Шаруашылықтар жауапты науқанды бірінен соң бірі аяқтап жатыр

Көктемгі егіс – 2025

Ақмола облысының диқандары көктемгі егіс жұмыстарын қарқынды жүргізіп, 5,5 миллион гектар егістік алқаптың 3,8 миллион гектарына дән септі. Бүгінгі күні 117 жауапкершілігі шектеулі серіктестік пен 366 шаруа қожалығы егіс науқанын толық аяқтады.

Бұл – республика бойынша үздік көрсеткіштердің бірі.

Биыл өңірде егістік алқаптарының көлемі өткен жылмен салыстырғанда 48,1 мың гектарға артық. Атап айтқанда, картоп пен көкөніс дақылдарының егістік алқаптары айтарлықтай кеңейтілді.

Астық өсіретін шаруашылықтар егіс жұмыстарын маусым айының басына дейін толық аяқтауды көздеп отыр. Қазірдің өзінде Атбасар, Сандықтау, Целиноград, Қорғалжын және Біржан сал аудандарында егіс жұмыстары соңына таяп келеді.

– Шаруалар жұмысты ұйымшылдықпен және жоғары жауапкершілікпен атқаруда. Бүгінгі таңда 483 ауыл шаруашылығы құрылымы егіс науқанын аяқтады. Қалған алқаптарда егіс жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған уақытылы қолдау, жеңілдетілген несие беру және сапалы тұқыммен қамтамасыз ету жауапты науқанды оңтайлы мерзімде аяқтауға септігін тигізіп отыр, – дейді Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Айта кетейік, көктемгі дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге 3,3 миллион гектар алқапта ылғал жабу жұмыстарының орындалуы да оң әсерін тигізді. Сонымен қатар, 2 миллион гектардан астам жерге тұқым себуге дейін өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда үш есе жоғары. Егіс науқанына қажетті тұқым мен дизель отынының толық қоры жасалды. Үкіметтің қолдауы арқасында көктемгі дала жұмыстарын ерте қаржыландыру мүмкін болды. Жеңілдетілген несие алуға 115 миллиард теңгеден астам сомаға өтінім түсіп, 778 аграршыға 100 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

Көктемгі дала жұмыстарына 37 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылған. Фермерлер бүгінде 100 мың тонна тыңайтқыш жеткізу бойынша 266 келісім-шарт жасасқан. Биыл минералды тыңайтқыштар себілетін алқап көлемі 78 мың гектарға арта түседі.

Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар