Кеңес Одағының кезінде Ұлы Отан соғысы деген атауға ие болған Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына биыл 80 жыл толды. Тарихи деректерге сүйенсек, оған 61 мемлекет қатысып, 110 миллион адам әскерге алынса, 50 млн адам құрбан болған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін осы соғыс туралы екіұдай пікір қалыптасты.
І. Ескерткіш алдындағы ой
Қазақы бұзылмаған бал қаймағы,
Құдықағаш ауылым шалғайдағы.
Оранған қойнауына ну орманның,
Жасыл желек өңірі – жайған бағы.
Құрмет керек білеміз, ондай жанға,
Ерліктері аңызға айналғанда!
«Жас қазақ» деп әнімен ұрандатқан,
Рамазан еді ғой ол қан майданда.3
Құдықағаш ауылындағы
Рамазан Е лебаевтың мүсіні
Жарылыстан кеткендей құлақ тұнып,
Жас қазақ атойлады құлап тұрып.
Көзі көріп ерлігін Тоқтаровтың,
Қанды кегін суарды жылап тұрып.
Кеткен жоқ сұм соғысқа бұлар ғана,
Жай түскен алып емен құлар дара.
Рух болып оралды қан майданнан,
Қайсарлығы – ұғар ел, ұғар дала.
Жас қазақ боп жатыр сол төбесінде,
Өршіл рух өшпепті, сенесің бе?!
Мұражайда ескерткіш тіл қатпайды,
Ал, ерлігі мәңгілік ел есінде!
ІІ. Қилы тағдырларға жаның ашиды
Осы күні бір пікірде 15 одақтас республика, яғни, Кеңес халқы ортақ Отанын қорғады делінсе, екінші жақ бұл біздің соғыс емес еді, ол біздің ұлт үшін әділетсіз соғыс болды деген уәж айтады. Қалай дегенмен де, одақтас республикалар жұдырықтай жұмылып жауға қарсы тұрмағанда, әлемдегі геосаяси жағдай қалай болатынын болжаудың өзі қорқынышты еді. Кеңес халқы төрт жылға созылған қанды-қасап қырғында бақайшағына дейін мұздай қаруланған басқыншы жаумен жан аямай соғысып, орасан зор шығынға ұшырағанына қарамастан, оны қансыратып барып жеңіске қол жеткізді.
Ауыл аға ұрпақ ерлігін осылай ардақ тұтады
Отыз миллионға жуық адам құрбандығымен келген жеңістің маңызы өте зор болды. Кеңес әскері өз жерін ғана емес, Еуропаны да фашизмнен құтқарды.
Осынау Ұлы Жеңіске біздің Құдықағаш ауылының азаматтары да өз үлестерін қосты. Аядай ғана ауылдан майданға 160 азамат аттанса, соның 37-сі ғана елге аман-есен оралды. 45 майдангер соғыста қаза тапса, 123-ші хабарсыз кетті делінеді. Солардың ішінде ең шоқтықтысы, әрине, даңқты ауылдасымыз, барша ақмолалықтардың мақтанышы, осы күнге дейін әйгілі болып келе жатқан «Жас қазақ» әнінің авторы, майданда ерлікпен қаза тапқан композитор Рамазан Елебаев. Аласапыран соғыста не болмайды дейсіз, үйіне майданнан қаза тапты деген «қара қағаз» келіп, отбасы жылап-сықтап, дұғасын өткізгеннен кейін артынан аман оралған да жағдай болған. Тасым деген ақсақалдың жалғыз ұлы тұтқынға түсіп, Сталиннің «тұтқынға түскендер сатқын» деген бұйрығынан сескеніп, Германияда қалып үйлі-баранды болыпты, әлдекімдер арқылы елге сәлем айтыпты деген сөз қауесет болып шығып, кейін 1943 жылы 87-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында Украинада кіші сержант шенінде соғыста қаза тапқаны анықталды. Оны анықтаған ауданымыздың құрметті азаматы, ел ағасы Қиықов Қайыргелдінің қызы Жанар болатын. Сонымен қатар, осы Жанар, жаны жәннатта болсын, соғыста хабарсыз кеткендерді іздестіру жұмыстарымен айналысып, 44 жауынгердің жерленген жерін тауып, 79 майдангердің құжаттарын анықтады. Ол құжаттарды екі жыл бойы интернеттегі сайттардан, Ресейдің Қорғаныс министрлігінің ОБД «Мемориал» қорынан, әскери комиссариаттағы мұрағаттардан сұрау салып жүріп анықтады. Жанар 2015 жылдың қараша айында Астана қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих кафедрасының профессоры, «Мемориальная зона» іздеуші тобының командирі Майдан Көмекұлы Құсайыновпен келісіп, ол өзінің көмекшілерімен келіп, ауылда Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен, олардың ішінде қаза болды деген дерегі табылғандарды еске алу кешін өткізді. Майдан даласында хабарсыз кеткен, қаза тапқан, концлагерьде азаппен көз жұмған, бірде-бір марапатқа ие болмаған 29 жауынгердің ұрпақтары мен туыстарына «За доблесть и верность воинскому долгу» төсбелгісін тапсырды. Сөйтіп, олардың өшкендері жанып, өлгендері тірілгендей, көзге еріксіз жас алдыртқан, жан тебірентерліктей еске алу кеші болды.
Біздің ауылдан Отан қорғауға аттанған азаматтар солтүстік, орталық, оңтүстік, яғни, барлық майдандағы ұрыстарға қатысты. Тіпті, Құттыбадамов Ахмет атамыз 1942 жылдан 1944 жылға дейін Белоруссиядағы партизандар қатарында жау тылында жүргізілген ұрыстарға қатысса, Рақымжанов Кенжебай мен Жұмағұлов Мүбәрак шығыстан қауіп төндірген милитаристік Жапонияның бір миллиондық Квантун армиясына қарсы ұрыстарға қатысты. Соғыс кезінде тұтқынға еріксіз түскендерге шығарған бас қолбасшының бұйрығы өте қатал болып, талай жанның тағдырын ойрандады. Себебі, неміс фашистерінде тұтқында болып, азап пен қорлық көріп, елге оралғанда оларды тағы да соттап, жер аударып, лагерьлерде сатқындардың қатарына жатқызып, жандарын жаралады. Жауынгерлер тұтқынға өз еріктерімен түспейді, бірі жараланып ес-түссіз түссе, енді біреулері командирлердің шалағайлығынан, басқару қабілеті мен тактиканы меңгермегендіктерінен, соғыс жағдайын дұрыс бағамдай алмағандықтан қоршауда қалып, тұтқынға түседі. Бұл жерде қарапайым солдаттың қандай кінәсі болуы мүмкін, ол тек бұйрықты орындаушы ғана. Тағы да дерек көздеріне сүйенсек, соғыстың бас кезінде 1941-1942 жылдары ғана командирлердің сауатсыздығынан 3-4 миллиондай Кеңес жауынгерлері тұтқынға түскен екен. Сондай жандардың қатарында Нүрпейісов Қантай мен Ысқақов Нұрқат та бар. Олар 1941 жылы соғысқа аттанып, 1943-1944 жылдары Украинада Харьков облысын азат етуге қатысқанда жараланып, тұтқынға түседі. Қантай ағатай, ауылдың үлкен-кішісі құрметтеп, солай атайтын, Карпат таулары маңындағы ұрыста танкист болған. Екі рет тұтқынға түсіп, біріншісінде қашып шығып, партизандарға қосылған. Соғыс бітіп, елге оралғаннан кейін екеуін де Сталиннің бұйрығы бойынша 10 жылға соттап, Қиыр Шығыстағы Магаданға жер аударады. 1953 жылы кесілген мерзімін өтегеннен кейін елге оралып, қалған өмірлерінде ауылда механизатор болып еңбек етіп, құдайдың берген жасына келді. Міне, соғыс ойран салған тағдырлар осындай тәлкекке ұшырады. Кеңес үкіметінің тұтқынға түскен өз азаматтарынан бас тартып, әскери тұтқындардың құқықтарын анықтаған халықаралық Гаага және Женева конвенцияларын мойындамауы олардың жағдайын қиындатып, осындай халге түсірген еді.
Ұлы Жеңіс үшін тылдағы еңбеккерлер де күні-түні «әрбір терілген масақ, жауға атылған оқ» деген ұранмен жатпай-тұрмай тер төксе, ел ағасы Әлен ақсақал өз қаражатына танк жасаттырып, отаншылдықтың ерен үлгісін көрсетті.
Соғыста жауынгерлер Отан алдындағы өз міндеттерін адал атқара білді. Сондай жандардың бірі ауылымыздың тумасы Жақия Қанғожин. Соғыс ардагері Жақия ағайдың бір өкініші, Панфилов дивизиясына іліге алмай қалуы. Ол жағдай туралы өзі «1943 жылы әскер қатарына шақырылып, Петропавл қаласында даярлықтан өтіп жатқанда, түн ішінде дабыл қағылып, қаз-қатар тізілген солдаттарға «қазақтар мен қырғыздар бір адым алға шығыңдар!» деген бұйрық берілді. Содан біздің бойымыз бен салмағымызды өлшеп, іріктеп алды. Сөйтсек, іріктеуден өткендерді Алматыда жасақталып жатқан Панфилов дивизиясына жібермекші екен. Өте алмай қалған мен полк командиріне барып, мені сол дивизияға жіберуін өтіндім, ол «асықпа, кейін сені де жібереміз» деп өз полкімде қалдырды. Солай өте алмай қалғаныма әлі күнге дейін өкінемін» деп еске алатын. Ұрысқа кірген бірінші күні-ақ, басқыншы жаумен бетпе-бет келіп алысқан екен. Ол былай болады. Бұлардың полкін эшалонмен соғысқа Украина жеріне кіргізе бергенде, жаудың бомбалаушы ұшақтары бомбылап, аман қалғандары майдан шебіне жаяу барады. Полк бір селоға келіп тоқтайды, командир Жақияны ертіп, шеткі үйге кіре бергенде неміс офицері атып шығып, командирмен алыса кетіп, еңгезердей неме командирді қылқындыра бергенде, Жақия ту сыртынан құшақтап жерге алып ұрып, қолын байлап тастайды. Винница түбіндегі ұрысқа Жақия пулеметші болып қатысып, жауға оқты бората бастағанда, жауырынына тиген оқтан ұшып түседі. Сөйтсе, диірменнің үстіне шығып алған неміс снайпері ең алдымен, пулеметшілерді нысанаға алады екен. Госпитальда емделіп шыққаннан кейін 4-ші танк полкінде десант бөлімінің құрамында Украинаны азат етуге қатысады. Одан Польшаны азат етіп, Берлиннің түбіне келгенде, түнде шұғыл дабылмен Чехословакияға аттанады, себебі, Чехословакияда немістің бір армиясы берілмей тұр екен, оларды Кеңес әскерінің төрт армиясы қоршап алып, көздерін жояды. Взвод командирінің көмекшісі бола жүріп, 9 мамыр – Жеңіс күнінен кейін Кеңес әскерлерінің сатқындық жасап, қашып жүрген 12 бірдей генералдарын сыбайластарымен бірге, ішінде атақты сатқын Власов та бар, 7 күн бойы соңынан ұрыс сала қуып отырып, өлтіргенін өлтіріп, тірі қалғандарын қолға түсіреді. Ол соғыс біткеннен кейін де әскер қатарында қалып, Ленинград әскери округінде рота командирі болып қызмет атқарады. Елге оралғаннан кейін партия қайда жіберсе де, «еңіске салса төске озған» дегендей, үнемі басшылық қызметтер атқарып, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің шешімімен дербес зейнеткерлікке шығады. Біз Қызыл Жұлдыз орденінің иегері, бас қолбасшыдан 16 алғыс хат алған қарт жауынгер, соғыс және еңбек ардагері Жақия ақсақалдың өмірінің бір парасын ғана баяндадық. Өмірі өнеге Жақия ақсақалдың аты «Қазақстанның зиялы азаматтары» деген кітапқа енген.
Міне, жарты әлемді соғыс алаңына айналдырып, қанды қасап қырғынға ұшыратқан Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл толды. Өздерінің Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, әлемді фашизмнен құтқарған санаулы ғана ардагерлерімізге қандай құрмет көрсетсек те лайық емес пе?!
Амантай Бейсекеев.
Біржан сал ауданы.