Бурабай зообағына ағаш егілді

Республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Бурабай курортты аймағында абаттандыру жұмыстары өтті. Оның барысында өңір кәсіпкерлері 50 түп қайың мен қарағай ағашын отырғызды. Бұл игі бастама өңірдің бірегей табиғи тепе-теңдігін сақтау мен экологиялық мәселелерге қоғам назарын аударуға бағытталған.

«Бурабай Даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі курорттық аймақты дамытуға жауапты негізгі ұйым ретінде бұл акцияға жергілікті деңгейдегі серіктес қана емес, ұйымдастырушы ретінде де белсене атсалысты. Компания акцияға қатысушылардың үйлесімді жұмысын, ағаш отырғызу аумағын таңдауды қамтамасыз етті және алда отырғызылған көшеттерге бас-көз болады.

– Біз тек туристік инфрақұрылымды дамытумен ғана айналыспай, сонымен бірге, табиғатқа деген түзу көзқарасты қалыптастырамыз. Кейбіреулерге бүгін отырғызылып жатқан елу түп ағаш аз болып көрінуі мүмкін, бірақ, біз мұндай жұмыстарды жылына бірнеше  рет атқаратынымызды ескерсек, бұл өңірімізде жасыл желектің молаюына қосылған айтарлықтай үлес. Оның үстіне бүкіл елімізден, шет елдерден туристер мен қонақтар келетін біздің тамаша курорттық аймағымыз жыл өткен сайын жасыл желегімен көз тартып, осы өлке қонақтарының жүрегінде ерекше әсер қалдыруы тиіс. Сол үшін де осындай жұмыстарды жалғастыра береміз. Мұндай бастамалар курорттың болашағына қосылған елеулі үлес, – дейді серіктестіктің бас директоры Бауыржан Бірбаев.

– Біздің брендті өніміміз Бурабайдың тұма бұлақтарынан басталады. Ағаш отырғызу арқылы біз экожүйені сақтауға үлес қосамыз. Суымыздың әр ұрттамы табиғатты аялауға, болашақ ұрпақ денсаулығына жасалған инвестиция екенін еске салып тұрса дейміз, – деп атап өтті акцияда сөйлеген сөзінде «Көкшетау минералды сулары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Досымжан Кенжешов.

Акцияға қатысушылар осындай игі істер дәстүрге айналып, басқа да компаниялар мен өңір тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға белсенді араласуға ынталандырады деген сенім білдірді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар