Кәсіптік білімнің майталманы

2025 жылдың елімізде «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануы кәсіби білім мен еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған маңызды қадам. Осы бастаманың аясында кәсіби-техникалық білім беру саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, сан мыңдаған түлектің болашағына жол ашқан ардагер ұстаз Майра Төлегенқызы Меймандинатуралы сөз қозғамақпыз.

Майра Меймандина – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжде әдіскер, кейін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін үлкен жауапкершілікпен атқарған білікті маман. Оның басшылығымен оқу орны заман талабына сай жаңарып, жұмысшы мамандарды даярлауда өңірдегі жетекші оқу орындарының біріне айналды.

Ол колледжде жаңа, еңбек нарығына қажетті мамандықтардың ашылуына бастамашы болып, оқу бағдарламаларының мазмұнын жаңғыртуға белсенді қатысты. Өндірістік мекемелермен байланыс орнатып, дуалды оқыту жүйесін енгізу ісінде де Майра Меймандина ерекше рөл атқарды. Соның нәтижесінде колледж түлектері еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие мамандар ретінде танылып келеді.Бүгінде аталмаш оқу орнының түлектері түрлі кәсіпорындарда, өндіріс орындарында, қызмет көрсету салаларында табысты еңбек етуде. Бұл – ұстаздың өз ісіне деген адалдығының, білім мен тәрбие жолындағы қажыр-қайратының нақты нәтижесі.

Ұлағатты ұстаз сонымен бірге, колледж педагогтарының біліктілігін арттыруға өлшеусіз үлес қосқан тәжірибелі әдіскер. Ол ұзақ жылдар бойы оқу орнының әдістемелік қызметін жетілдіру жолында жемісті еңбек етіп, ұстаздар қауымына үнемі кәсіби қолдау көрсетіп отырды. Әдістемелік көмек пен біліктілік арттыру бағытындағы осы жұмыстардың нәтижелілігі де көзге көрінбей қоймады.

Әртүрлі деңгейдегі әдістемелік, ғылыми-практикалық семинарлар мен конференцияларды сапалы өткізу жұмыстарын жетілдіріп, колледждің педагогикалық ұжымының шығармашылық әлеуетін көтеруге де жанашырлық танытты. «Жаңаша оқыту – заман талабы», «Жеке тұлғаның дамуының психологиялық аспектілері», «Білімді ұрпақ – ертеңгі ел тірегі», тағы басқа да жас мамандарды әдістемелік тұрғыдан жетілдіру бағытындағы семинарларды ұйымдастырып, «Жас педагог мектебі» жұмысына оң бағыт-бағдар берді. «Педагогикалық дебют» атты жас педагогтар байқауын дәстүрлі түрде жыл сайын өткізу нәтижесінде колледж ұжымы жоғары біліктілік дайындығымен өңірдегі әріптестері арасында зор беделге ие болды. Қазіргі «Өрлеу», бұрынғы мұғалімдер біліктілігін арттыру институтының мамандарымен ынтымақтастық орната отырып, оқу орнының әдістемелік жағынан перспективалық дамуына нақты ықпал ете білді. Әр семинардың нәтижелі болуының бір белгісі ретінде спикерлер баяндамаларының оқу-әдістемелік жинағын баспадан шығарып отырды. Өзінің де авторлығымен жарыққа шыққан оқу-әдістемелік еңбектері бар. Атап айтатын болсақ, «Жалпы білім беретін мектептерді басқару және бақылау, педагогикалық менеджмент» әдістемелік нұсқаулығы жас менеджерлердің табысты еңбек етуіне бағытталған еңбек.

Майра Төлегенқызы өзінің биік мәдениеті, жоғары талғамы, сөз саптау ерекшелігімен, ұжымда өзара құрмет пен талапты ұштастыра білуімен әріптестеріне үлгі бола білген жан. «Алдымен өзің үлгі бол» деген қағиданы берік ұстанған парасат иесі жас мамандардың кәсіби және тұлғалық дамуына ерекше мән береді.Оның бастамасыменжоғарыда аталған семинарларға Ресейдің Омбы және Қорған облыстарынан дақатысушылар шақырылып, оқу-тәрбие үдерісіне оқытудың заманауи технологияларын енгізуге мол мүмкіндік жасалды.

Жастардың тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлген ұстаз қарттарға құрмет көрсету, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қадірлеу арқылы жастарды ізеттілікке тәрбиеледі. Ол ұлттық сананы ояту бағытында да белсенділік танытып, Ұлыстың ұлы күні – Наурызымызды, Тілдер мерекелерін атап өтуге үлкен жауапкершілікпен қарады.

Ол қызмет еткен кезеңде колледжде кадр тұрақтылығы сақталып, бүгінде республика көлемінде еңбек етіп жүрген көптеген түлектер оқу орнымен байланысын үзбей, оған жанашырлық танытып келеді. Бұл – Майра Меймандина тәлімгерлігінің нақты нәтижесі деуге толық негіз бар.Сонымен қатар, ұстаздың жас оқытушылардың көпшілікпен тиімді қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытуға, өзін-өзі ұстау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстары да айрықша атап өтуге тұрарлық. Бір сөзбен айтқанда, бұл кісі кәсіби шеберлігімен ғана емес, адами болмысымен де құрметке лайық жан. Әріптестері мен шәкірттері оны талапшыл, әділ, іскер басшы әрі жүрегі жылы ұстаз ретінде таниды.

Бүгінде зейнет демалысында болса да, Майра Меймандина жас мамандарға тәлімгерлік жасап, өз тәжірибесімен бөлісуді одан әрі жалғастыруда. Оның өнегелі еңбек жолы – кәсіби білім беру жүйесіндегі ізденісті қадамның айқын үлгісі. Білім беру ісіне қосқан осы бір сүбелі үлесі үшін Майра Меймандина Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгімен марапатталған.

Осындай ардақты ұстаздарды насихаттау сөз жоқ, еңбекке деген құрметті арттырып, жастарды кәсіптік білімге бет бұруға ынталандырады. Майра Меймандина сияқты ұлт ұстаздары еліміздің жарқын болашағына негіз қалайтын шынайы кәсіп иелері.

Айнагүл БЕЙСЕМБИНА,
Гүлвира СОВЕТҚЫЗЫ,
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті
жанындағы көпсалалы колледждің арнайы пән оқытушылары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар