Егін орағы — 2025
Өңір диқандары ерте көктемнен бері баладай мәпелеп, еңбегімен аялап өсірген ел ырыздығын ысырапсыз жинауға барлық күш-жігерлерін жұмылдыруда. Жарқайың ауданының ауыл шаруашылығы құрылымдары да қолайлы сәтті бос жібермей, қауырт қимыл танытуда.
Әр жыл сайын берекелі алқаптардан тәп-тәуір өнім жинап келе жатқан жарқайыңдық диқандар 664 мың гектар егістік алқабынан дән жинамақ. Оның 575 мың гектары бидай, 13 мың гектары майлы дақылдар, 10,5 мың гектары мал азығы. Көлемі көп болғанымен, тәжірибелі диқандар жыл сайын ырыс тұнған даладағы ел ырыздығын шашпай-төкпей жинап алып, құт қамбаға ысырапсыз құю дәстүрін қалыптастырған. Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Берлібаевтың айтуына қарағанда, диқандар қазір ерте піскен арпаны жинап алуда. Ақық дән аялаған даладағы жұмыс дәннің пісуіне байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ.
Ауданда 64 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен 441 шаруа қожалығы бар. Жауапты науқанға күні бұрын дайындалғандықтан кесе-көлденең жатқан қиындық жоқ. Күзгі ораққа қатыстырылатын қыруар техника жөндеуден өткізілген. Жеңілдетілген жанар-жағар маймен жеткілікті қамтамасыз етілген. Мамандардың айтуына қарағанда, алқаптағы дәннің шығымы жақсы. Әрине, «балапанды күзде санайды» демекші, құт қамбаға құйылар көлем жиын-терін аяқталған соң белгілі болады.
Жұмыстың өнімді болуына ауыл шаруашылығы құрылымдарының машина-трактор паркін мүмкіндігінше жаңалауы септігін тигізіп отыр. Отандық және шетелдік жаңа астық комбайндары өнімді жұмыс істеуде.
Диқандардың іркіліссіз, ілкімді іс атқаруы уақытында қажетті қаржымен қамтамасыз етілуіне байланысты. Аудан диқандары «Кең дала» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 миллиард теңге қаражат алды. Осы қаражатқа тыңайтқыш, техника, жанар-жағар май алып, жауапты науқанға тас-түйін дайындалды. Жазғы маусымда агротехникалық шараларды уақытылы өткізу мүмкіндігіне ие болды.
Күні бүгінге дейін 94,6 мың гектар алқаптың өнімі жиналды. 104,2 мың тонна дән қамбаға құйылды. Гектар берекесі 11 центнерден айналуда. Ертеңгі күнді есінен шығармаған шаруашылықтар сүдігер жыртуда. 4,8 мың гектар алқап өңделді. 6,8 мың тонна тұқым дайындалды. Жарқайыңдық ауыл шаруашылығы құрылымдары ел ырыздығы үшін еселі еңбек етуде.
Б.ҚАЙЫРЛЫҰЛЫ.
Жарқайың ауданы.
![]()

