Дала күні
Атбасар ауданында екі күнге созылған «Дала күні» AGRODAY ATBASAR – 2025» ауыл шаруашылығы көрмесі мәресіне жетті. Көрмеге Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Бұл айтулы шара аудан орталығы Атбасар қаласының мерейтойына орай, сондай-ақ, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің, фермерлердің, ғылым мен бизнес саласы өкілдері мен аудан тұрғындарының басын қосты.
Ауыл шаруашылығы көрмесіне 10-ға жуық қатысушы соңғы үлгідегі ауыл шаруашылығы техникасын, топырақ пен дақылдарды бақылаудың заманауи технологияларын, ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтарын, тұқымның перспективалы сорттары мен будандарын, өсімдіктерді қорғау құралдарын, тыңайтқыштар, мал азығын әкелді. Сонымен қатар, қатысушылар топырақ пен дақылдарды бақылау және сараптау, өнімді сақтау және өңдеу бойынша жаңа технологиялық және техникалық шешімдерді көрсетті. Көрменің басты мақсаты фермерлер мен жабдықтарды, тыңайтқыштар мен агросервистерді жеткізушілер арасында тікелей диалог орнату және тәжірибе алмасу болып табылады.
Сөйтіп, «Дала күні AGRODAY ATBASAR – 2025» көрмесі осы іскерлік байланыстың тиімді алаңына айналды. Көрме облыс пен ауданның агроөнеркәсіп кешенін дамытуға, өңіраралық ынтымақтастықты нығайтуға, ауыл шаруашылығындағы инновациялық жобалар мен жаңа технологияларды ілгерілетуге бағытталды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені – бұл экономиканың драйвері болуға тиіс стратегиялық сектор. Бізге қайта өңдеуді дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, отандық өндірушіні қолдау қажет» деп атап өткен болатын. «Дала күні» көрмесі осы стратегияны жүзеге асырудың айқын мысалы болды.
Шараның ашылу салтанатында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Мұрат Балпан мен Атбасар ауданының әкімі Кенеш Әлімжанов сөз сөйлеп, көрмеге қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі. Ашылу салтанатынан кейін көрмеге қатысушылар онда қойылған инновациялық агротехнологияларды, NomadFly агродрондарын, «Қазагромаш» ЖШС-нің заманауи техникасын, DoorHan, Еурохим-Қазақстан, SARYARKA SAUDA, агроном, Aral Foods және тағы басқа компаниялардың өнімдерін қарап, тамашалады. Соның ішінде DoorHan компаниясы автоматтандырылған қақпалар мен шлагбаумдардан бастап, тез салынатын модульдік ғимараттарға дейінгі құрылымдардың кең спектрін таныстырды. Қатысушылар логистика, сақтау және агроинфрақұрылым саласындағы инновациялық шешімдерді де жоғары бағалады.
Сондай-ақ, көрмеге қатысушылар бағдарлама аясында агротехникалық демо-көрсетілімдермен танысып, далалық сынақтарды қарап көрді. «Шуйское XXI» ЖШС-іне барып, аудан аграршыларымен тәжірибе алмасты. Келушілер назарына Атбасардың өзінде өндірілетін «Баха Сене» маркалы сұлы, жергілікті сүт, ет өнімдері, бал, күнбағыс майы, ұн және макарон өнімдері ұсынылды. Бұл фермерлер мен өндірушілер үшін жаңа серіктестіктер мен нарықтарды құру мүмкіндігі екендігі даусыз.
Атбасардағы дәстүрлі «Дала күні» көрмесі жай ғана фермерлердің мерекесі емес, еңбек адамдарын ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін, берері мол айтулы шара болды.
Ы.ШАМШИЕВА.
Атбасар ауданы.
![]()

