Батыр ауылы Еңбек, ағамызды еске алдық ерлеп!..

25 мамыр – Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы, даңқты жерлесіміз Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың туған күні.

Ол кісі 1924 жылы дәл осы күні Ақмола облысы Ақкөл ауданының Еңбек ауылында дүниеге келген. Былтыр 100 жылдық мерейтойы еліміз бойынша және Ақмола өңірінде кеңінен атап өтілді.

Биыл міне, уақыт деген сынаптай сырғып, батырдың кезекті туған күні де келіп қалды. Осыған байланысты менің ойыма мына бір жай түсіп отыр. 1999 жылы мамыр айында Ақмола облысының бұрынғы әкімі С.В.Кулагиннің  шақыруымен туған жері Ақкөл ауданына Сағадат аға зайыбымен келіп, әріптестерінің және жерлестерінің қатысуымен ол кісінің 75 жылдығы аталып өтті. Мерейтой батырдың кіндік қаны тамған Еңбек ауылында басталып, аудан орталығы Ақкөл қаласында өз мәресіне жетті. Ағамыз алдымен, жерлестерімен кездесіп, қалада өзі оқыған мектепте болып, өзіне арналған көшенің ашылу салтанатына қатысты. Маған алдында аудан басшылығы тарапынан осы шараларға мектептерді, оқушыларды дайындау тапсырылған болатын. Сәкең соған риза болды ма, маған қолынан шешіп алып, сағатын тарту етті.

 Осылай өмір өтіп жатты. 2013 жылы 89 жасында ол кісі дүниеден өтті. Маған енді «ел бұл кісіні қалай есінде сақтайды?» деген ой келді. Көпшілік жолаушылар Астана-Бурабай тас жолымен Еңбек ауылының тұсынан өтіп бара жатып, бұл елді мекеннің ағамыздың туған ауылы екендігін білмейтіндігіне көзім жетті.

Сондықтан, сол кездегі аудан әкімі Алпысбай Қайыржановқа жол бойына батырдың суретімен, ол кісінің Еңбек ауылында туғандығын білдіретін билборд қояйық деген ұсыныс жасадым. Ол кісі қолдап, жолдың екі жағына да сондай билборд қойылды. Әрі-бері өткендер арасында жолай Сағадат Нұрмағамбетовтың туған ауылын көре кетейік деген қызығушылықтар да болады ғой. Енді сол жағын ескеру, мұндайда батыр ағамыздың ауылы атына сай болуы керектігін ойластыру міндеті де алдымызда тұрды. Бұрын  осындағы мектептің музейінде ол кісіге арналған кішкентай бұрыш бар болатын. Өкінішке орай, одан басқа ештеңе болмайтын.

Осы жағын түсінген аудан басшысының өз өтінішімен «Ердің атына елі сай болуы керек» деген айдар бойынша бағдарлама жобасын жасадым. Соны арнайы отырыста сәл өзгертулермен бекіттік. Бұдан әрі осы  бағдарламаны іске асыруға  көп қаржы керек болды.

Осы шаруамен Сағадат  Кожахметұлына қатысы бар мекемелердің біразын  аралап едім, олардан ештеңе шықпады. Алматылық  Қали деген  азамат екеуіміз Ақмола облысының сол кездегі әкімі Ермек Маржықпаевтың  қабылдауында болдық. Ол кісі әжептәуір қаржы бөліп, соның арқасында мектеп пен мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізілді. Астана-Бурабай автобанынан ауылға дейінгі жол жөнделді. Орталық көше жарықтандырылды. Бұл жерде сол кездегі ауыл әкімі Сағындық Абахановтың еңбегін, белсенді іс-қимылын атап өткен жөн. Мәдениет үйінің екінші қабатынан батырға арнап музей аштық.

Сөйтіп жүргенде ағамыздың 100 жылдығы тақап қалды. Ал, ауылда әлі атқаратын қыруар жұмыс бар еді. Атап айтқанда, ол кісінің атындағы көшені жөндеу керек, саябақ ашсақ, ескерткіш орнатсақ деген ойымыз да бар болатын. Сол тұста аудан әкімі Біржан Әбдірахмановтың қолға алуымен Ақкөл қаласы мен Еңбек ауылында Сағадат Нұрмағамбетов атындағы саябақтардың негізі қаланып, көшеге асфальт төселді және жарық орнатылды.

Жерлестері бұл күнде өткен күннің белгісіндей, батыр ағамыздың фото құжаттарын көздің қарашығындай сақтаумен келеді. Соның бір белгісі,  жарты ғасырдай бұрын жол апатынан дүние салған соғыс ардагері Қани Төлегенұлының немересі, дәрігер Қайрат Шәйкенұлы маған өз отбасылық фотоальбомынан екі сурет жіберді. Бұл суреттерге Қайраттың атасы Қани ақсақал Кеңес Одағының Батыры Сағадат Нұрмағамбетовпен бірге жас кездерінде түскен.

Қайраттың айтуынша, сурет 1950 жылы Ұлы Жеңістің бес жылдығында, Ақкөл қаласындағы саябақта түсіріліпті. Суретте Сағадат ағамыз бен Қани ақсақалдың өзі және зайыбы Қампа, Ақкөлдің тағы да бір топ адамдары бейнеленген. Ал, үш адам түскен суретте Сағадат, Қани ағаларымыз және тағы бір танымайтын азамат тұр. Осы суреттердің сырын немересі Қайратқа 98 жасында қайтыс болған әжесі Қампа айтып кеткен екен. Міне, қымбат жәдігер, өшпес тарих деген осы. Осы суреттер арқылы кейіпкеріміздің жастық шағы көз алдымызға елестейді.

Мен 2023 жылдың басында ақкөлдіктер атынан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Фатихұлы Жақсылықовтың қабылдануында болып, батырға ескерткіш қою мәселесін көтердім. Министр сондағы өз сөзінде тұрып, батыр ағамыздың 100 жылдығына арналған мерейтойлық шаралар кезінде Ақкөл қаласының көрікті бір тұсында Сағадат ағамызға еңселі ескерткіш ашылды. Ал, туған жері Еңбек ауылындағы саябаққа мүсіні қойылды. Осы мерейтойлық шараларға Қазақстан Республикасы Сенатының спикері Мәулен Әшімбаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, батыр ағамыздың қызы, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Міне, осылайша, қазақ халқының біртуар перзенті Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтың өз еліндегі мәңгілік өшпес екінші ғұмыры басталды.

 Еркін ДӘУЕШОВ,
Астана қалалық  ардагерлер кеңесі  медиа тобының мүшесі,
білім саласының үздігі, «Құрмет» орденінің  иегері.

                                                                                                                 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар