Бүгін сенің туғаныңа 100 жыл, аға!

Бәрін таразыға салдырар, өз уысында ұстар уақыт деген өлшем бар. Уақытсыз күн жоқ, уақытсыз түн жоқ. Сол уақыт деген құдірет биылдай туғанына бір ғасырдың жүзі болып қалған талай ақмаңдай аталарымызды еске алғызып, нұрлы жүздерін көз алдымыздан көлбей бір өткізіп беріп жатыр. Солардың ішінде Бүркітбай Көшпаев деген аса байсалды, өзім деген адамға бүкіл жан жүрегін беріп тұратын кең қолтық, ақниет қартты да жақсы білуші едік. Редакцияға кіріп, жолығар адамын көре алмаса, қайта кетіп, қайта оралып, шаршамай-шалдықпай жүретіні бар-ды. Сондайда көбіне әлгі адамына белгілі бір қуанышына немесе жеткен жетістігіне, шыққан кітабына бір ауыз жылы сөзін айтуға ғана келуші еді-ау. Кең жүрегі сондай болатын. Әлгіндей бірден реті келмей қалғанына кейімейтін, сөзінің соңы сабырмен «мен келді» деп айта саларсыңға» саятын да, түс ауа, не ертеңінде тағы бой көрсететін.

Сонда шіркін, сәлемімізді беріп, аз-мұз ғана амандық сұрасқаннан басқа сол жанмен кеңірек отырып бір сөйлесудің де реті келмеген екен. Бәріне «күнделікті газеттің жұмысы» деп алып ұштырып қойған асығыс-үсігістік кінәлі сияқты көрінеді де тұрады осы күні. Әйтпесе, бұл Бүркітбай ағамыз да ретін тауып тілдессең, сол сұрамағыңды кеңейтіп қаузай берсең, таусылмас қазынаның бірі еді-ау. Күтіп, ықшамдаған бір кездегі қою мұрты әлі де сұлуша келген бет-жүзіне жарасып, ағарып, алды кеткен шашы дөңгелене, кейінгі кездері әдеміше таяғын ұстап, өте бір жылы амандықпен қабылдау бөлмесінің есігінен кіре беретіні әлі де көз алдымда. Ал, сөйткен, адамгершіліктің, кісілік пен орнықтылықтың үлгісі болып табылатын, қазақтың бұл қара шалы да не көрмеген, басынан нені кешпеген?! Оның ең бастысы, әрине, Екінші дүниежүзілік соғыс. Жиырмасыншы жылдары бүкіл қазақтың иен даласын жайлаған ашаршылықтың да шет-жағасын көрген жас өскін ол кезде небары бес-алты жаста ғана еді.

Өйткені, 1925 жылы 20 қыркүйекте, яғни, ай-күні жағынан тура осы бүгін Көкшетау облысы Чкалов ауданындағы Қарағаш ауылында дүние есігін ашқан бұл ағамыз да кеңестік заманмен келген небір жақсы-жаманның тірі куәгері болатын. Әкесі Көшпай Оспанов, анасы Үрлән, екеуі де колхозда жұмыс істеген, екеуі де өмірден тым ерте, бала Бүркітбайдың бұғанасы қатпай жатып кете барған. Сөз ретіне қарай айта кетсек, Үрлән апамыз Үкілі Ыбырайдың өзім деген ең жақын шәкірттерінің бірі, атақты Беркімбай әншінің әкесі Нұрымның жалғыз қарындасы екен. 1938 жылы әкесі қайтқанда Бүркітбай небары 13-те еді. Атамыз қазақ «он үште отау иесі» дегенмен, мынандай жағдайда ол ұғым қайда?! Оның есесіне жетімек бала сол жасынан, тіпті одан да ертерек колхоз жұмысына жегіліп, үлкендермен, өзіндей тұрғыластарымен шөп шапты, мая салысып, егін егісті, оның өнімін жинасты. Солай тырбана жүріп, сол кездің жаңа бір нышаны – білімге де ұмтылып, жеті кластық мектепті бітірді. Бұл ол кезде ауыл баласы үшін кәдімгі бірталай өз қатарластарынан озық тұрған ілгеріліктің белгісі еді.

Содан жер-жаһанға аты жақсы мәлім бола бастаған Кеңес Одағы деген  алып елдегі миллиондаған қатарластары сияқты бозбала Бүркітбайды да соғыс оты, соғыс дүрбелеңі күтіп тұрсын. 1943 жылы қақаған қаңтарда 18-ге толмай жатып, Отан қорғауға аттанды. Артында жылап-сықтаған ата-анасы қалмаса да, ел деген орманы, ауыл деген қорғаны, бауыр, туыс, ағайындары қалып бара жатты. Сол үшін де тұла бойындағы қайратын жауға түйілген жұдырықша жиып, басқыншы дұшпанмен ерлерше күресіп, тіресуге бекінді. Бірақ, өздерін батысқа ала жөнелген шойын жол неше апта ілестіріп отырып, барар жерлерін бұлар күткеннен басқа бағытқа, Қиыр Шығысқа қарай бұрып жіберген. Бірақ, мұнда да еліміз соғыс жағдайында еді. Жапон самурайлары бой бермей, бергі ішімізге қарай лап-лап қойып тұрған.

Сондықтан, Бүркітбай ағамыздың бұл жақта да қауіп-қатерге толы әскери өмірі соғыс жағдайындағы Қызыл Тулы гвардиялық атқыштар дивизиясының автоматшылар ротасында өтті. Осында 1945 жылдың тамыз айына дейін Қытай мен Корея шекарасында тұрып, ақыр соңында кәдімгі қанды қасап ұрыстармен сол кездегі Манчьжурияның астанасы Харбинді,  басқа да елді мекендерді жапон милитаристерінен азат етуге қатысты. Солай бұл азаматтық борышынан елге араға тағы төрт жыл салып, тек 1949 жылы ғана күзге салым капитан шенімен бір-ақ оралуы Бүркітбай Көшпаевтың бүкіл адамзат баласына сын болған осы арпалыста да өзін жақсы жағынан қалай көрсеткенінің нақты бір көрінісі еді.

Қазір әскерге барар бала, оның ата-анасы бір жылды да ауырсынары бар. Ал, от пен оқты көріп, алты жыл жүріп келген сол кездің адамдарына қайран қаласың. Әрине, басқа түскен соң пенде бәріне көнбек керек. Бірақ, сол кездегі қыңқ демейтін ерік-жігер, ел-жер үшін асқан патриоттылықты қайда қоярсың?! «Заманына қарай адамы» деген рас-ау. Осы маңдайларына ерекше тағдыр жүгі бұйырған Бүркітбай аға, ол кісінің замандастарын ойлағанда, «нағыз жаны сірі ұрпақ солар» десек, келіспей көріңіз.

Шетте ұзақ жүріп, елге енді ғана оралған майдан офицері бұл жақта да жаман бағаланбаса керек-ті. Араға ай салып, бүгінгі күні Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин ағамыздың есімін еншілеп отырған №3 қазақ орта мектебінің директоры солай бірден тәрбиеші, оған қоса, әскери жетекші етіп қағып алады. Ежелден талабымен тас жарған Бүркітбай аға осында өзі де кешкі мектепте оқып, он кластық білімге қол жеткізеді. Сөйтіп, әрі қарай тағы да оқуға деген құштарлығы жеңіп, Алматының С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің сырттай бөліміне түседі. Арада бес жыл өткенде экономист деген жоғары білімімен халық депутаттары Көкшетау қалалық Кеңесіне нұсқаушы болып жұмысқа қабылданады. Сол жерде кейін білгенін өмір тәжірибесімен ұштастыра жүріп, жақсы жағынан көзге түседі де, қалалық атқару Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына дейін жоғарылайды.

Бұл арада тек өзіне сенбесе, жалғыз жарынан басқа, тақа сүйенері жоқ Бүркітбай ағай осылай өз өмір жолын өзі қалыптастырды десе болады. Ал, құдай қосқан қосағы Рахима Темірбекқызы Есжанова әйел затының ішіндегі көркіне ақылы сай тектісі болатын. Ағамыз еңбек еткен №3 орта мектепке Алматы қыздар педагогикалық институтын бітіріп келген. Яғни, ел ішінде осы бір атауы сіңісті болып қалған ЖенПИ-дің алғашқы түлектерінің бірі еді. Сол Рахимадай жоғары білімді, мәдениетті де түсінігі мол жанмен көңіл жарастырған Бүркітбай ағаның бақ жұлдызы жар таңдау жағынан шынында да шырқау тұрғаны рас. Өмірдің бар ыстық-суығынан екеуі бірлесіп өтті. Қиын-қыстау кезде де, мәселен, маңдайларына біткен ұл балалары шетінеп кеткенде де бір-бірін қолтығынан демеді, бір-біріне тірек, сүйеу болды. Рахима апайдың бұлай сүйген жарының, былайғы жұрттың да ойынан шығып, әрдайым адам баласы, ұстаз деген аттың туын жоғары ұстай білуі туып-өскен ортасынан да еді. Әкесі Темірбек, ол да Ұлы Отан соғысының ардагері, көпті көріп, көңіліне түйген жандардың бірі болатын. Ал, анасы Қалима соғыс жылдары шеттен көшірілген Көкшетау механикалық зауытының оқ-дәрі шығаратын цехында күн-түн демей еңбек етіп, Ұлы Жеңіске бір адамдай өз үлесін қосқан.

Соғыстан кейін өзі тәрбиеші болған сол орта мектептің жетім, жағдайы жоқ балалар тұратын пансионында әкелері қан майданнан оралмаған талай қамкөңіл жеткіншекті маңдайынан сипап, жылы сөзімен жұбатқан Бүркітбай ағаның өзі енді басқа жұмысқа ауысса да, сол арада өзіндей болып Рахимасы жүргені жүрегін көп жұбататын. Жарынан өзіне мәлім мектеп тірлігін тағы бір сұрастырып біліп қоюдан жаңылмайды. Өйткені, жағдайы, тұрмыс-тіршілігі өзіне алақанындағыдай таныс сол балалардың тағдырына алаңдайды. Рахима апай болса, енді жан жарының да осы білім ордасына деген ықылас-пейілін, сүйіспеншілігін өзімен бірге арқалағандай, жас ұрпаққа білім, тәрбие беруде жыл өткен сайын жарқырап, танылған үстіне таныла берді. Әлі күнге ол кісінің өз оқушыларымен қарым-қатынасындағы жүрегінің нәзіктігі әрі керек жеріндегі қаталдығы, қазақи тәлім-тәрбие, жөн-жоба дегендегі ерекше бір есте қалған тұстары туралы көз көрген шәкірттері жарыса айтып отырады. Сол еңбегімен, ұстаздықты бүкіл өмірінің мәні деп білуімен осы мектептің оқу ісінің меңгерушісі деңгейіне дейін көтеріліп, бірнеше мұғалімдер съезі мен кәсіподақ съезіне делегат болды. «Халыққа білім беру ісінің үздігі» белгісіне қоса, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін омырауына тақты.

Солай өз ісіне шексіз сүйіспеншілігімен, жан-дүниесінің тазалығымен, жарына деген айрықша көңілімен осы Рахимасы тек қана қолдап, бар жағдайын жасауды білген Бүркітбай аға да содан өзіне біртүрлі қанат біткендей болып, кең пішілген мінез-құлқы, өз міндетіне жоғары жауапкершілігімен алар биіктерін ала түсті. Қалалық Кеңестен соң партия жұмысына ауыстырылып, Көкшетау облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің жетекші қызметкерлерінің бірі болды. Ал, 1973 жылдың тамызында сол кездегі Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков қаладағы ірі сауда мекемелерінің бірі «Казтекстильторг» базасына директорлыққа бекітті. Бұл ретте, Еркін ағамыздай әділетті басшыға өзі қызмет арасында көріп-біле жүріп, осы таңдауды жасатқан Бүркітбай ағамыздың бойындағы адалдық, сабырлылық пен сарабдалдық сияқты қасиеттердің жиынтығы екендігі де айдан анық еді.

Сол қызметті қашан зейнет демалысына шыққанша 13 жыл бойы ың-шыңсыз, бір қалыппен атқарып берген майдангер іші сезген адамға жұмысы әсте де оңай соқпас осы бір сауда орнын үлкенді-кішілі небір жоспарлы тексерістерден де, артық ауыз бөтен әңгімеден де тап-тұйнақтай, аман алып шығып, басқа қолға тапсырғанда ғана бір еркін тыныс алған. Өйткені, 1949 жылдан 1987 жылға дейінгі қырық жылға жуық еңбек өтілінде өзі үшін де, ар-ожданы үшін де үнемі қыл үстінде жүргендей болып ауыр тигені осы бір соңғы атқарған жұмысы еді.  Неге десеңіз, кешегі Кеңес Одағы тапшылық дегеннен ада болған ба?! Бұл «Казтекстильторгты» өздері көңілі кеткен тоқыма бұйымдарынан ананы сұрап, мынаны сұрап, қай басшы, қай олардың екінші жартсылары жағалатпады дейсіз. Әйткенмен, сол «оттың» ортасына түскен майдангерге мұның бәрі кешегі қан майданда көрген оқ пен оттан ауыр болып па?!

Бір уақ өткенге ой жүгіртпейтін адам болмайды. Сондайда өзіндік ерекшелігі бар бұл күрделі қызметті де қыбын тауып ойдағыдай атқарып, облыс сауда орындарын осы бір қажетті тауар түрлерімен жабдықтауда тіпті, республика бойынша алдыңғы орындардан көрінген сол бір ұмытылмас жылдар бертін зейнет демалысында жүргенде де талай жанын жадыратып, көңілін бір көтеріп қоятын.

Бұл күнде біз де Бүркітбай ағаның өз жан сыры, өз жүрек лүпілі болып толғансақ, бар саналы ғұмырының тарау-тарау жолдары тек ізгілікке, еліне адал қызмет етуге, сүйікті жарына деген сүйіспеншілікке барып тоғысатын сияқты. Олай болмаса, «Мына өмірде сен салған іздің, сен қалдырған істің өшпейтіндігінің куәсімін қазір. Өзің білім беріп, тәрбиелеген жүздеген, мыңдаған шәкірттерің сенің рухыңды, сенің есіміңді ардақтаумен жүр. О, сенің оқушыларың қандай азаматтар десеңші қазір. Өмірбек Бәйкенов, Рүстем Тілегенов, Әбу Сәрсенбаев, Тұрсын Бекенов, Төлеген Қажыбаев, Қаратай Бекқожин, Алтай Нұрқасымов, Айтқажы Қазбеков… Қайсыбірін айтайын. Бірі дәрігер, бірі ғалым, профессор, ақын…» деп бір уақ қалалық «Көкшетау» газетіне де жетпіске жетпей көз жұмған Рахима апайымыз туралы да терең тебіренбес еді-ау.

Ағаның өзі туралы да көзі тірісінде баспасөз беттерінде көп жазылғандығы ақиқат. Қолыма осы қаламды алып отырғанымда алдымда қазақша-орысша ондаған газет қиындылары жатыр. Қаржы маманы әрі Журналистер одағының мүшесі Совет Балтабаевтың жазған кітабы да бар. Жерлес, көрнекті қаламгер Төлеген Қажыбай ауылдас ағасының қаладан барып, елдегі 84 жыл тарихы бар ескі құдықты көненің көзіндей көріп жөндеп, жаңартып келгенін жырға бергісіз етіп суреттейді. «Арқа ажарында» жарық көрген мақала екенін дөп басып, шыққан күніне қарап едім, сейсенбі, 2004 жылдың 9 қарашасы екен. Туған жерге тұғыр болған қайран, ағалар-ай! Жақсы аға туралы сенің де өзіңше ой толғағың да келеді-ақ, осыдан кейін.

Тағдырдың дегенімен көз жазған жан жарын аңсап, кейде жалғызсырап жүріп, 2013 жылы өзі де бұл дүниеден озған Бүркітбай ағамыздың туған топырағы да сондай адам баласының асылы туса-туғандай қасиеті бір бөлек, құнарлы топырақ қой. Бұл елден атақты дін жанашыры Бабаназар қажы, қазақ әдебиетінің негізін қаласқан көрнекті ақын-жазушылар Жақан Сыздықов, Елжас Бекенов, сол Елжастың жастайынан ет тірліктерімен танылып, қазақ халқының тарихында есімдері қалған туған бауырлары Сүлеке, Кәкім, Кәрім Бекеновтар шыққан. Әйгілі Брест қамалының қорғаушысы Қажымұрат Сыздықовпен жалғасқан тағы бір қаламгерлік соқпақ бауыры Төлеген Қажыбаевқа қарай ойысады. Тек бір ғана ауылдың көлемінен шыққан осындай ауқымы кең небір игі жақсылар ортасында кеше де, бүгін де ойып тұрып өз орнын алып, еліне қамқор, жұртына жанашыр Бүркітбай Көшпаев ағамыздың да тұрғандығы шындық.

Осы облыс орталығының өз басында да кеуде толы марапаттарымен, «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» атағымен аға абыройы биік еді. Ел танитын, басшылар сыйлап, төрге оздыратын. Бүгінде ешқайсысы қалмай бара жатқан майдангерлер шоғырының бел ортасында Балташ Сейітов, Бүркітбай Батырханов сияқты дос-жарандарымен иық тірестіре, әлі де еңселі көрінетін.

Қол ұстасып, қолтықтасып, бірге өткен өмірлерінде жұптары жарасымды, ғұмырлары үлгі-өнегеге толы болған Бүркітбай Көшпайұлы мен Рахима Темірбекқызының күні кешегі тіршілік соқпағы шүкір, бұл күнде ұрпақтарымен әрі жалғасып жатыр. Үлкен қыздары Гүлнәрдің білім саласында алған асуларының өзі-ақ бұл ретте көп жайды аңғартып тұрғандай. Бұл да бір «ұрпақтар сабақтастығы» атты ұғымның шынайылығы шығар, табалдырығында ата-анасының аяқ ізі, қабырғасында ізгі мұраттары қалған сол Мәлік Ғабдуллин атындағы №3 қазақ орта мектебін жиырма жылдан астам уақыт бойы үлкен абыроймен басқарып тұруды Көкшенің қаншама қолынан іс келетін ұстаздарының ішінен басқаға емес, осы Гүлнәр Бүркітбайқызының маңдайына жазыпты. Әрі өзі мектеп басшылары арасында сирек кездесетін педагогика ғылымдарының кандидаты. Бұл үйдің балаларынан Гүлсән ғана басқа мамандықты таңдап, қашан зейнет демалысына шыққанынша тиянақты білімімен еліміздегі ең ірі «Алтынтау-Көкшетау» тау-кен байыту комбинатының белді бас экономисі болды. Ал, аяулы анасы мен апасының жолын қуған Алмагүл болса, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты. Бір кезде ата-әжелерін мектепте жақсы оқуларымен қуантқан Бауыржан мен Ақан да бұл күнде ат жалын тартып мініп, ел қажетіне жарап жүрген бір-бір білімдар азамат.

Бүркітбай ағамыз шыр етіп, мына дүние жарық есігін ашқалы зымырап өткен жүз жыл да оңай уақыт аралығы емес-ау. Ішіне талай жайды бүгіп жатқан бұл жылдар біздің арамыздан өздері ғайып болғанымен, жан-дүниемізде аяулы есімдері, жарқын бейнелері жатталған талай ардақтыларымызды көңіл көгінде жарқырата қалдырып кетті. Солардың ішінде тағдыр өлшеп берген ғұмырларында тек жақсылық атаулыны жандарына желкен ете білген Бүркітбай Көшпайұлы мен Рахима Темірбекқызының да жақсы аттары ешбір өшпейтіні анық.

Қайырбай ТӨРЕҒОЖА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар