Биыл – ұлы ойшылдың 180 жылдық тойы!

10 тамыз – Абай күні

10 тамыз – ұлт руханиятының темірқазығы, қазақтың ұлы ойшылы, ақын, жазба қазақ әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туған күні. Ол 1845 жылы 10 тамызда Семей өңірінде дүниеге келген. Биыл – ұлы ақынның туғанына 180 жыл.

Адамзатқа ортақ ойшыл

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады» деп дара перзенттің даналық орнын айқындап көрсеткен еді.

Осыдан бес жыл бұрын Үкімет Қаулысымен қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні – 10 тамыз елімізде Абай күні деп бекітілді. Абай ғұлама ғалым, ойшыл ақын, ағартушы ұстаз ретінде ұлтымыздың тұғыры биік мақтанышы. Абай – дала философы. Абай шығармашылығы – әлемдік туындылар қатарында орын алған халқымыздың баға жетпес мұрасы мен рухани азығы.

Расында, ұлы ақын өз шығармаларында насихаттаған еңбексүйгіштік, білімге деген құштарлық, ізгілік пен парасатқа зейін қойып, тәрбие алу – бүгінгі күнгі міндеттердің бірі. Хакім Абай айтқан ізгі құндылықтар ешқашан өміршеңдігін жоймақ емес.

«Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген нақылымен өзіне ескерткіш қалап, ұрпағына өшпес өнеге, өлмес білімді асыл мұра етіп қалдырған ұлы Абай әлемі – шексіз әлем. Абайдың «Қара сөздері» мен өлеңдері ұлтымыздың дүниетанымын кеңейтуде тек қазақ халқына ғана қызмет ететін асыл мұра емес, сонымен бірге, әлемдік маңызы бар ақыл-ойдың бірегей нұсқасы.

Ұлы ойшылдың 180 жылдығы елімізде қазірдің өзінде кеңінен аталып өтуде. Ұлы ақын дүниеге келген Абай облысы осы ұлық мерейтойдың рухани орталығы болып табылады. Абай тойы өзінің бар сән-салтанатымен және терең мазмұнымен осы облыста кеңінен аталып өтіледі және оған отыз мыңға жуық халық қатысады деп күтілуде. Қазірдің өзінде әртүрлі мәдени-көпшілік шаралармен бұл той басталып кетті деуімізге болады. Осы тойға байланысты Семей қаласы мен Жидебайға туристердің көптеп келуі күтілуде. Қайта қалпына келтірілген Абайдың музей үйінде жаңа экспозициялар ашылады және кең ауқымды Абай форумы өтеді. Бұл ұлы ойшыл баба тойына арналған көп шаралардың тек аз бөлігі ғана.

Осы күндері еліміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдардан бастап елордамыз Астанаға дейін, мектеп қабырғасындағы оқушыдан бастап оқымысты ғалымдарға дейін ұлы Абайдың мұрасы мен болмысына үңілген әрбір жан одан өз-өзін танып, рухани жаңғыра түседі.

Ұлтымыздың айдай әлемге мақтан етіп ұстанар ұлы тұлғасы, данышпан ойшыл, хакім Абайдың 180 жылдығына орай, Ақмола облысында да 1-8 тамыз аралығында көптеген ауқымды мәдени-танымдық іс-шаралар көзделген. Атап айтқанда, ақмолалықтар әлеуметтік желі арқылы «Абай әлемі» республикалық челленджіне қосылады. Музейлеріміз бен театрларымыз, кітапханаларымыз ұлы Абайға арналған әртүрлі кештер, басқа да шаралар өткізіп, үлкен-кішіні ұлы ақынның мәңгі өшпейтін бай мұрасынан, дара бітімінен сусындатып сыр аңдата түседі.

Ұлы Абай қашанда ұлтымыздың діңгегі, бағыт-бағдары боларлық қайталанбас сөз құдіреті. Абайдың баға жетпес мұрасы қазақтың ұлттық мәдениетіне зор ықпалын тигізумен келеді. Оның сөзі жүрекке ем, ойға азық. Осы бай, тұңғиық, мұхиттай терең, асқар таудай асқақ ақыл-ойдың мәуелі жемісімен халқымыз Мәңгілік ел жолындағы ұлы мұратына бірге бара берері айқын.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар