Ауыз су
Аудан орталығы Макинск қаласында су құбыры желілерін жаңғырту бойынша ауқымды жоба одан әрі жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстардың алғашқы кезеңі 76 шақырымнан астам инженерлік коммуникацияны қамтиды. Бүгінгі күні жұмыстың 60 пайызы аяқталып, 45 шақырым жаңа құбыр тартылды.
Жоба ескі, тозған су құбыры желілерін толық ауыстырып, оның орнына заманауи әрі сенімді құбырды орнатуды көздейді. Жоспар бойынша барлығы 72,7 шақырым жаңа құбыр желісі салынады. Жобаның жалпы құны – 3 382,9 миллион теңге. 2024 жылы оның 2 017,5 миллион теңгесі игерілсе, жыл соңына дейін қосымша 692,5 миллион теңгені қаржыландыру көзделген.
Жобаның мердігері «УниверсалСтройСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып табылады. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, барлық жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Құрылысты биылғы қараша айында аяқтау жоспарланып отыр. Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін Макинск қаласының 18 мыңнан астам тұрғыны орталықтандырылған тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етіледі.
Жобаның жүзеге асырылуы тек таза суға қол жеткізіп қана қоймай, қаланың санитарлық жағдайы мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді деген сенім бар.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Бұланды ауданы.