Шәкен ақын өмірінен бір үзік сыр

Қазақстанның халық ақыны Шәкен Отызбаевтың туғанына – 135 жыл

Иә, халқымыздың айтыс өнеріне елеулі үлестерін қосқан от тілді, орақ ауызды ақындарымыз туралы әңгіме қозғалғанда, соңында қалдырған мәйекті сөз мұрасы бүкіл ұлтымызға, Ақмола, Көкше өңірлеріне ортақ Шәкен Отызбаевты да еске алмай тұра алмаймыз.

Шәкен ақын республика көлемінде ең алғаш 1939 жылы Алматыда өткен ақындар айтысында танылады. Сол жолы жыр алыбы Жамбылмен жүздесіп, өз өнеріне елдің жоғары бағасын алып, «Қазақстанның халық ақыны» атағына ие болып оралады.

1945 жылы қазақтың бас ақыны ұлы Абайдың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысына да Алматыға арнайы шақырылып, топ жарған сөз  сүлейлерінің алдыңғы қатарында болады.

Осылайша өз заманында қазақ айтыс өнерінің бетке ұстар аға буын өкілдерінің бірі болған Шәкен Отызбаевтың осы орайдағы тағы бір үлкен еңбегі былтыр Ақмола облысында 100 жылдығы кең түрде атап өтілген Қазақстанның халық ақыны, Қазақстан ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті Көкен Шәкеевті сөз қадіріне баулыған  ұстазы болуында жатыр.   

Осы жылдар ішінде ақмолалық, қазір ақынның туған жері қарайтын қызылжарлық қаламгерлер мен әдебиетші ғалымдар хал-қадірлерінше Шәкен Отызбаевтың өмірі мен шығармашылығына біраз ой жүгіртіп, мақалалар, зерттеу еңбектер жазды. Солардың ішінен Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақмолалық көрнекті ақын-жазушы Нұрғожа Ораздың  «Көкшетау» журналының 2012 жылғы №3 санында жарияланған «Қос өнерді пар жеккен» атты туындысын, осы тақырыпта қалам тербеген басқа эссе-естеліктерін атай кетуге болады.

Жас кезінде ақын туып, өмір сүрген бұрынғы Көкшетау облысы, Арықбалық, Чистополь өңіріндегі Шағалалы ауылының мектебінде оқып, ақынды көзімен көріп, ән-қиссаларын тыңдап, айтысын тамашалаған Нұрғожа ағамыз осылайша Шәкен Отызбаевтың сан қырлы өнер соқпақтарына өз шығармашылығында едәуір орын бөлген қаламгер.

Біз төменде «Арқа ажарына» ұсынып отырған «Шәкен өмірінен бір үзік сыр» атты мақала да Шәкентану ғылымына аз да болса үлес болып қосылса, сөйтіп, ақынның 135 жылдығында оқырмандарымыз өз кезінде атағы бүкіл елімізге жеткен осы бір арқалы өнер иесі хақында аз-кем біле түссе, алдымызға қойған мақсатымыздың  орындалғаны деп білеміз.   

Шәкен ақын өмірінен бір үзік сыр

Сол 1990 жылы алдағы желтоқсан айында Көкшетауда осы елдің тағы да бір айтулы перзенті, ұмытыла жаздаған есімі сол кездегі жариялылықтың, ұлттық сана-сезіміміздің өсуінің арқасында ел жұртына қайта жеткен белгілі айтыс ақыны, жыршы, әнші Шәкен Отызбаевтың 100 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтуге дайындық шаралары жүргізіліп жатты. Арқалы ақынға жерлестерінің құрметін көрсетер бұл той, өзінің туып-өскен, шыққан ортасы – Чистополь ауданының Қырымбет-Шағалалы ауылдарында өткізілетін болды.

Дәм жазып, сол жақта біз қызық-қуанышта отыр едік. Омырауындағы көптеген орден-медальдардың планкасы, ақ шаш, жылы жүз, қапсағай денесімен өзіне ерекше назар аудартатын мосқал адам кенет костюмінің ішкі қалтасына қол сұқты да, бүктелген облыстық «Көкшетау» газетін алып шықты. Әлгі арада газетті жайлап жазып, біртүрлі ризашылық сезіммен соңғы бетін жағалай отырғандарға көрсете:

–Оқыдыңыздар ма? Шәкеңді шығарыпты. Жарықтық, тәтем-ай! Менің көз алдымда қалып қойған бейнесінің тап өзі. Небір азаматтар бар ғой, архивтен тауыпты, – деп тебірене сөйледі.

–Оқыдық, оқыдық.

–Е-ее, атамызды оқымай…

–Жарықтық аруағы  бір аунап түскен шығар…

Дастархан басы осы тақылеттес сөздермен гуілдеп кеткендей болды. Отырғандар негізінен, үлкен кісілер еді. Бәрінің таяуда облыстық газетте суреті басылған Шәкен Отызбаев жөнінде бұрын білулері, не естулері («Халықтың ардақтысы Шәкен ақын», 1990 жылғы 20 қазан) бар екенін іштей сезіп отырмын.

Ас ішіліп, дастархан басы азырақ босағаннан кейін қалтасында газет жүрген төрдегі ағаға жақындадым. Ойым – Шәкен Отызбаевқа жақын адам көрінген соң әңгімеге тарту.

Бұл кісі Сұраған Рамазанов деген ағамыз екен. Бұрынғы Торғай облысының Жақсы поселкесінде Киров көшесіндегі 26-ыншы үйде тұратын болып шықты. Ұлы Отан соғысының ардагері. Жасы 68-де, бірақ, өңі әлі жас, қайратты, ширақ көрінеді. Ағаның ақжарқындығы әрі менің Шәкен атамыз туралы білгім келгені сол арада әңгімемен біздерді біраз жерге алып барды. Сұрекең Шәкен Отызбаевты өз  көзімен көрген, ол кісіні білетін адам ғана емес, сонымен бірге, осы атамыздың туған ағасының баласы, яғни, ет жақын туыстарының бірі екен.

– Әкем Рамазан ұлдан төрт ағайынды еді, – деп бастады әңгімесін ағамыз. –Үлкені өзі, тетелес інісі Шәкең де, одан соң Қожахмет, Сүлеймен деген бауырлары болды. Ертеде елдің пейілі кең еді ғой. Төртеуі бір үйде – біздікінде тұрды. Кейін осыдан ба, «үлкен үй» атанып кеттік. Шәкен ағайдың өмірі өнерімен, қоңыр домбырасымен өтті. Туған жер, ата қонысымыз – қазіргі «Баррикады» совхозы. Осында Қырымбет, Қаракөл, Шағалалы деген үш ауыл болған. Еліміз – сол жер. Осы арада біржола Шәкеннің артында қалған ұрпағын да айта кетейін. Үлкені әйел бала еді, аты Шайзат. Қайтыс болған, балалары бар. Екінші баласы – Қоңқабай. Өзіне жас кезінен күш бітіп, балуандығымен төңірекке аты кең тарады. Үйленбей тұрып соғысқа кетті де, содан майданнан оралмады. Үшінші баласы Құрманбай да жасын ілгері беріп, майданға аттанған еді, ол да хабарсыз кетті. Одан кейінгі қызы Ханшайым Рузаев ауданының Сарыадыр ауылында тұрады, балалы-шағалы. Шәкен жақсы көріп,  еркелетіп, Бапал аталып кеткен кенжесі Құрманғали сол әкесінің туып-өскен топырағы «Баррикада» совхозының Шағалалы бөлімшесінде малшы. Жасы пенсияға жақын.

Өзім оқу деп елден ерте кеттім. Көкалажардағы мектептен (қазіргі «Уәлиханов» совхозының орталығы Гавриловка селосы) 1937 жылы жеті класты бітіріп, әрі қарай шеттен он жылдықты аяқтадым. Сондықтан, Шәкеңді сирек көретінмін. Бірақ, тәтем, ол кісіні біз осылай атайтынбыз, соның өзінде есімде жақсы сақталыпты. Менің білетінім, баяғының сал-серілері сияқты домбырасымен ел аралап кетуші еді. Әдетте, мұндай сапарлардан біраз жүріп барып оралатын. Қуаныштарда, түрлі отырыстарда қолма-қол суырып салып шығарған өлеңдерін талай естідім. Көне дастан-қиссалардың бәрін білетін десем, артық болмас. Ертедегі «Сал-сал», «Зарқом» деген қиссаларды шалдықпай, мүдірмей айта беруші еді.

Тағы бір есімде қалғаны, домбыраға шебер еді. Қолы пернесінде жүйткіп ойнап отырады. Өмірінің соңына қарай, саусақтарына жара шығып, сол жағы домбыра тартуына бөгет жасады. Өлеңді суырып саларда жан-жағына қарап отырады да, сосын төгіп-төгіп жіберетұғын.

1941 жылы Көкшетау педагогикалық училищесін бітірісімен, тәтемнің балалары сияқты, мен де соғысқа аттандым. Қысқа салым сонда майданда қатты ауырып, елге алты айға демалысқа келдім. Бас көтерер ер-азаматтардың бәрі майданға кеткен. Ауыл іші жүдеу. Жау күннен-күнге ентелеп, соғыстың қинап тұрған кезі. Демалысқа келдім деп жату қайда?! Шортанның түбінде, Макинде апам тұратын,  сонда уақытша мұғалім болып орналастым. Осылай жүргенде майдандағы ауруым қайта жықты. Казгородокта ауруханада жатыр едім, бір күні тәтем іздеп келіпті. Содан қиып кете алмай, он шақты күн қасымда болды. Домбырасын өзімен бірге ала шығыпты. Ән айтып, жыр шығарып, сырқаттардың көңілін көтереді.

Өздеріне Шәкен деген ақын келгенінен төңірек түгел құлақтанып, бара-бара тәтемді жанымызда болғызбауға айналды.Жұмыстан қажып, ән-жырды аңсаған қамкөңіл ел анда бір, мында бір шақырып алып кетеді.

Сол екінші жолы ауруханадан шыққан соң, Ақмолаға дәрігерлік комиссияға жіберілдім де, оған тәтем бірге барды. Көкалажарда менімен бірге оқыған, сол кезде Ақмола облыстық газетінің редакторы болып істейтін Әбу Айзахметов деген жігіттің үйіне түстік. Тәтемді тағы да үйде бір күн отырғызбады. Облыс, қаланың басшыларына дейін күнде шақыртып алып кетеді. Жау күші әлі басым жатса да, жеңіс біздікі болатынына тәтемнің сенімі зор болатын. Халықты басқа түскен қиыншылыққа мойымауға, майдан үшін аянбай еңбек етуге үндеген, ұлы Жеңіске жігерлендірген суырып салма жырлары, түннің бір уағына  дейін толғайтын қисса-дастандарымен талай жұрттың ризашылығын алғанын көзім көрді. Содан комиссиядан ойдағыдай өткен мен Ақмоладан қайта  майданға аттандым да, тәтем жарықтық көзіне жас алып қала берді…

Денесі толық, бет-әлпеті жұқалау кісі болатын. Өзі сияқты ақындармен бір-екі айтысы жайында да білемін. Торғайдан Рахым Тайқошқаров деген ақын болды. Руы Тарақты, өзі біздерге жиен. Қима ауданында тұрды. Есіл бойынан руы Орақ, бертінде қайтқан Қарсақ ақын да Торғайға белгілі еді. Екеуі де суырып салма ақындар. Осы ақындармен айтысқан тәтемнің мысы басым түскенін көргендер әңгіме қылып айтатын. Алматыға да ақындар айтысына шақырылғаны рас. Онда да өнері бағаланып, қуанышты оралды. «Өлеңдерімді бір жігіт жазып алды» деуші еді.

Туған інім Қали Рамазанов елде, сол өзіміздің туып-өскен мекеніміз «Баррикада» совхозының Шағалалы бөлімшесінде тұрады. Қолында көнекөз қарттардан жинаған тәтемнің өлеңдері бар. Ұрпақтарында түскен суреті қалған жоқ еді. Айтыс өнері дамып тұрған кез ғой. Сол Алматыға барғанында түсірген суреті жоқ па екен деп ойлап қоятынбыз. «Көкшетау» газетіндегі мына сурет көзімізге оттай басылып, тәтемді ортамызға қайта оралтқандай болды. Осы қуанышқа келгенімде соны көріп, енді міне, үйге олжалы қайтқалы отырмын.

Ұстазын ұмытпай, суретін тауып, бейнесін жарыққа шығарған шәкірті Көкен Шәкеев ақынға, оған қол ұшын берген Алматыдағы азаматтарға мың да бір алғыс. Облыста осы тәтемнің 100 жылдық тойын атап өтуге қам жасалып жатқаны бізді, тәтем ұрпақтарын қатты тебірентеді. Атақты Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырайлардың соңынан қалған бір сарқыттай, табиғат берген дарынымен Көкшенің шоқтығын көтерген тәтем бұған әбден лайық деп ойлаймын.

Әттең, қысылтаяң заманда басы түзу бекітілмеді. Өзім үнемі шетте жүрдім. «Ескі бейітті жаңартуға болмайды» деген сөз де көлденеңдеп алдан шыға берді. Әйтеуір, көңілге Шәкең есімінің ұмыт қалып бара жатқаны батпай қоймайтын. Енді бұйырса, мерейтойы да аталып өтейін деп жатыр. Бұған да шүкір. Ел-жұрты, ұрпағы, жергілікті басшылар бар дегендей, қалғаны да біртіндеп орнына келер…

Осы сөздермен әңгімесін аяқтаған аға бір уақ ойға шомып, үнсіз қалды. Көкше өңірінде дүниеден өткен, бәлкім, бүгінгі ұрпақ біле бермейтін өзге де кейбір ақындарымыз сияқты, Шәкен Отызбаев та әлі зерттеп, өзімізге-өзіміз таныта түсетін өнер иесі. Сондықтан, осыған аз да болса септігі тиер деп,  аға естелігін қаз-қалпында қағазға түсіріп алуға тырысқан едік. Одан бері де жылыстап біраз жылдар өтіпті. Бірақ, есті сөз ескірмейтіні анық.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар