Келбет
Облысымызда еңбекпен есейіп, іскерлігімен ел ықыласына бөленіп жүрген азаматтардың қатары аз емес. Солардың бірі – ауыл шаруашылығы саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан «Қоржынкөл-А» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, «Қараменде би» қорының президенті, Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, Егіндікөл ауданының құрметті азаматы Әбілқайыр Ошақбаев.
Уақыт талабына сай, қазіргі таңда күнбағыс майын шығарумен айналысып, Егіндікөл ауданындағы ірі шаруашылықтардың біріне айналып отырған серіктестік жер жыртып, егін салып, өнімдерін элеваторларға өткізіп, күнбағыс майын Қытайға экспорттауда. Қоржынкөл ауылы аудан орталығынан 30 шақырым жерде орналасқан. Негізінен, тұқым шаруашылығымен айналысатын серіктестік ұжымы қолға алған шаруаны жауапкершілікпен атқарып келеді. Машина, тракторлары жеткілікті. Арнайы техникаларды жөндеу орындары да бар. Қыс бойы жөндеуден өткізілген комбайндары да ораққа дайын. Үкіметтен берілетін «Кең дала», «Кең дала — 2» мемлекеттік бағдарламасы аясында қаржылай көмектерін де жыл сайын уақытымен алып отырады.
Күнбағыс, арпа, бидай егумен айналысып қана қоймай, одан қалған сығынды қалдықтарын малға, тіпті, жергілікті құс фабрикаларына жөнелтеді.
2001 жылдан қазіргі уақытқа дейін ауылдың көркеюіне атсалысып келе жатқан шаруашылық басшысы Әбілқайыр Тілеуғабылұлы 1966 жылы 30 наурызда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Қарасу ауылында дүниеге келген. 1983 жылы Жезқазған облысы Приозерный ауданындағы №7 орта мектебін бітірген соң, Отан алдындағы әскери борышын өтейді. Одан әрі Целиноград ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетіне оқуға түсіп, ауыл шаруашылығын ұйымдастырушы-экономист мамандығын алып шығады. Сөйтіп, 1991 жылдан бастап, Краснознаменко (Егіндікөл) ауданы «Днепропетров» кеңшарында бас экономист болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Кейін сол ауылдың өндірістік кооперативінің төрағасы, Бұланды ауданында «Партизанское-1», Егіндікөл ауданында «Днепропетров» серіктестіктерінің директоры қызметтерін атқарады.
– Шаруашылықта 49240 гектар ауыл шаруашылығы жеріміз бар. Оның ішінде егістік көлемі 37200 гектар болса, дәнді дақылдар өнімділігі гектарына 17,8 центнер. Серіктестікте 110 жұмысшы тұрақты еңбек етеді. Ал, маусымдық жұмыстар кезінде тағы 30 адамды жұмысқа қосамыз. Техника жағына келер болсам, астық жинайтын 30 комбайн, тұқым себетін 4 «Бюлер» тракторы, 33 түрлі модификациядағы тракторлар бар. Сонымен қатар, мал шаруашылығында бір мың бас жылқы, 500 бас қой және 750 бас ірі қара мал бар. Шаруашылықтың жыл сайынғы инвестиция көлемі 700-850 миллион теңгені құрайды, – дейді бізбен әңгімесінде шаруашылық директоры Әбілқайыр Тілеуғабылұлы.
Бүгінде меценат ретінде де ауқымды шараларға қатысып жүрген кейіпкеріміз 2012 жылы Балқаш қаласында Қараменде биге, 2013 жылы Егіндікөл ауданында 7 миллион теңгеге Абылайханның 300 жылдығына орай осы ханымызға ескерткіш орнатқан. Сондай-ақ, Семей облысының Абай ауданында тобықты руының белді өкілі Моншақбай Балуанның немересі Көкбай ақынға ескерткіш орнатуға да көмектескен. Ол өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында үш рет аудандық және Ақмола облыстық мәслихатының 7-8-ші шақырылымдарының депутаты болып сайланған.
Қазіргі таңда шаруашылықта 100-ге тарта адам жұмыс істейді. Олардың негізі жергілікті халық. Әрине, жұмыскерлер жетіспейтіні жасырын емес. Көктемгі, күзгі науқандық жұмыстар кезінде сырттан 30-ға тарта адам жұмысқа тартылады екен. Жалақылары да тұрақты. Орташа есеппен 375 мың теңгені құрайды әрі уақытында төленеді. Шаруашылықта егінмен қоса, мал шаруашылығы да қолға алынған. Ауылда 32 пай иелері бар.
1990 жылдардағы тоқырау кезеңінде тұрғындардың көбі ауылдан көшіп кеткені жасырын емес. Сол олқылықтардың орнын толтыру үшін біраз жұмыстар жасалуда. Бүгінде серіктестікте мал шаруашылығы да біртіндеп дамып келеді. Биыл жемшөп қоры да мол болған. Ауыл тұрғындарының мұң-мұқтажын үнемі ескеріп отыратын шаруашылық басшылығының қазіргі басты мақсаты – ауыл адамдарын тұрақтандыру. Шаруашылық басшысының айтуынша, халыққа бірінші кезекте жағдай жасауға тырысады. Сонымен қатар, ауылға 10-15 отбасын қоныстандыруды да көздеп отыр. Жалпы аудан бойынша жеті мектеп бар болса, соның бірі Қоржынкөл ауылында. Осы мектептің спорт залы болсын, басқа да тіршілігі осы серіктестіктің қамқорлығында.
Бүгінде 6 мыңнан астам халқы бар ауданда 320 мың гектар алқапқа егін егілген. Бұл дегеніңіз, 40-50 мың адамы бар аудандардың егістігіне пара-пар. Сонымен қатар, ауданға жаңа құбыр жүргізілгеннен кейін су мәселесі де нақты шешімін тапқан. Шаруашылық басшысының айтуынша, су негізінен, Сабынды, Нұрадан құбырмен тазартылып келеді. Өткен жылдары ауыз су азабын тартқан тұрғындар үшін үш жерден 200 метрге дейін құдық қазып көрген, одан бірақ, ішуге келмейтін ащы су шығып отырған.
– Мен өзім 15 жыл бойы қысы-жазы Қоржынкөл ауылына суды тасып, жеткізумен болдым. Жазда котловандардан 100-150 текше метр суды малға беруге пайдаланатынбыз. Ал, қазір су әр үйге келіп тұр. Ауданның 6,5 мың халықы бар. Ал, көктемгі су тасқынына өзіміз алдын ала дайындаламыз. 7-8 техникамыз дайын. Суды көлге қарай бағыттаймыз. Бұл бағытта арнайы комиссия құрып, кезекшілік қойып, жүйелі түрде жұмыс істейміз, – дейді іскер басшы.
Егіндікөлден Степнякқа бастайтын 16 шақырым жердегі су құбырының жобалық сметасын министр келген кезде тездетіп жүзеге асыруды қолға алған. Сөйтіп, бірден екі жылдық жобаның қаражаты бөлініп, Қоржынкөл мен Бауман бағытындағы су құбырлары қалпына келтірілген. Әрине, ауданда 20 жылдан астам уақыт су мәселесі қиын проблема болғаны айтпаса да түсінікті. Сөйтіп, 2023 жылдан бері арнайы осы мәселемен айналыса бастаған шаруашылық басшысы Парламентте, министрліктерде болып, ауылда «Тіршілік» қоғамдық ұйымын құрып, біраз жұмыстар атқарған. Негізі бұл жоба 2025-2026 жылдары екінші кезекте басталуы тиіс болатын.
Алайда, облыс басшысы Марат Ахметжановтың ықпалымен, жедел қимылдаудың арқасында Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің келуімен жедел шешімін тапқан. Жалпы, бұл жоба ауа райының қолайсыздығына байланысты 2023 жылғы желтоқсанның соңына дейін жүзеге аспай қалады. Алайда, шаруашылық басшысының қайта қолға алуымен 2024 жылы 10 қазаннан бастап ауданның барлық елді мекендері сумен қамтамасыз етілді. Әрине, сол кездегі елдің қуанышында шек болмады. Енді болашақта ауыл жағдайының жақсаруымен халық саны да көбейеді деген үміт бар.
Одан кейінгі аудандағы ең басты шаруа киіктер мәселесі. Бұл тұрғыда да іскер басшы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігінде болып, мәселенің дұрыс шешілуінің басы-қасынан табыла білген. Мәселен, жылда 12-14 центнерден өнім алатын жерден 3,5 центнерден ғана өнім алған кездер болған. Өйткені, жеті мың гектар жерді киіктер таптап кеткен. Міне, шаруалар соның зардабын тартқаны жасырын емес.
Елдің жүгін арқалап жүрген іскер басшы халықтың алғысына бөленіп, әркез қай істің де басынан табылады. Ол облыстық мәслихаттың аграрлық мәселелер және өңірдің индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы. Сол себепті де, 2022 жылы қаңтарда Қазақстан Республикасы Парламентінің ауыл шаруашылығы комитетінің жиынына қатысып, шаруалардың біраз мәселелерін көтеруге атсалысқаны бар. 2023-2024 жылдардағы шаруалардың қиын жағдайында шешімін тапқан тұстар көп болған.
Шаруашылықта халықтың денсаулығын қорғау мәселесі де өз деңгейінде шешілуде. Осының да игі ықпалы шығар, Серіктестік басшысының өзі облыстық мәслихат депутаты болған соң осы бағытта да көптеген жұмыстарға араласуына тура келеді. Әсіресе, адамдар ауырып қалса, оларды аудандық ауруханаға апару, басқа да көмек қолын созу шаруашылықтың өз еншісінде. Мәселен, өткен жылы осы аудандық аурухананың тамақ дайындайтын орнын жөндеуден өткізуге көмектескен. Басқа да жұмыстарды ұйымдастырып, басы-қасынан табылуға тырысқан.
Серіктестік басшысының айтуынша, Егіндікөл-Жолан және Егіндікөл-Жантеке бағытындағы үш жылға жоспарланған жолдар жобасы келесі жылға аяқталады деп күтілуде. Оларға қазір орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Астрахан ауданы бойынша Ұзынкөл ауылында да 42 шақырымдық үш жылдық жоба іске асырылуда. Өткен жылы Оксановка ауылының жолдары асфальтталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, алдағы уақытта Қорғалжын ауданы бойынша туризмді дамыту, ол үшін жолдарды дұрыстау жобалары да назарда ұсталмақ.
Халық қалаулысы болған соң, оның жауапкершілік жүгі де аз емес. Үнемі тұрғындар жағдайын ойлауға тырысып жүретін Әбілқайыр Тілеуғабылұлы ауданның су мәселесінің шешілуімен қатар, елге газ келу жағын да ойластыруда екен. Тұрғындар Қорғалжын ауданынан көгілдір отын бізге де тартылса деп отыр. Оның өзі 80 шақырымдай жер. Қорғалжын мен Атбасардың ортасында орналасқан Егіндікөл ауданына Астанадан шыққан газ өтуде. Мұның бәрі сайып келгенде қаржыға тірелері сөзсіз. Сондықтан, ол уақыт еншісінде. Бір жағы, аудан аумағы жазық дала, ағаш жоқ. Көмір Шұбаркөлден, ал, ағаш Сандықтау жағынан тасымалданатынын ескерсек, қысы суық елді мекендер үшін көгілдір отын керек-ақ. Әзірше, серіктестік басшысы энергоресурс тапшылығын болдырмауды ұйымдастыруда.
Келешектің құзырындағы тағы бір жағымды жаңалық, асыл тұқымды мал ұстауды да ойға алған. Осылайша 2-3 жылдың көлеміне жоспарлап, сүт фермасын салу. Ол үшін алдымен, жол мәселесі шешілсе, жастардың ауылға келу барысы да жақсарары айқын. Мәселен, өткен жылы ауылға екі жас маман келген. Олардың бірі агроном, екіншісі инженер. Оларға серіктестік өз тарапынан жаңадан үй салып берген. Әбілқайыр Тілеуғабылұлы өзі Астанадағы аграрлық университеттің түлегі болғандықтан да, осы оқу орнына жиі барып, университет бітіретін жастармен әңгімелесіп, ауылға шақырып, жағдайларын жасауға тырысады. Оқу бітірісімен ауыл шаруашылығының жұмыстарына әбден төселіп қалған білікті маманның ендігі бір мақсаты – қолдан келгенше ауылдан тұрғындардың көшіп кетуін тоқтату.
– Ауданымыздың көркеюі, өңіріміздің экономикалық жағдайының жақсаруы мен тұрғындардың тұрақтануы жолында 34 жыл еңбек етіп келемін. Мен өзімнің болашағымды осы ауыл шаруашылығынан көремін. Бір жаққа шықсам, ауылдастарым үнемі мені тосып отырады. Қазір өзімнің үш ұлым да ержетіп, оқуларын бітіріп, еңбекке араласып, шаруашылықпен айналысуда. Ұлымның бірі мұнайшы, Қазмұнайгазда жұмыс істеген, бірі экономист, содан ауылға келгісі келді. Әрине, ол ойлары мені қатты қуантады. Қазір шүкір, ауылға келіп жұмыс істеу керек екенін көбі қайтадан түсіне бастады. Мен былай айтар едім, қазір ауылдардағы шаруашылықтардың жағдайы жақсы, сондықтан, ауылға барып жұмыс істеуден қашпауымыз керек. Әсіресе, мал дәрігері мамандарының беделін көтеруіміз керек, – дейді Әбілқайыр Тілеуғабылұлы.
Бар саналы өмірін ауыл шаруашылығымен байланыстырып, еңбек дәстүрін жаңғыртып жүрген іскер басшыға ел ризашылығы шексіз. Осылай өз серіктестігі ғана емес, бүкіл елдің, халықтың әлеуметтік-эономикалық жағдайына жаны ашып жүретін азаматтарымыз көп болсын дейміз.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Егіндікөл ауданы.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

