Артында өшпес іс қалдырған көрнекті тұлға

Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері Оразбек Сұлтанұлы Қуанышевтың туғанына  90 жыл

«Қарапайым ауыл баласынан Қазақстанның көрнекті саяси және қоғам қайраткеріне дейін көтерілген Оразбек Сұлтанұлы Қуанышевтың күллі еңбек жолы, адам болып, азамат ретінде қалыптасуы менің көз алдымда өтті. Оның адамгершілігін, қарапайымдылығын, парасаттылығы мен риясыз ілтипаттылығын жиі еске аламын. Сонымен қатар, ол өзі тізгінін ұстаған істің мүддесі талап еткен жағдайда принципті де ымырасыз бола білді. Үш бірдей облыстың, Астық өнімдері министрлігінің басшылығында жұмыс істеп, туған елінің экономикалық әлеуетін еселей түсуге көп күш жұмсады.»

Бәйкен ӘШІМОВ,
Социалистік Еңбек Ері, мемлекет және қоғам қайраткері,
Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің 1970-1984 жылдардағы төрағасы.

Соғыс жаңғырығы әлі де басылмаған 1944 жылдың 15 наурызында Көкшетау облысының құрылуы Кеңес Одағы басшылығының жан-жақты ойластырған сәтті шешімі болды. Өйткені, соғыста күйзелген шаруашылықты тез арада қалпына келтіріп, мемлекетіміздің күш-қуатын арттыру үшін бірінші кезекте астық пен мал өнімдерін өндіруді молайтудың стратегиялық маңызы зор болатын. Сарыарқаның сайн даласының мұндай кәсіппен айналысуға өте қолайлы екендігіне өмірдің өзі айқын көз жеткізді.

Мемлекеттік деңгейдегі жауапты бұл міндетті бұлжытпай орындау үшін Көкшетау облысын басқаруға Кеңес Одағына кеңінен танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері тартылды. Олардың ішінде Ұлы Отан соғысы жылдары партизан қозғалысын басқарған, шешуші шайқастарда ерлік көрсеткен майдангер тұлғалар да болды. Жалпы, 1945-1991 жылдар аралығында Көкшетау обкомының бірінші хатшысы болып 12 адам істепті.

Бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері болып отырған Оразбек Қуанышев билік тізгінін тоғызыншы болып, заманымыздың заңғар тұлғасы Еркін Әуелбековтен кейін, 1978 жылдың қаңтарында алды. Ал, атақты жерлесіміз Еркін Нұржанұлының басшылығымен облыс экономикасы жедел қарқынмен дамып, астық өндіруден Кеңес Одағында алғашқы ондықтың қатарына енді. Әсіресе, қазақ ауылдарының бағы ашылып, қырық шақты совхоздар құрылды. Билік тізгініне жергілікті ұлт өкілдері ие болды. Бас-аяғы тоқсан мыңдай тұрғыны бар Көкшетау қаласында әуежай, теміржол вокзалы, аурухана, мәдениет сарайы салынып, бірнеше шағын аудандар бой көтерді. Халық тұтынатын өнім шығаратын жаңа өндіріс орындары көптеп жұмыс істей бастады.

Дегенмен де өмір бір арнада тұрмайды ғой.Әр басшы өзіндік таңдауын жасап, сан мыңдаған адамдардың тағдырына ықпал ететіндей басқару тәсілдерін таңдайды. Кіндік қаны тамған Атбасар ауданының екі кеңшарында директор, Целиноград облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болған іскер азамат Оразбек Сұлтанұлы тәжірибесі мол болғанымен, қалыптасқан жұмыс ырғағын бұзбай, тығырықтан шығудың жаңа жолдарын іздеді. Еңбек ұжымдарының жұмысындағы табыстар мен әттегенайларды ескеріп, проблемалы әрі осал тұстарға жете назар аударды. Әр ауданның, әр шаруашылықтың өндірістік потенциалына жеке-жеке талдау жасап, батыл шешімдер де қабылдай білді.

Республика басшылығы жаңа бірінші хатшыға жаңа міндеттер жүктеді. Осыған орай Көкшетау облысы мемлекет жыл сайын ең кемі 2 миллион 248 мың тонна астық, 1300 тонна жүн, 103 миллион жұмыртқа, 32 миллион тонна картоп тапсыру міндеттелді. Ал, жалаң бұл цифрлардың түп-төркініне терең бойлағанда, оның қаншалықты салмақты екенін әрі бұлжытпай орындау үшін көп маңдай тер төгу керектігі бесенеден белгілі. Оразбек Сұлтанұлы болса, партия жүктеген бұл міндетті сөзбұйдаға салмай, орындау совхоз директорынан бастап аудан басшыларының басты борышы екенін шегелеп айтты. Және де тапсырманың орындалуы жөнінде әр апта сайын тікелей өзіне есеп беруді жүктеді.

Талапшылдық – басшы үшін өте қажет қасиет. Қуанышевты партия гүлзарларға су құйып, субұрқақ жасау үшін жіберген жоқ қой. Мәскеу мен Алматы құдайдың құтты күні: «Астықтың жағдайы қандай? Қанша ет тапсырасыңдар?» – деп есеп беруді талап ететін. Бірінші хатшы дамыл таппастан, маусымдық науқан кезінде шаруашылықтарды өзі аралап, істің жайын көзбен көрген соң ғана нақты шешім қабылдайтын. Тынымсыз еңбек игі нәтиже берді. Республика басшылығының қолдау-көмегі арқасында облысқа жаңадан ауыл шаруашылығы техникалары келе бастады.Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың облысқа жасаған сапары кезінде Оразбек Сұлтанұлы диқандарды ынталандыру үшін жиырма шақты «Волга» және «Москвич» автокөлігін бөлуді өтінеді. Орақ жұмыстарының қарқынды жүріп жатқандығына көзі жеткен Димекең бұл ұсынысты ықыласпен қабылдапты.

Иә, астық – бар байлықтың басы. Жоғары басшылар алдымен Көкшетау облысынан астықтан мол өнім алуды күтетін. Шынтуайтына келгенде, Оразбек Сұлтанұлының астықтан өзге де қарекеті бастан асып жататын, үлкенді-кішілі мәселелердің біразы оның араласуын, келісімін, шешімін күтетін. Күн сайын бір жаңа әрекет шыға келетінін қайтерсің. Солардың тереңіне батып кетпей, не бетінде қалқып жүрмей, басты тетігін тауып, дұрыс бағыт сілтеу де маңызды. Осы орайда, бірінші хатшы өзі іріктеп, тәрбиелеген командасына арқа сүйей отырып, халық шаруашылығының басқа салаларының да ілгері қадам басуына назар аударды.

Бұл орайда, Еркін Әуелбековтің онжылдық, Оразбек Сұлтанұлының жетіжылдық кезеңі көкшетаулықтар үшін алтын дәуір болғанын атап айтқым келеді. Жұрт олардың тұсында Алланың алақанында отырғандай өмір сүрді. Қуанышев мейлінше байсалды, аса ұқыпты, білгір басшы болды. Бүгінгі жетекшілер одан қарапайымдылықты, ұстамдылықты, іскерлікті үйренуі керек. Ол сәрдебелі қабылдауға, ішіп-жеуге үйір болмайтын, жалпы барлығының шамасын білетін.

Оразбек Қуанышев аудандарды аралаған кезде адамдардың тұрмыс жағдайын жақсарту үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі және сауда қызметінің сапасына жіті көңіл бөлетін. Бірінші хатшы бір жағынан ұстамды, аз сөзді болатын, оның принциптілігі мен мұқияттылығы көпке белгілі. Сонымен бірге, біреулер қиналып, жаны жабырқаған жағдайда жүрекке түскен ізгі салмақты Оразбек Сұлтанұлының риясыз әсем жымиысы-ақ жуып шайып жіберетін. Кісімен сөйлесе білетін ол, қиындықты ұмыттыруға көмектесіп, өз күшіне деген сенімін арттыратын.

Бірде нөкер ертпей, облыс орталығының шет аймағын аралап, дүкенге келгенде сөрелердің тым жұтандығына назар аударады. Осыдан кейін іле-шала сауда активін жинап, кеңес өткізеді. Тауарларды дүкендерге тікелей түсіруге, мемлекеттік резервке қол созбас үшін қосалқы фермалар ұйымдастыруға тапсырма береді. Осындай қамқорлықтың арқасында орталық базарға әр ауданнан азық-түлік әкелудің кестесі жасалды.

Баршаға аян, кей жылдары қуаңшылықтың жиі қайталануынан ауыл шаруашылығы саласында күрделі жағдай қалыптасты. Соған қарамастан, облыс еңбеккерлері соңғы жылдары 7,5 миллион тонна дән өндіріп, оның 5 миллион 48 мың тоннасын мемлекет қамбасына құйып, 106 мың тонна картоп, 55 мың тонна көкөніс дайындады. Мемлекетке 300 мың тонна мал мен құс еті, 600 тонна сүт, 361 миллион дана жұмыртқа, 900 мың тоннадай жүн тапсырылды.

Денсаулық сақтау ісі өрістеді. Облыстағы 18 санаторий, профилакторий, демалыс үйлері мен туристік базаларда жылына 60 мың адам тынығатын болды. Бөлшек тауар айналымының көлемі 11 пайызға, тұрмыстық қызмет көрсету 20 пайызға артты. Сауда және қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының материалдық-техникалық базасы нығайды.

Оразбек Қуанышевтың Көкше жеріндегі алғашқы бес жылдағы кең құлашты, жемісті қызметі баршаға аян.  Осы уақытта облысымыздың картасында елеулі өзгерістер болды. Әлемде теңдесі жоқ Екібастұз – Урал жоғары кернеулі бірегей электр желісінің «Көкшетау» подстансасының бірінші кезегі өнеркәсіптік қуат бере бастады. Қызылжар – Көкшетау мұнай өнімдері құбыры пайдалануға беріліп, сұйық отын тұңғыш рет құбыр арқылы тасымалдана бастады.

Халық шаруашылығы салаларының келісті дамып келе жатқанын Еңбекшілдер мен Талшық элеваторларының, «Каменноброд», СОКП ХХІ съезі атындағы, «Көкшетау», «Кеңащы» кеңшарларындағы ірі мал шаруашылығы кешендерінің, Щучье құс фабрикасының, Көкшетау – Қызылту радиорелелік желісінің және басқаларының пайдалануға берілуінен көруге болады.

Артта қалушы кәсіпорындардың саны біршама азайды. Аттестаттауға жататын бұйымдардың бестен бірі мемлекеттік сапа белгісімен шығарылды. Сапа жөнінен Көкшетау прибор жасау зауыты, «Көкшетау жиһаз» бірлестігі жақсы нәтижелер көрсетті. Бесжылдықтың басынан бері 37 механикаландырылған және автоматтандырылған тасқынды желі орнатылып, 17 өндірістік учаске мен цех автоматтандырылды. Өнеркәсіп кәсіпорындарында автомат-роботтар, лазерлер, металдарды плазмалық кесу, ұнтақтық металлургия әдісі қолданылып, сандық бағдарламамен басқарылатын станоктар паркі өсті.

Тұрғындарға 700 миллион сомның тұтыну тауарлары ұсынылды. Мектептер, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері, кәсіптік-техникалық училищелер, ауруханалар мен емханалар көптеп салынды. Облыс еңбекшілері қаржыландырудың барлық көзі есебінен 815 мың шаршы метрден астам тұрғын үй алды, бұл өткен бесжылдықтың осы мерзіміндегіден оннан төрттей артық. Облыс орталығын түлету мақсатында «Бурабай» шағын ауданының құрылысы аяқталды, «Васильковка» шағын ауданының да сұлбасы көрініп қалды. Қалаға кірер негізгі жолдар жасалып автомобиль вокзалы, әмбебап магазин сияқты бірегей ғимараттар тұрғызылды, пединститут кешені, көп профильді балалар ауруханасы, «Достық» туристік мейманханасы іске қосылды.Әдебиетпен, өлкенің тарихымен әуестенеуі Оразбек Қуанышевқа көп пайда берді. Қолы бос сәттерде Шоқан Уәлихановтың балалық шағы өткен Сырымбетке барып, Көкшетау курортты аймақтарын одан әрі өркендетуді жатса да, тұрса да есінен шығарған емес. Көп жағдайда Югославия, Мали, Канадаға жасаған сапарлары кезінде көңілге түйген жаңалықтарын да іс жүзінде жүзеге асыруға тырысты.

Мемлекет және қоғам қайраткері Оразбек Сұлтанұлының елге сіңірген еңбегі лайықты бағасын алды. 1981 жылы Социалистік Еңбек Ері атанып, КПСС ХХ-ХХІ съездеріне делегат, 1979-1990 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат, 1975-1980 жылдары Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Екі мәрте Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, Октябрь Революциясы орденімен марапатталды. 1990 жылы зейнетке шыққанша Торғай обкомының бірінші хатшысы, Қазақ ССР Астық өнімдері және құрама жем министрі болды.

Көкшетау облысының құрылғанына 80 жыл толуына орай, былтыр ғылыми-әдістемелік конференция өткізіп, кітап та шығарған болатынбыз. Оның бір тарауы халқымыздың аяулы перзенті Оразбек Қуанышевтың қызметіне арналды. Сондай-ақ, облыс орталығының үлкен бір көшесі ел ардақтысының есімімен аталады. Көкшетау өңірін басқарған жеті жылда артында айшықты із қалдырған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Оразбек Қуанышевтың қасиетті есімі ел жадында мәңгі сақталады.

Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы,
Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар