28 ҚЫРКҮЙЕК – ЕҢБЕК КҮНІ
«Еңбек – ырыс қазығы» болса, адамның еңбегі, яғни, маңызды нәтижеге жету үшін атқаратын жұмысы табысқа жетудің негізгі шарты екендігін білдіреді.
Еңбек арқылы адам маңдай терінің жемісін көріп, елге ырыздық сыйлайды.
Теміржол саласында аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмаған. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Сондай жанның бірі – еселі еңбегімен ел ықыласына бөленген Бауыржан Сұлтанұлы Бекішев десек артық айтпаспыз.
Бауыржан Бекішев – көптің құрметіне бөленіп, теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған еңбек адамы. Ең алғаш қызметін 1983 жылы «ПМС» кәсіпорнында жас маман болып бастаған. Сол кезден бастап Бауыржанның теміржол саласындағы табысты еңбек жолы жалғасын тапты. Еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түсті. Өз ісінің нағыз маманына айнала білді. Осы салада 42 жыл бір орында еңбек етіп келеді. Білікті маманның көп жылғы еселі еңбегі елеусіз қалған емес. Теміржол саласының дамуына қосқан ерен еңбегі үшін «Теміржол саласының үздігі» марапаты табысталған. Сонымен қатар, темір жол басшыларының Алғыс хаттарымен марапатталған.
Елге сыйлы, халқына қадірлі Бауыржан Сұлтанұлы әрқашан да құрмет төрінен аласарған емес. Өз ісіне деген асқан жауапкершілік пен мамандығына деген сүйіспеншілік бүгінде оны биік белестерге жетелеуде. Елдің адал еңбекпен көркейетінін ескерсек, еңбек адамының қоғамда алатын орны қашан да ерекше, абыройы биік.
Бауыржан ағамен де солай. Халық еңбекке құштар болса, ел ырысқа кенеліп, еліміздің ертеңі жарқын болмақ. Сондықтан, қазақтың әрбір жалынды жасы Бауыржан ағамыздай ісіне адал, еңбекқор болса құба-құп.
Райхан ТҰРЛЫБЕКОВА,
Станционный үлгілі кітапханасының кітапханашысы.
Көкшетау қаласы.
![]()

