Арқаның ардақтысы
Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің тарихында есімі алтын әріппен жазылған тұлғалардың бірі – редакцияға өрімдей жас жігіт күйінде келіп, бар саналы ғұмырын осы басылыммен байланыстырған, он алты жыл бойы оның редакторлық тізгінін ұстаған ардақты азамат Октябрь Қайырұлы Әлібеков.
Биыл еліміздегі өңірлік журналистиканың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан көрнекті қаламгердің туғанына 90 жыл толып отыр. Рас, ол кісі бүгінде арамызда жоқ. Алайда, өнегелі өмірін бүтіндей дерлік отандық журналистикаға арнаған ардақты азамат артында өшпес із, елеулі еңбек, өнегелі жол қалдырды. Оның шәкірттері – бүгінде ел сөзін сөйлеп жүрген тіл жанашырлары мен қалам ұстаған қайраткерлер.
Жуырда қазақ журналистикасы қайраткерлерінің бірі, белгілі публицист, «Құрмет Белгісі» орденінің иегері, Октябрь Қайырұлы Әлібековтің 90 жылдығына арналып, ҚР Бас редакторлар клубы мен Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің бірлесе ұйымдастыруымен республикалық деңгейде ас берілді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің вице-министрі Қанат Ысқақов «Қазақ журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосқан медиа қайраткері, белгілі журналист Октябрь Қайырұлы Әлібековтің Отандық баспасөзде алар орны ерекше. Ол Ақмола облыстық «Арқа ажары», бұрынғы «Коммунизм нұры» газетінің дамуы мен қалыптасуына орасан зор үлес қосты. Осы басылымды басқарған 16 жыл ішінде ол баспасөздің редакторы ретіндегі іскерлігімен ғана емес, отансүйгіштік ұлтжандылық, азаматтық қасиеттермен де көзге түсе білді. Облыстық басылымның өзіндік келбетін қалыптастырып, жас журналистердің кәсіби деңгейін көтеру, жергілікті қаламгерлердің шығармашылығын шыңдауға ұдайы назар аударып отырды. Көрнекті көсемсөзшінің болашаққа қалдырған мұрасы талай зерттеулерге арқау болары анық» деген мәтінде жиынға арнайы құттықтауын жолдады.
Іс-шараны ұйымдастыруға тікелей себепкер болған ҚР Бас редакторлар клубының бірінші вице-президенті Мұратбек Тоқтағазин осы беделді клубтың президенті, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбайдың ақжарма тілегін республикалық жиынға қатысушылар алдында оқып берді.
Сондай-ақ, Октябрь Қайырұлының қанатының астынан шыққан шәкірттерінің бірі Мағжан Садықанов «Әділетті Қазақстан» республикалық ғылыми инновациялық орталығы атынан журналистика ардагері Рахия Нысанқызы Әлібековаға қоғамдық дамуға қосқан айрықша үлесі үшін «Парасатты тұлға» марапатын тапсырды.
Торқалы тойға орай, салтанатты жағдайда Октябрь Қайырұлының ізін жалғар інісі, профессор Мұратбек Тоқтағазиннің құрастыруымен шыққан «Медиакеңістік майталманы» атты естеліктер мен эсселер жинағының тұсаукесер таныстырылымы өткізіліп, ел алдындағы белгілі тұлғалар кітаптың лентасын қиды.
Атаулы кітапты басып шығарған «Кәусар» баспасының директоры Қуат Құрмансейіт те арнайы сөз сөйледі: «Бүгінгі Октябрьдей ағамыздың тоқсан жылдық тойынан еске алатын іс бүгінгі жарық көргелі отырған кітап. Біз ағамызды сырттай білеміз. Бірақ, осы кітапты басып шығару барысында оның азаматтық адалдығы, кісілік келбеті, қаламгерлік қыры, қайраткерлігі туралы жан-жақты хабардар болдық. Осы іс барысында Октябрь аға журналистикада өзіндік мектебін қалыптастырған азамат екенін байқадым. Бұл – екінің-бірінің маңдайына жазыла бермейтін керемет қасиет», – деді ол.
Октябрь Қайырұлының еңбек жолы – қазақ журналистикасының даму тарихымен тамырлас. Ол «Коммунизм нұры» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары секілді бірқатар жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, өзінің еңбекқорлығы мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ұжым ішінде зор беделге ие болды. Жалынды журналистің редакторлық қызметке тағайындалуы – бұл сенім мен құрметтің заңды жалғасы еді.
Октябрь Қайырұлының жары, белгілі журналист, ақпарат саласының үздігі Рахия Әлібекова былайша еске алды: «Соңғы төртінші курстан бастап біздер – студенттер сабақты бірге оқып, емтиханға бірге дайындалып жүрдік. Осы кезде жігіттердің біразы үйленіп, қыздар тұрмысқа шыға бастады. Біз де соңғы бесінші курстың аяқ кезінде көңіліміз жарасып, бас қостық. Оқуымызды ойдағыдай тәмамдағаннан кейін Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен Тың өлкесінің орталығы Целиноград қаласына келіп, өлкелік «Тың өлкесі» газетіне жұмысқа орналастық. Сол жылдары елімізде қыз-келіншектер қатарындағы журналистер өте аз болатын. Ал, бұл редакцияда олар мүлде жоқ екен және ерлі-зайыпты журналистер тіпті болмаған. Тың өлкесі таратылған соң газеттің аты өзгеріп, «Коммунизм нұры», одан кейін «Арқа ажары» деп аталды. Сол жылдардың ішінде алғашқы редакторымыз У.Нұрсейітовтен кейінгі редакторлар Сафаржан Хайдаров, Әнуар Ипмағанбетов, Ыбрайым Қапаров, Әмір Нүркішев деген ағалардың алдынан тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге алдық. Екеуміздің де еңбегіміз жанып, дәрежеміз өсті, марапаттардан да кенде болғанымыз жоқ. Кезінде «КСРО баспасөзінің үздік қызметкері» атағына ие болғаным, КСРО Журналистер одағының төртінші, Қазақстан Журналистер одағының бесінші съездеріне делегат болып қатысқаным, ұзақ жылдар бойы пленум мүшесі болғаным соның бір дәлелі болса керек. Ал Өкең он сегіз жылдан кейін өзіміз қара шаңырағымыз санайтын «Арқа ажарының» алтыншы бас редакторы болып бекітіліп, оны зейнеткерлікке шыққанша, яғни, он алты жыл басқарды. Талай шәкірттер тәрбиеледі.
Газеттің қоғам талабына сай шығарылуына, партияның тапсырмасын мұқият орындауға асқан жауапкершілікпен қарады. Ұжым мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жіті қадағалап, қолдан келген көмегін аяған жан емес. Онымен қоймай, олардың кейбіреулерінің балаларына дейін әкелік қамқорлық жасап отырды. Ал мен болсам, редактордың зайыбы болғандығымнан, кейбір мақтау-марапаттаулардан кемшін қалып жатсам да, қолымнан қаламымды тастаған жоқпын. Ұжымда, жүрген жерімізде, жалпы қай ортада болсын, абырой-беделіміз жоғары, үлкенге сыйлы, кішіге ілтипатты болдық. Түрлі қаңқу сөздер, сыни көзқарастар да болмай қалмады. Әйтсе де, сол сындардан сүрінбей өтіп, құрметті зейнет демалысына шықтық. Октябрь алпысқа толып, мерейтойын барша ел-жұрт болып құрметпен өткізгеннен кейін орнын бірнеше жыл қанаттасып жұмыс істеген, тәрбиелеген, өзінің оң қолы болған қадірлі інісі Жомартқа ұсынды. Бұдан кейін де ол қол қусырып қарап отырмады. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының Ақмола бөлімшесінің директоры болып бірнеше жыл қызмет етті.
Ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырып, өрісіміз кеңейіп, олардың әрқайсысынан екі-үштен көрген немерелердің ортасында еркін қыдырып, сайрандап жүреміз ғой деген шақта Өкең қатты сырқаттанып, тіпті, жүре де алмай қалды. Қанша қиын болса да оған ештеңе білдірмей, қолдан келген бар жағдайды жасадық. Балаларым да, өзім де оны әлі де болса, біраз жыл өмір сүреді деп үміттендік. Әр кез әңгімелесіп отырған уақыттарымызда мен оған: «Сенің анаң, жалпы нағашы жұртың – ұзақ жасаған адамдар. Солардың ішінде, әсіресе, тоқсан жетіге қараған шағында дүние салған анамыздың жасына келмей ешқайда кетпейсің. Оның бер жағында елу жылдық алтын тойымызды да өткізуіміз керек. Ол да есіңде болсын» деуші едім. Өкінішке қарай, менің бұл өтініштерімнің бірін де орындалуға жазбады. Дендеген сырқат еңсесін көтертпей, екі жылдай төсекке таңып тастады.
Октябрь Қайырұлы басқарған тұстағы облыстық газет сол уақыттың рухани шамшырағы, ұлттық мұраттың жанашыры еді. Кеңес дәуірінде «Коммунизм нұры», ал, тәуелсіздікке қадам басар тұста «Арқа ажары» деп қайта аталған бұл басылым Арқа өңіріндегі қазақ баспасөзінің қара шаңырағына айналды».
Шығармашылық жиында сондай-ақ, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Айман Қожахметова, білім саласының ардагері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Еркін Дәуешұлы, Астана қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары, қоғам және мемлекет қайраткері Сансызбай Есілов те осы асыл ағамыз туралы өз ойларын ортаға салып, естеліктерімен бөлісті. Сол жылдары газет бетінде ел тағдырына қатысты өткір ойлар, өміршең мәселелер жиі қозғалды. Тәуелсіздік қарсаңындағы саяси-мәдени күрестерде де газет белсенділік танытты. Целиноград қаласының тарихи атауы Ақмоланы қайта оралту жолындағы талас-тартыстарда да Октябрь аға басқаратын редакцияның рөлі айрықша болды. Газет тілшілері ұлт намысы үшін күрескен зиялылардың үнін жеткізіп, елдік мүдденің жақтаушысы болды.
Бүгінде сол «Коммунизм нұрынан» қалған ескі көздердің бірі, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Журналистер одағы сыйлығының иегері Бәдуан Имашұлы да:
–Дауылпаз ақын, біртуар тұлға Сәкен Сейфуллин негізін қалаған «Тіршіліктің» туын бүгінгі ұрпаққа аманат етіп кеткендігін біз мақтаныш етеміз. Ол ту Егемен еліміздің ұландарының сенімді қолында. Қарымды қаламгер, абзал азамат, қоғам қайраткері, барлық саналы ғұмырын Арқа өңіріндегі қазақ баспасөзінің қалыптасуына арнаған киелі қалам иесінің, іскер басшының текті тұлғасы, болмыс-бітімі ешқашан ұмытылмайды.
Октябрь Қайырұлы облыстық баспасөздің дамуына ғана емес, тұтас өңірдегі журналистиканың қалыптасуына, жас қаламгерлердің бірнеше буынын тәрбиелеуге сүбелі үлес қосты, – дей келе, текті тұлғаның жарқын бейнесін тағы да бірнеше естеліктерімен жаңғырта түсті.
Республикалық «Әділет. Рухани жаңғыру» газетінің бас редакторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Мұратбек Тоқтағазиннің айтуынша, басылымның бүгіні ғана емес, келешегіне көз жүгірте білетін Октябрь Қайырұлы газетке жастарды қабылдап, «редакция ағзасына қан жүгірту» үшін 1986 жылы өзінің бірінші орынбасары, қазақ журналистикасының көрнекті тұлғаларының бірі Жомарт Әбдіхалықовты Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне іссапарға жіберіп, оқу ордасын үздік бітіріп жатқан әрі жазуға әбден машықтанған бір түлекті редакцияға қызметке шақыруды тапсырады. Жомарт Сафиұлы қазақтың біртуар тұлғасы, жазушы-ғалым Ақселеу Сейдімбекпен бірге ҚазМУ-ге барып, республикалық басылымдарда жан-жақты көрініп, журналистік шеберлікті игерген университет бітірушісін таңдайды. Факультет деканы, профессор Темірбек Қожакеевпен ақылдасады. Ақырында студент болса да республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде мақалалары жиі жарияланып тұратын осы Мұратбекке таңдау түседі.
Ал, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары, Ауған соғысы ардагері Ғалым Қожабеков «Мен Октябрь ағаның қол астында 4 жылдай жұмыс істедім. Менің журфагым – «Коммунизм нұры». Билік ауысып, құрылым өзгеріп жатқан тұста газеттің атауы «Арқа ажары» деп өзгерді» деп ағаның қол астында жұмыс істеген сол бір ұмытылмас күндерді еске алды.
Сөзімізді қорыта келе айтармыз, Октябрь Қайырұлы Әлібеков – қазақ тарихының сындарлы кезеңдерінде елдің тағдырына батыл араласқан дара тұлға. Белгілі журналистің тұғырлы қызметі мен күресі – еліміздің тарихында ұмытылмас бетбұрыс, халқымыздың ұлттық санасын сақтап қалуда және жаңғыртудағы өлшеусіз үлес. Сондықтан да, асыл ағаның туғанына 90 жыл толуы осындай жоғары деңгейде аталып өтіп, кешегі игі дәстүрлер үрдісін жалғастырып келе жатқан «Арқа ажары» мен оның ел үшін еңбек еткен қабырғалы қаламгерлерінің шоқтығын көтере түскен айтулы оқиғаға айналды.
Шаттық СӘДУАҚАС,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің магистранты.
Астана.