық, облыстық газеттер шығып тұрды. Сауатсыздық түбегейлі жойылды десе де болады. 1943 жылы Ақмолада облыстық драма театры ашылып, оның қазақ бөлімі құрылды. 1944 жылы наурызда Ақмолада бірінші рет ақындар айтысы өтеді. Соғыс жылдары көкшетаулық айтыс ақындары «Қазақ ССР-нің халық ақыны» (1939) Қалия Жұбандықұлы, 1937 жылы II Қазақстан ақындарының делегаты Әміре Сұлтанмұратұлы, атақты Жамбылмен айтысқан Молдахмет Тырбиұлы, Қазақстанның халық ақыны Шәкен Отызбайұлы айтыс өнерін өркендетті. Кеңес Одағын Сталин билеген кезеңде айтыс өнері – коммунистік идеологияның, үгіт-насихат жұмысының бір тиімді құралы болғанымен де, ұлт өнері – айтыс үлкен тынысқа ие болды деп айта аламыз. Қазақ халқының Ресей империясы мен КСРО қатысқан бірінші және екінші дүниежүзілік соғыстарға қатысты көзқарасы, қарым-қатынасы екі түрлі болғандығы өзіне назар аудартады. Әсіресе, бұл мәселеге тәуелсіздікке ие болған жылдардан бастап, отандық тарихшылар өзгеше қарай бастады. Мәселен, 1914 жылы басталған Ресей империясы барып киліккен бірінші дүнижүзілік соғысты қазақ халқы Отан үшін соғыс деп қабылдамай, ал қазақтарды тыл жұмыстарына мобилизациялау 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысқа сылтау болғаны мәлім. Себебі, ол кезеңде қазақ халқы өзінің ұлттық бірегейлігі мен менталдығын сақтап тұрды. Ал, 1920 жылы қазақ халқына қатысты жүргізілген әлеуметтік-саяси эксперименттер: кеңестендіру, отрықшыландыру, жаппай тәркілеу, ұжымдастырудың ақыры қазақ ұлты арасындағы ынтымақ-бірлікті бұзып, экономикалық жағынан толықтай күйретіп, ашаршылыққа, қазақ зиялы қауымын төтенше репрессия зобалаңына ұшыратуы қазақ халқының рухын сындырып, бел омыртқасын үзіп жіберген еді. И.Сталин осы соғысты тоқтатушының бірі бола отырып, бұрынғы одақтасы оған 1941 жылы 22 маусым таңында соғыс жариялаған соң бұл соғысты КСРО халқының Гитлерлік Германия мен оның одақтастарына қарсы бағытталған Ұлы Отан соғысы деп жариялады. Қазақ халқы бұл соғысты ендігі жерде менің соғысым емес деп айта алмайтын хәлге жеткізілді. Сондықтан, аштық жылдары жетім қалып «советский детдомдарда» тәрбие көріп өскен қазақтар майданға еріктілер болып аттанды. Әкесі репрессия құрбаны болған, Рейхстагқа Жеңіс туын алғаш болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев та осы кеңестік кезеңде ашаршылық пен қуғын-сүргін жайлаған қазақ даласында ашылған көптеген «детдомдардың» тәрбиленушісінің бірі болатын. Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетов те ақмолалық екендігін мақтанышпен еске аламыз. Жазушы, ғалым, зеренділік Мәлік Ғабдуллин атақты 8-ші гвардиялық дивизияның қатарында жаумен шайқасып Кеңестер Одағының батыры атанып, артында мол әдеби шығармашылық, ғылыми, педагогикалық мұра қалдырды. Кеңес Одағының Батыры атағын алған атақты ұшқыш Талғат Бигелдиновтың да туған жері Ақмола жері, сонау 1930-шы жылы зобалаңдар кесірінен Қырғызстанға қоныс аудырып көшіп кетуге мәжбүр болған отбасының өкілі. Соғыс жылдары Қазақстан, соның ішінде Ақмола КСРО-ның әскери өнеркәсібі үшін маңызды шикізат пен азық-түлік, мобилизациялық ресурс базасына айналдырылды. Ақмола өңірінен аттанған жауынгерлер кеңес-герман майдандарының ең шешуші бағыттарындағы соғыстарға қатысып, гитлерлік нацизмді тізе бүктіруге өлшеусіз үлес қосты. Ақмола өңірінде жасақталған 310-шы, 314-ші дивизиялар майдан даласында ерлікпен шайқасты. Ақмолада жасақталған 106-шы қазақ атты әскер дивизиясының осы уақытқа дейін белгісіз болып келген тағдырының тарихы қазіргі уақытта ғана белгілі болып отыр. Ақмола өңірі талай ерлер тудырған – батырлар елі екендігін дәлелдеген қасиетті мекен. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары адамзат өркениетіне зор қатер тудырған тоталитарлық саяси режимнің туындысы – герман фашизімін талқандауға өзінің лайықты үлес қосты деп айта аламыз.
Фашизмді талқандап Ұлы Жеңіске үлес қосқан жерлестеріміздің есімдері ешқашан да ұмытылмақ емес. Біздің басты міндетіміз – олардың ерлігін мәңгі есте қалдыру. Батырлардың аттарында көшелер, ескерткіштер, мұражайлар, елді мекендер бар. Дана халқымыз «Болашақты болжағың келсе – бір сәт өткенге көз сал» дейді. Өткеніміз біздің тарихымыз ғана емес – ол біздің зердеміз, рухани байлығымыз. Зерде мен Парыз – ажырамас ұғымдар. Біз асыл бабаларымызға мәңгілік қарыздармыз. Халықтың зердесі тарихтың өткені мен болашағынан сәуле беретін асыл да алтын тұғыр.
Аманбай СЕЙІТҚАСЫМОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты.