Биыл 2025 жыл – Жұмысшылар жылы. Көптен бері халық шаруашылығындағы еңбеккерлер онша аталмай, тасада қалып койғандай көрінетін. Халықты тамақтандырып, киіндіріп, баспана салып, тағы басқа қажеттіліктерін шешіп жүрген жұмысшылардың еңбегін бағалау өте қажет eдi.
Қоғам пайда болғаннан бері еңбек адамы да болды. Соңғы кеңестік дәуірді алайықшы. Өндіріс, ұжымшар, кеңшарлар ұйымдастырылып, жұмысшылар оның негізгі өзегіне айналған болатын. Солардың бірі Ақкөл ауданындағы «Амангелді» ұжымшары. Бұл ауылды алып отырған себебім, ол менің туған жерім. Ауыл еңбеккерлерін жақсы білемін десем артық айтқандық емес. Ұжымшар 1929 жылы құрылды. Сол кезде менің әкем Дәулетбек (халықта Дәуеш) Өшәбекұлы (суретте) жиырма жастағы қылшылдап тұрған жас жігіт. Бұл кісі ұжымшардың алғашқы ұйымдастырушыларының бірі.
Ұжымшар басшысы әкемді тракторшылар курсынан өткізіп, ХТЗ тракторын жүргізуді сеніп тапсырады. Ол кездегі техникаларда жүргізушіге бүгінгідей жағдай жасалмаған. Тракторшы ашық аспан астында ауа райының мың құбылған жағдайына қарамастан, толық темірмен жабдықталған тракторды күздің қара суығына, жауын-шашынға қарамай, тіпті кейбір кездері қыстыгүні жүргізген кездері болды. Менің әлі есімде, төрт-бес жастағы кезім. Әкем 35-40 шақырым жердегі Комсомол МТС-інен комбайн сүйреп әкеле жатқан. Комбайнның үстінде тік түрегеліп тұрған комбайнер Тоқсанов Кәрімжан. Комбайнда отыратын орындық та жоқ. Кейін өзім қызметте жүргенде Азат (ол уақытта «Ивановский») ауылында Кәрімжан ақсақалмен сөйлескенде, ол кісі былай дейтін:
– Мен жылда егін оруға сіздің ауылға баратынмын. Менің комбайнымды сүйреуге сенің әкеңді сұрайтынмын. Ол кісімен тіл табысып, түннің бір уағына дейін егін оратынбыз. Әкең Дәуеш еңбекқор адам еді. Осы әкем ширек ғасырдай тракторшы болып істеді-ау деймін. Ұжымшарда, кейін кеңшарда тракторды жөндеуге кіргізетін ғимарат та болған жоқ. Тракторды үйдің жанында немесе ұстахананың маңында бұзып, жөндеп жататын. Жазғы, күзгі жұмыстар аяқталғаннан кейін, алғашқы қар жауғанда, аяз бен қара суықта тракторды МТС-қа айдап апарып, күрделі жөндеуден өткізетін.
Әкем тракторда істеген жылдар еліміз үшін өте ауыр жылдар болды. Ол – ашаршылық, соғыс, соғыстан кейін халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары. Жалғыз сауатсыз ағасы Жексембай атамызды «халық жауы» деп ит жеккенге айдап жіберген. Ол кісіден қалған балаларды да қамқорлығына алуына тура келді. Осылай ауыр жылдар аяқталып, халық аяғынан тұра бастаған кезде менің анам Хадиша, інім Ермұхамбет бірінен соң бірі дүниеден өтті. Бұл да әкеме қатты соққы болып тиді. Үйдің үлкені мен небары 11 жастамын. Осындай жағдайда жүрсе де жұмысынан қалмай, шаруашылықта алдыңғы қатарлы жұмысшылардың қатарында болды. Соғыс кезінде ұжымшар басқармасы Бәуке Кұлмағамбетов тракторшы ретінде соғысқа жібермей алып қалады. Ол кісіге арнаған бір шумақ өлеңі де бар:
…Баласы Өшәбектің Дəуеш атым,
Жаралған төртуылдан арғы затым.
Шақырып военкомат келгенінде,
Қалдырдың тракторист деп қайран басың.
Содан әкем темірден шаршады ма, мал бағуға ауысты. Бұл шаруаны да дөңгелетіп әкетті десем, артық айтқандық емес. Олай дейтінім, бөлімше зоотехнигі, марқұм Шегебай ағамыз айтатын, Дәукең кеңшардың малын өз малынан артық қарайтын деп. Адал еңбегінің бір көрінісі, ауылдан 3-4 шақырым Әбдірахман базы деген жерде етті мал табынын бақты. Таң қараңғысынан кетіп, жанында бір-екі көмекшісі бар, 80 метр баздан малдарды шарбаққа шығарып, осы қораны қолмен тазалап шығарады екен. Содан шанаға маядан қолмен артып, шөп әкеліп, оттықтарға салады. Түске қарай малдарды суатқа айдап апарып суарады. Сосын тағы да қолмен артып сүрлем, жем таратады.
Малшыларға жасалған ешқандай жағдай жоқ. Сол суық базда үйден апарған тамақтарын жеп, жүрек жалғайды. Содан караңғы түсерде малдарын қамап үйге қайтады. Осының бәрі айтуға оңай, осыған кейбір жастар шыдамай, жұмысты тастап кеткендер де болыпты. Өзімен істеген Әбдірахман Ибраев, ингуш, марқұм Жүсіп Потиевтер әкемнің жұмысты беріліп істейтіндігін мені көргенде айтып отыратын. Ол кезде руға бөліну, шеттен келгендерді ығыстыру, жалғызсырату жағдайлары әр елді мекенде болып тұратын. Менің әкем де сондай жағдайда болатын, керейлердің ішінде жалғыз жайын төртуыл еді. Осы елге еңбекқорлығының арқасында бедел жинап, ел азаматтарының арасында сыйлы болды деп айта аламын. Ешқандай туысы жоқ, жалғыз өзі сол кездің өлшемімен тәуір үй салды. Мені оқытты. Азамат болып қалыптасуыма көп еңбек сіңірді. Сондықтан, әкем өмірден ерте озса да, ол кiciмен мақтана аламын.
Бүгінгі жастар да соны біліп, ауыр жұмыстардан қашпай, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев көтеріп жатқан мәселелерді іске асыруға үлестерін қосады деген ойдамын. Отбасы, Отан, қиындыққа шыдамдылық, қашанда адамгершілікті жоғары қою осылайша ата-ана тәрбиесінен басталады. Соны көріп-біліп, көкейге түйіп өсу керек. Сонда отбасының, өзіңнің де іргең берік болады.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
қарт зейнеткер.
Астана.
![]()

