«Ямагата Мухунура» – тегеурінді қазақ балуаны

Күш атасы

Қазақтың тұңғыш кәсіпқой спортшысы кім екенін білесіз бе? Әрине, ол – Қажымұқан бабамыз. Мен бұл мақаламда мыңды жығар Мұңайтпасовтың ерлігі мен ерен еңбегі турасында, сондай-ақ, оның не себепті «Ямагата Муханура» атанып кеткені жайында сөз қозғайтын боламын.

Қажымұқан Мұңайтпасұлы – джиу-джитсу, грек-рим және еркін күрестен бірнеше дүркін чемпион. Ол 1871 жылғы 7 сәуірде Ақмола уезі, Қараөткел ауылында дүниеге келген. Классикалық күрес пен цирк өнерін И.И.Лебедев мектебінде 1904-1907 жылдары  үйренді. Балуанның түп-тамырының бәрі белдескеннің белін үзуге қауқарлы кісілер болған.

Әкесі Мұңайтпас 1914 жылы, атасы Ернақ балуан 1947 жылы дүние салған.  Дене бітімі ерекше ірі Мұқан 12-13 жасынан бастап көзге түсіп, 16-17 жасында жиырмадағы жігіттермен белдесетін. Мұқан сол кезден-ақ, күреспен той-томалақтардың көркін қыздыратын.

1901 жылы Омбыда алғашқы цирк ашылып, онда балуандар французша, яғни, қазіргі грек-рим күресінен белдеседі. Бұл хабар Сарытерек ауылына жетіп, ондағылар оған Мұқанды жібереді. Біріншілікте қазақ алыбы дене бітімі зор, тәжірибелі күрескер бас балуан Злобинмен айқасады. Кәнігі қарсылас 18-ші минутта жеңілді. Десе де, жеңісті күндер алда еді. Иван Поддубный, Иван Заикин, Алеекс Аберг, Збышко-Цыганевич тәрізді әлемдік спортшылармен тең тұрған  есіл ер 1910 жылы Буэнос-Айросқа арнайы шақыртумен барады. «Батырға оң не, сол не» демекші,  бұл жолы бабамыз Америка чемпионы атанады.

Қ.Мұңайтпасов 1912 жылы Нижний Новгородтағы «Сур» циркінде өткен Ресей біріншілігінде жергілікті күрескер Турбаспен, яғни, Тулумбасовпен жекпе-жекке шығады. Кісілік келбеті көркем Мұқан кезекті жеңісінен кейін «Мен үлкен алтын медаль үшін емес, сендердің намыстарың үшін күрестім» деген екен.

Харбин қаласындағы жапондықтар ұйымдастырған біріншілікте Саракики Жиндофуді джию-джитсуден жеңеді. Бас сүйегі сынып, миы шайқалған қарсыласы көп ұзамай бақұл болады.  Қажымұқан 1914-1916 жылдары Финляндия түйе балуаны Ярвинен, швециялық Андерссонды, афроамерикалық Джо Моро мен орыс ағайындардың алыптары Мартынов, Аксенов сынды күрес шеберлерін жыққан.

Негізгі мәліметтерді келтіретін болсам, енді алпауыт азамат туралы қызықты деректермен де бөлісе кетейін. 1909 жыл Мұқан бабамыз үшін спортта ғана емес, жеке өмірінде де олжалы жыл болады. Ол Надежда Чепковскаямен танысып, қазақ арасында Бәтима деп танылған өнерлі әртіспен цирк иелерінің қарсылығына қарамастан үйленген. Сөйтіп, Омбы қаласында екеуі неке қиып, осылайша, жүрегінің жартысын табады.

Ал, Мұқанның лақап аттарына келсек, оның көптігі сонша, тіпті, бұл өз алдына бір мақала қажет ете ме дейсің. «Жапония, Корея және Манчжурия чемпионы». Азия чемпионы болған  білекті қазаққа табанды күрессіз жеңіске жету мүмкін емесіне көз жеткізген көпшілік қауым бірінші осы лақап атты қойған. Африкадағы ислам мемлекеттеріне сапарының оң нәтижесінде Мекке мен Мәдинедегі жеңістерінен кейін «мұсылмандардың ең үлкен балуаны» атанады. Орыс балуандары болса, Мұқанды «костолом», яғни, «сүйек сындырғыш» дейтін. Сондай-ақ, Орынборда Камухин циркіндегі халықаралық жарыста дала түлегі Қажымұқанның құрметіне «Бенефис» өткен. Айта кетерлігі, «Бенефис» ол кезде тек әлем чемпиондарының құрметіне жасалатын. Түркі халқының 48 медаль олжалаған мақтанышының аты қашанда әлемдік деңгейдегі Иван Поддубный, Иван Шемякин, Алеекс Аберг, Иван Заикин, Георг Лурих, Георг Гаккеншмидт, Поль Понс, Вейланд Шульц сынды балуандармен қатар тұрады.

1909 жыл Мұқанға зор табыс әкелді. Рига біріншілігінде 10 кездесуді таза жеңіспен аяқтап, жеңіскер атанса, Кельн қаласында еркін күрестен алғаш рет чемпион болады. Қажымұқанды әлемдік аренаға шығарған Георг Лурих.  Мұқан Лурихпен 1908 жылы Петербургте танысып, осыдан  бастап «Ямагата Муханура» атанады. «Ямагата қаласынан шыққан» деген мәндегі жаңа есімнің қойылу себебі, біріншіден, ол кезде цирк өнерінің көрермендері мен күрес демеушілері қазақтарды біле қоймайтын, екіншіден, жапон балуандарының даңқы дүрілдеп тұрған. Мұқан туралы  «Жало» журналында «Шығыс ұлы жапон Мухунура. Ол тегеурінді де, дене бітімі мығым жігіт. Күресте қаһарлы әрі өте батыл қимылдайды», — делінген. Міне, тақырыбымыздың өзі осы себепті де қойылып отыр.

Иә, бұдан бөлек батыр рухты Қажымұқан бабамыздың нағыз азаматқа тән мәрттігін атап өтпеске болмайтын шығар. Ол Ұлы Отан соғысы басталған тұста екі жылға жуық ел аралап, цирк өнерін көрсетіп, 100 мың сомға жуық ақша тауып, жиған-тергеніне У-2 әскери ұшағын жасатып, онымен қазақ ұшқышы Қажытай Шалабаев 217 рет әуеде жауға үдете соққы берген.

Қажымұқан Мұңайтпасов 1948 жылы Түркістан облысы, «Ленин туы» колхозында қайтыс болды. 1980 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы, Темірлан ауылында ескерткіші мен мемориалдық музейі ашылған. 1986 жылдан бастап оның құрметіне классикалық күрестен халықаралық турнир өтіп келеді. Туған жері Ақмола облысында да күш атасын құрмет тұтумен келеді. Целиноград ауданында Қажымұқан ауылы бар, ескерткіші орнатылған, атақты палуан атында спорт мектебі, көшелер бар.

Интернет материалдарынан ықшамдап дайындаған Бейбарыс ШАЛАБАЕВ.

сурет upload.wikimedia.org сайтынан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар