28 ҚЫРКҮЙЕК – ЕҢБЕК КҮНІ
І. Еңбек күйі еселі
«Қараөзек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл күндері егістік алқабының 80 пайыздан астамын жинап үлгерді. Күн ашық болса, төрт-бес күнде дала жұмыстары толық аяқталмақ.
Ерте көктемде серіктестік 8150 гектар алқапқа дән сіңірген болатын, оның 2750 гектары зығыр, 1115 гектары жасымық, қалған бөлікке бидай мен арпа егілген. Майлы және бұршақ дақылдарын егуге себеп болған жай бағасының қымбаттылығы.
– Жасымықтың жасылын да, қызылын да ектік. Бабын тапсаң бұл дақылдар тәп-тәуір өнім береді, – дейді серіктестік басшысы Нартай Ысқақов, –бір жақсысы, суыққа шыдамды. Ерте көктемде де егуге болады. Қатты бидай мен арпаның өнімі жақсы. Шаруашылық 660 гектар жерге арпа егеді. Бұл арада бір айта кететін дүние, арпаның мал сүмесімен күн көріп отырған халыққа керектігі. Биыл көктен иіп, жерден беріп, арпа жақсы көтерілді. Қазір гектар берекесі 25 центнерден айналуда. Ал, бидай алқаптары гектарына 20 центнерден оралып тұр.
Осы арада «Қараөзек» серіктестігі басшылығының елге пана болып отырған игілікті ісі туралы сыналап айта кетудің реті келіп тұр. 2023-2024 жылғы қыс малсақ қауымға сынақ болды. Жаз ересен құрғақшылық болып жайылымдағы шөп көтерілмей қалды. Қыс ішінде жаңбыр жауып, жылқы тебіндейтін алқаптардың бәрі дерлік көк мұз болып қатып жатты. Төрт түліктің ішінде өз күнін өзі көреді дейтін Қамбар ата тұқымы қолға қарап қалды. Қыруар малға дайын тұрған жем-шөп жоқ. Қазақ жылқыға мал азығын дайындай қоймайды. Төңіректегі тәмам жылқы тілін тістеп аш қалып, көтеремге айналып, жуаны жіңішкеріп, жіңішкесі үзіліп жатқанда Қараөзек ауылының бір қотыр тайы шығын болған жоқ. Дәл осы тығырыққа тірелген сәтте Нартай Жұматайұлы келер жылғы егіннің пайын алыңдар деп жар салған. Тіпті, екі жылғы пайды да беремін, тек күн көріп отырған малдарыңды аман алып шықсаңдар болды. Ел қамын жеген ердің шынайы көңілі, ізгі ниеті еді. Арпа егуі де сол ел жайын ойлағандықтан. Өзге шаруашылықтардай емес, сабанын да сатпайды. Қажет болса керегінше жинап алыңдар.
Егінді егу бар да, өнімін өткізу бар. «Қараөзек» серіктестігі бірнеше жылдан бері чех компаниясымен бірлесе жұмыс істейді. Зығыр егеді. Чехтардың өз талаптары бар. Егістік алқапқа жоғары сапалы белгілі бір препараттарды ғана сіңіру керек. Егер өзге, арзанын сіңірсе, зығыр сапасы бүлінеді. Өндірілген өнім талапқа сай қапталып, тапсырыс берушінің көлігімен Еуропаға жөнелтіледі. Жұмыстың мұндай ырғағы тиімді. Өйткені, арада делдал жоқ. Өз еңбегімен өсірген өнімнің нақты құнын ала алады.
– Дақылдар ішінде тұрақты табыс беретіні бидай. Оны Петропавл қаласындағы «Сұлтан» макарон фабрикасы сатып алуда. Егістік алқапқа элиталық тұқым егеміз, – дейді серіктестік басшысы, – бұл орайда мемлекеттің көмегін ерекше айта кету керек. Элиталық тұқым құнының 70 пайызы бюджеттен субсидияланады. Үшінші репродукциядан төмен тұқымды ешқашан пайдаланбаймыз. Әр жыл сайын «Казагроқаржы» акционерлік қоғамының мемлекеттік бағдарлама желісі арқылы 2-3 астық комбайнын алуға мүмкіндік туып тұр. Жасымықты ору үшін арнайы жатка керек. Ол да осы мемлекеттік қолдаудың арқасында.
Биыл егін бітік шыққанымен, сапасы мақтанарлық емес. Дәннің нандық қасиеті күннің нұры аз түсуіне байланысты өспей қалды. Ылғалдылығын өздеріндегі кептіргіш құрылғы арқылы қалыпқа келтіруге болады. Бұл орайда кептіргіш құрылғыға қажетті жанар-жағар майдың литрін 254 теңгеден алуы көп-көрім көмек болып тұр, әйтпесе, нарықтағы бағасы 310 теңге.
Әйтсе де, шаруалардың алдынан кесе-көлденең шығатын қиындық енді басталмақ. Ол ала жаздағы еңбектің нәтижесін бұлдап сату.
– Өңірдегі ауыл шаруашылығы құрылымдары үшін бұл өте маңызды мәселе, – дейді шаруашылық басшысы, – маусымдық жұмыстарға қажет болғандықтан алынған несиені уақытында төлеуіміз керек. Мемлекеттік бағдарлама бойынша берілген қаржыны төлеу мерзімі барлығымызға бірдей. Қараша және ақпан айлары. Міне, осы уақытта алыс-жақын шетелдердің сатып алушылары өнімнің бағасын түсіруге ұмтылады. Біздегі бұл жағдайды Өзбекстан, Қырғызстан да, Түркия мен Еуропа елдері де жақсы біледі. Несие төлейтін уақыт жеткенде шаруалар амалсыздан сата бастайды, баға да түседі. Мысалы мен 400 миллион теңге несие алғанмын. Таяу арада төлей бастауым керек.
Былайғы жұрт жоғары өнім алса шаруа табысқа кенеледі деп есептейді. Бүгінде ақиқатын айтқанда, нарықтағы бидай бағасы жұмсалған қаражатты жабуға әзер жетіп тұр. Дәл осы кезде бағаны тұрақтандыру үшін құрылған «Азық-түлік» корпорациясы коммерциялық құрылым тәрізді жұмыс істейді. Серіктестік басшысының айтуына қарағанда, кейбір жылдары қомақты табыс тапқан.
– 2011 жыл берекелі болып, рекордтық деңгейде өнім жиналды. Көп болғаны не керек, бидайдың бағасы тоннасы 8-10 мың теңге болып қалды. Міне, осы кезде мемлекеттен бес миллион тонна астықты тоннасын 25 мың теңгеден сатып алуға шешім шығарды. Осы шешімнің арқасында ауыл шаруашылығы құрылымдары тығырықтан шығып аман қалды. Кейін астық бағасы өскен соң мемлекет сатып алған астықты қайта сатып пайда тапты, – дейді серіктестік басшысы, – қазір де осындай шешім шығарылса оң болар еді.
Төрткүл дүниедегі тұрақсыздық астық бағасына да әсер етіп тұр. Бұрын қомақты астық Еуропаға жөнелтілсе, қазір бұл тарапта да мәселе бар. Беларусия арқылы өтетін жүк көліктері үшін поляк шекарасы жабық. Міне, сондықтан, ішкі нарықтағы бидай бағасы арзан.
– Осының барлығын түйіндей келе, ауыл шаруашылығы мемлекеттің көмегінсіз бидай бағасын тұрақтандыра алмайды, – дейді Нартай Жұматайұлы, – өнеркәсіпте өзіндік құнмен пайда күні бұрын есептелсе, ауыл шаруашылығы бағаны болжай алмай отыр. Сондықтан, астықты тікелей мемлекет сатып алатын көлем көбейтілуі керек. Ал, біздегі бағаға трейдерлер мен алыс-жақын шет елдердің сатып алушылары әсер етуде. Міне, осындай жағдайда тек бидай дақылын ғана егетін шағын және орта шаруашылықтар шығынға батуы әбден мүмкін.
Астықты алқаптағы еңбек қарқыны күн санап үдей түсуде. Арқаның күзгі жауыны басталғанша ел ырыздығын тап-тұйнақтай етіп жинап алу керек.
Егінжайда
ІІ. Дархан дала диқандары
«– Ақын досым, нені көрдің, нені ұқтың? – Мынау дала майданы екен жорықтың. Қырмандарда сел боп аққан дән көрдім, Дән емес-ау, сел боп жатқан ән көрдім», – деп жырлап еді ғой осындайда жерлес ақынымыз Еркеш ИбраҺим.
Сап-сары боп теңіздей толқып жататын Сарыарқаның солтүстік қиырында ғайыптан тайып түсіп қалған бір шөкім көгілдір жақұттай көкөрім Көкшетаудың солтүстік күнбатыс беткейіндегі Зеренді алқабы сан ақындардың жырына арқау болған ғажайып өлке.
Қоңыр күз. Ала жаздай жүрекше жапырақтары самал желмен тербеліп, дархан даланың жырын оқыған ақ қайыңдар қоңыр күздің салқынымен сәл сарғыш тарта бастаған шақ. Ерсілі-қарсылы жүрген көп көліктің табанымен әбден тапталған алқаптардың арасындағы жалғыз аяқ жол теп-тегіс екен. Күні-түні ел ырыздығын тасып жорытқан дала ерлері тізгіндеген техниканың жолы. Әлгі жол аққайыңды алқапты өрлеп барып, көкжиекке сіңіп кетеді. Құтты ақық дәнді маңдай термен өсіріп жатқан дала ерлерінің армандай асқақ келешегі іспетті. Кеше жығылып атжалға түсірілген астық кеуіп үлгеріпті. Қайтқан қаздай тізілген комбайндар бастырып жатыр. Көш басында «Вектор 410» комбайны. Комбайншы Бауыржан Кәрімов.
Өз айтуына қарағанда, 1975 жылы механизаторлар даярлайтын курсты аяқтаған. Техника тізгіндеуге бала жасынан әуес. Әкесі айтулы жүргізуші, алдынан жұмыс үркіп отыратын еңбекқор адам болыпты. Ауыл-аймақта абыройлы аты шығуы да өз еңбегіне байланысты. Жарық дүниеге 8 перзент әкеліп әлпештеп өсірген ұлағатты ұяда балаларды еңбекке баулу дәстүрі берік қалыптасқан.
Үйелмелі-сүйелмелі төрт ұл асқар тау әкенің шаруаға деген ыждаһаттылығын, адал еңбекке деген құлшынысын сүйектеріне сіңіріп өскен. Үшеуі кейін әке жолын қуып жүргізуші мамандығын меңгерген. Біздің кейіпкеріміз Бауыржан жетінші сыныпты оқып жүргенде-ақ әкесіне көмектесіп осы бір абыройлы мамандықтың қыр-сырын игере бастаған. Техниканың ақауын дауысына қарап айыратын тәжірибелі әкесі жөндеу жұмыстарын бастағанда қолғанаты болып жүріп, өзі де үйренген. Бірте-бірте бозбаланың бойында техника тілін меңгерсем деген ұмтылыс пайда болған. Ал, адал еңбекке деген ынтызарлық қанда бар қасиет.
Ап-ауыр масақтарын көтере алмай басын төмен салған егінжайды көрмесе тұра алмайтыны бар. Мынау игілік тұнған жалпақ дала еңбек дүбірімен тебірене теңселіп тұрған шақта жарыс жолына шығатын хас жүйріктей шиыршық ататыны бар. Әнебір жылдары ауылдағы мектепте шаруашылық меңгерушісі болып еңбек етті. Дархан дала дүбірге бөленген көктемгі егіс пен егін орағы кезінде байыз тауып отыра алмайды. Дән иісі аңқитын далаға қарайды, теңіздей толқып жатқан егін алқаптарын сағынады. Ақыр соңында «Қараөзек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Нартай Ысқақов қайта-қайта қолқалап шақырған соң көне кәсібіне қайта оралған.
–Қазір Бауыржан күніне жүз тоннаға дейін астық бастырады, – дейді серіктестік басшысы, – жұмысты аянбай, бар жан-тәнімен істейтін адал адам. Жалпы ұжымдағы жігіттердің бәрі қолдарынан іс келетін білікті мамандар.
Еткен еңбегіне орай комбайншының айлық табысы екі миллион теңге болады екен. Көктемгі егіс кезінде де осындай табыс табады. Түскі, кешкі астары тегін. Мал азығы және бар.
–Еңбекақымыз уақытылы төленеді, – дейді Бауыржан Кәрімов, – жаз бойы қарап отырмаймыз. Егінді баптаймыз, пар жыртамыз, ал, қыста Сәкен Сейфуллин ауылдық округінің жолдарын қардан тазалаймыз. Ол кезде де айына 300 мың теңге еңбекақы аламын. Сіз сұраған соң айтып жатқаным ғой, әйтпесе, мына алқапқа қараңызшы, бір тал арамшөп жоқ, тап-таза. Егер нансаңыз мен осындай алқапты жан-дүнием рахаттану үшін тегін шауып берер едім. Елдің ырыздығы мелтектеп тұр емес пе?! Комбайн шнегінен алтын астық ақтарылып көлікке құйылған кезде көңіліңді бір рахат сезім билейді. Қазіргі комбайндар мықты ғой. Бұрынғы «Сибиряк», «Нивалардан» сыздықтап ақса, бүгінгі қуатты комбайндардан ақ маржан ақтарылып түседі.
Сәлден соң 12 комбайн жорық жолын жалғастырды. Десте қуалап, қырдан асып барады. Дала дүлбірін көңіл қойып тыңдасаң, күй іспетті. Еңбек күйі.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
Зеренді ауданы.
![]()

