Біле жүрсек, артық болмайды

Арқа ғалымдары

Былтыр 2024 жылдың 1 шілдесінде еліміздің ғылыми жұртшылығы аса көрнекті ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ақмола облысы, Біржан сал ауданының тумасы Нәзира Бәдретдинқызы Ахматуллина апамызды соңғы сапарға шығарып салған еді.

Міне, сол қасіретті күнге биыл бір жыл толып отыр. Ғалымның өзі туған жерінде, Степняк қаласына кіре берістегі зиратта жерленіп, әкесінің мазарының жанына қойылған.

Бұл апайымыздың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі мол болғанымен, туған облысының өзінде көп адам біле бермейді. Мұның бәрі бұл кісінің қарапайымдылығынан, ғылыми жетістіктерінің көп насихатталмауынан деп ойлаймын.

Нәзира Бәдретдинқызы 1930 жылы қазіргі Ақмола облысы, Біржан сал ауданының орталығы Степняк қаласында дүниеге келген. Ол бала кезінен-ақ ғылымға, табиғаттың тылсым сырларына қызығып өсті. 1954 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіріп, ғылым жолын таңдаған апамыз өмірінің алпыс жылдан астам уақытын Қазақстан ғылымының дамуына арнады.

Оның ғылыми қызметі 1958 жылы Қазақстан Ғылым академиясының Микробиология және вирусология институтында басталды. Әуелі кіші, кейін аға ғылыми қызметкер, ал, 1973 жылдан 1995 жылға дейін сол институттың зертхана меңгерушісі қызметін атқарды. Әрі қарай өмірінің соңына дейін Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының Жалпы генетика және цитология институтында зертхана меңгерушісі болып қызмет етті.

Нәзира Ахматуллина апамыздың есімі ең алдымен, молекулалық генетика, вирусология және радиациялық мутагенез саласындағы іргелі зерттеулерімен танымал. Ол Қазақстанда полиомиелит ауруымен күрестің ғылыми негіздерін қалап, оның алдын алудың нақты жолдарын ұсынды. Адам генетикасын зерттей отырып, қоршаған ортаның, радиациялық, химиялық және биологиялық факторлардың тұқым қуалауға, адам ағзасының өзгергіштік қасиетіне әсерін дәлелдеп, бұл салада тың ғылыми жаңалықтар ашты.

Ол кісінің жетекшілігімен вирус штаммдарын сұрыптаудың жаңа әдістері ойлап табылып, тұмау вирусының биологиялық қасиеттерін зерттеу нәтижесінде еліміздің эпидемиологиялық қауіпсіздігіне зор үлес қосылды. Бұл ғылыми жетістіктері үшін ол 1974 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Ал, 1981 жылы есімі Қазақстанның «Алтын кітабына» жазылды.

200-ден астам ғылыми мақала мен 8 монографияның авторы атанған Нәзира Бәдретдинқызы еліміздің ғылыми қоғамдастығына ғана емес, шетелдік ғылыми ортада да кеңінен танылды. Белгілі ғалымның 1999 жылы Халықаралық дәрігерлер қауымдастығының мүшесі атануы соның айғағы.

Бүгінде біз бұл кісінің асыл бейнесін, кемеңгерлігін, ғылымға деген адалдығын сағынышпен еске аламыз. Ол – тек өз заманы үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де шынайы өнеге. Нәзира Бәдретдинқызының өмірі жас ғалымдар мен студенттерге үлгі боларлықтай тағылымды жол.

Ақмола облысының тумасы ретінде Нәзира Ахматуллина апамыздың есімі облыс тарихында алтын әріптермен жазылуға әбден лайық. Оның ғылымдағы биік жетістіктері, отандық вирусология мен генетика саласын дамытудағы рөлі кейінгі жас ғалымдарға үлкен бағыт-бағдар, үлгі-өнеге. Осы игі мұраны сақтауға ұмтылып, облыстың мектептері мен мәдениет ошақтарында осындай тұлғаларымыздың өмір жолын кеңінен насихаттау бүгінгі күннің парызы болса керек. Міне, ақмолалық газет оқырмандарын осынау көрнекті тұлғаның өмір және ғылым жолымен таныстырмақ ниетте қолға қалам алғанымыз да осы ізгі амалдан туындап еді.

Самат ЖҰМАТАЙҰЛЫ,
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері.

Суретте: Нәзира Ахматуллина және мақала авторы.  

Алматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар