Елін сүйген ізгі жүрек

Тағзым

Көгілдір Көкшенің басты байлығы таңғажайып табиғаты мен қойнауындағы кен көздері, жайқалған астықты алқаптары болса, осынау баға жетпес қазынаны ел игілігіне жаратып, туған өлкенің мәртебесін асқақтатып кеткен іскер азаматтарды қалайша мақтан етпеске. Саясатта да, жалпы өмірде де ақыл-парасатымен ел шежіресінен ойып тұрып орын алған осындай нар тұлғаның бірегейі Рүстем Шериязданов дер едік.

2025 жылғы 10 мамырда мемлекет және қоғам қайраткері, партия, совет органдары мен қаржы саласының ардагері Рүстем Шериязданов 90 жасқа толды. Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында ел ардақтысының мерейтойына арналған салтанатты жиын өтті. Аталған шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов бастаған елдің игі жақсылары – бұрынғы Көкшетау аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен қызметтес болған әріптестері, зиялы қауым өкілдері, ұл-қыздары Нұрлан, Раушан, Гүлмира, күйеу баласы Болат қатысты. Аталған шараны Көкшетау қалалық кітапханалар жүйесінің директоры, жазушы, ақын Серік Жетпісқалиев жүргізіп отырды.  Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев рухани тәлімгері болған Рүстем Шериязданов жайлы сөз сөйледі.

– Азаматтық болмыс-бітімі бөлек, қазақтың нағыз нарқасқа перзентімен Көкшетау ауданында қызмет істеген жылдары ағалы-інідей жиі араластық. Ол кезде Рүстем Шериязданов мүйізі қарағайдай үлкен басшы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, ал, мен болсам үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісімін. Елудің үстіндегі салиқалы ел ағасы болса да, ол аппарат қызметкерлерін, әсіресе, жастарды ерекше қамқорлыққа бөледі. Әрқайсымыздың өз міндетімізді бұлжытпай орындауымызға барлық мүмкіндікті жасай білді, – дей келе, Шияп Шарапұлы ойын әсерлі естелікпен жалғастырды.

Көкшетау облысының өркендеуіне елеулі үлес қосқан тәжірибелі мемлекеттік қызметші Рүстем Шерияздановтың бойындағы екі қасиетті ерекше атағым келеді. Өмірден түйгені мол іскер азамат жұртшылықты, әріптестерін білімдарлығымен, мәдениеттілігімен таң қалдыратын. Экономиканы жетік меңгергендіктен, ол шаруашылықтың әр саласын қай бағытта өркендету керектігін де жақсы білетін. Сол себепті де, мамандарға онымен тез тіл табысып, пікір алмасу қиынға түспейтін. Ал, мәдениеттілігіне келер болсақ, қысылтаяң сәтінің өзінде де ұстамды, сабырлы қалпынан танбайтын. Оның ел есінде қалуының басты сыры бәлкім осындай қасиетінен болар.

Ел үмітін абыроймен ақтай білген абзал азамат Рүстем Шериязданов 1935 жылы 10 мамырда Рузаев ауданындағы Сарыбұлақ ауылында дүниеге келіпті. Шұқыркөл орта мектебін бітіргеннен кейін алғашқы еңбек қадамын Рузаев аудандық комсомол комитетінде бөлім меңгерушілігінен бастады. 1954-1959 жылдар аралығында әсем қала Алматыдағы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің экономика факультетінде оқып, білім алған соң Көкшетау облыстық жоспарлау комиссиясы, облыстық қаржы бөлімінде бірқатар лауазымды қызметтер атқарады. Оның ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлігі жоғары бағаланып, 1962 жылы облыстық жоспарлау комиссиясының төрағасы болып сайланады.

Алайда, Рүстем Шериязданұлы өмірде жинақтаған тәжірибесімен шектеліп қалмай, саяси және теориялық білімін одан әрі жетілдіруді мақсат етті. Осындай ізгі ниетпен СОКП Орталық Комитеті жанындағы Жоғары партия мектебінде оқыды. Мәртебелі оқу орнын бітіргеннен кейінгі мемлекеттік қызмет саласындағы өсу баспалдақтары совет, партия органдарындағы жұмысымен тығыз байланысты болды.

1975-1986 жылдар аралығында Щучье аудандық атқару комитетінің төрағасы, Көкшетау аудандық және Щучинск қалалық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін абыроймен атқарды. Республика, облыс басшылығы Рүстем ағаның өмірлік бай тәжірибесін бағалап, 1986 жылы Көкшетау облыстық халықтық бақылау комитетінің төрағалығына тағайындаса, 1991 жылы халық депутаттары Көкшетау облыстық кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне сайланды.

Бертіндері Рүстем Шериязданов Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің Көкшетаудағы басқарма бастығы, артынан Қаржы министрлігінің Көкшетау облысы бойынша басқарма бастығы болып істеді. Көкшетау облысы таратылғаннан кейін зейнеткерлікке шыққанша бес жыл бойы тікелей өз мамандығы бойынша қаржы саласындағы қызметін одан әрі жалғастырды.

Қызмет істеген жылдар ішінде Рүстем Шериязданов бірнеше мәрте Қазақстан Компартиясының съездеріне делегат, Көкшетау облыстық партия комитетінің мүшесі, халық депутаттары облыстық кеңесінің депутаты және атқару комитетінің мүшесі болып сайланды. Ел дәулетін еселеу жолындағы қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, екі мәрте Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталды.

Ынтымақ-бірлігі жарасқан бақытты шаңырақтың ұйтқысы, аяулы жары Орынша Қамыспайқызы Сейітова саналы ғұмырының қырық үш жылын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз. Көздерінің қарашығындай үш перзентінің үлкені Раушан Ақмола облыстық салық комитетінде басқарма бастығы болып істесе, ұлы Нұрлан қазіргі таңда еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің бастығы, кіші қызы Гүлмира – саясаттану ғылымдарының кандидаты, Астана қаласындағы IT UNIVERSITY профессоры. Ол Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымының депутаты Тұрғын Сыздықовтың осы жиынға жолдаған хатын оқып берді.

Өзіне жүктелген мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқара білген Рүстем Шериязданов зейнетке шыққан соң, өмірлік бай тәжірибесін ардагерлер қозғалысын өркендетуге арнады. Көкшетау қалалық ардагерлер ұйымын басқарған он үш жылдың ішінде ол егде адамдардың тұрмыс жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлді. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің бәрі Рүстем ағаның тұсында жеке баспанаға қол жеткізді.

Ал, зейнеткерлердің белсенді демалысын ұйымдастыру мақсатында осыдан жиырма бес жыл бұрын қалалық ардагерлер кеңесі жанынан «Ақбұлақ-Родник» және шахмат-дойбы клубтары құрылды.

Ел ардақтысы Рүстем Шерияздановтың облыстың, әсіресе, Көкшетау ауданының экономикасын өркендетуге қосқан сүбелі үлесі жайлы әріптестері Мағауия Рахымбергенов, Галина Лазоренко, Валентина Соломина, Кенжеғали Нұрсейітов, Алтай Нұрқасымов, Жеңіс Шүйкенов тағылымды естеліктер айтты.

Иә, Көкше елінің мақтанышына айналған іскер басшы, қоғам қайраткері Рүстем Шерияздановтан көз жазғанымызға жеті жылдың жүзі өткенімен, жерлестерінің асыл перзентіне құрметі ортайған емес. Өйткені, елі үшін жанқиярлықпен еңбектенген асыл азаматты қалайша ұмытуға болады? Ұмытуға хақымыз да жоқ.

Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
публицист, ардагер.

 Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар