Жомарт дала жоны — дән

Егін орағы – 2025  

Күреңіткен күзгі дала еңбек дүбіріне бөленген. Даңғайыр диқандар ел ырыздығын шашпай-төкпей жинап алуда.

«Қазгер» серіктестігі арпаның бітік өскен кейбір алқаптарынан гектарына 53 центнерден өнім жинап, рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

Андрей Матюшонок жер емшегін емген әулеттің белді өкілі. Бүгінде Біржан сал ауданындағы «Қазгер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің маңдайалды механизаторы. Дала сырын жасөспірім кезінен бері көкірегіне құйып, жаттап өскен еңбекқор жан.

Күзгі дала алтын түстес, сап-сары толқындары семіз жылқының қартасындай бұйраланып жатқан теңіз іспетті. Кереқарыс масақтарын әупірімдеп әзер көтерген егінжай көз қуантады. Биыл егін бітік шығыпты. Көктен беріп, жерден исінші деген ел тілегі қабыл болғандай. Өкпек жолаушы көп жүргендіктен теп-тегіс, тастай болып қатқан дала жол қос қапталдағы егін алқабының ішімен өрлеп барып, сонау көкжиекке сіңіп кетеді екен. Қамшылар жақ бетте «Акрос» комбайнымен егінді тікелей орып келе жатқан комбайншы мотордың бір қалыпты ырғағымен өрістеген  жылдамдықты ұстап келеді. Өткір шалғы қиып, комбайнның өңешінен түйдек-түйдегімен жөңкілген бидай дестелері сәлден кейін ел ырыздығы болып тасымалдаушы КамАЗ-ға құйылмақ.

Майталман механизатор 1984 жылы алғаш рет комбайн тізгіндеген болатын. Онда небары 16 жаста еді. Әуелі кеңшар комбайншысының көмекшісі. Әкесі механизатор болғандықтан, техникаға бала кезінен үйір болды. Ұлының талпынған түрін көріп, бетінен қақпай, қайта өз білгенін үйретуге тырысқан әкесі далаға ала кететін. Андрейге де техника тізгінін ұстаған қызық көрінетін. Алғашқы балаң көңілдің ынтызарлығы кейін кәсіби шеберлікке ұласты. Өмір жолы да жаңағы дала жолы сияқты биікке бастады. Ол биік – еңбек мәртебесі.

–Үнемі бір жұмыспен айналысқандықтан ба, осы кәсіптен басқа іс қолымнан келмейтіндей көрінеді, – дейді Андрей Казимирович, – басқа тарапқа көңіл аударып талпынған да жоқпын. Ойлап қарасам, бұдан артықтың қажеті де жоқ. Мына дала ырыс пен ынтымақтың бесігі. Біздің үйдегі ер балалардың бәрі әке жолын қуып механизатор болдық. Ағам Сергей, інім Григорий де механизатор. Түйіндеп айтқанда, бәріміз ұзақ жыл техника тізгіндеп, дала төсінде абыройлы еңбек еткен әкеміздің ізін жалғастырушылармыз.

Кейіпкеріміздің айтуына қарағанда, ол кезде «Нива» комбайнымен жұмыс істеген. Бүгінгідей жаңа техниканың жақсылығы түске де енбейтін кез.

–Қазір қарапайым тілмен айтқанда, еңбек адамының бар жағдайы жасалған. Мына комбайнды қараңызшы, ішіне шаң-тозаң кірмейді, күн ыстықта кондиционерді қосып қоямыз, – дейді механизатор, – ал, міндет баяғыдай. Ең бастысы, ерте тұрып, кеш жатып, өзіміздің ақадал еңбегімізбен өсірген ел ырыздығын ысырапсыз жинап алу.

Бүгінде Андрей Матюшонок серіктестіктегі ең тәжірибелі механизатордың бірі. Алдынан жұмыс үркіп отырады. Тәжірибесі аздау жастардың білмеген жерін айтып, қол ұшын беру ежелгі дағдысы. Әріптестері де сол үшін сыйлап, құрмет көрсетеді. Майталман механизатордың бойына сіңірген ұзақ жылғы, мол тәжірибесін өз көкіректеріне қотарып алуға құштар.

Андрей Казимирович тәлімгер деңгейіндегі маман. Талай шәкірт дайындаған. Техниканы тізгіндеуге ғана емес, ел ырысын еселеп беріп жатқан даланы сүюге, нағыз ерлерге тән мамандықты мінсіз меңгеруге үйретеді. Бүгінде трактор-егіс бригадасында 12 адам еңбек етеді, оның екеуі тікелей майталман механизатордың шәкірттері. «Жас өспей ме, жарлы байымай ма» демекші, кеше ғана дала жұмысына араласқан жастар да өсіп жетілген. Соның бірі Аманжол Шеер. Аз ғана уақыттың ішінде бригадир болып сайланған. Шәкіртінің табысына ұстаз да разы.

Бүгінде бригада уақытпен санаспай еңбек етуде. Шабыттана жұмыс істеген комбайншылар қып-қызыл дәнді бункерлеріне әп-сәтте толтырып, қырманға жөнелтуде. Тіпті, есептеуге уақыттары жоқ.

–Ортақ еңбек қой, – дейді Андрей Казимирович, – қырманға жеткен дән ел ырыздығы. Үлесімізді есептейтіндер бар ғой.

Таң бозынан сапқа тұрған комбайндар қайтқан қаздай тізіліп, бірін-бірі қуалай алға жылжып барады. 14 мың гектар алқаптағы дәнді жинап алуы керек.

Шаруашылықтың бас агрономы Асхат Әмірхановтың айтуына қарағанда, қыркүйектің алғашқы күндері 2590 гектар алқаптың дәнді дақылдары жиналған. Гектар берекесі 26-28 центнерден айналуда. Майлы дақылдар жиналып біткен. Ал, арпа гектарына 29 центнерден өнім беріпті. Кейбір жекелеген алқаптардағы гектар берекесі 53 центнерге жеткен. Бұл шын мәніндегі рекордтық өнім. Қазір егістік алқаптарда 14 комбайн жүр. Күн ашық болса, берекелі белестің бергенін уақытылы жинап алмақ. Ынтымақ үйірілген жерде ырыс та мол емес пе?!

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар